Балалардың қылқаламы мен жүйрік қиялынан туындаған әр туындының орны ерекше. «Талдықорған қаласы білім бөлімі» ММ «Балалардың көркемсурет мектебі» МКҚК-ЮНЕСКО клубы   талай талапты балалардың талабын ұштап,  қанаттандырып келеді. Бояулар сиқырына қанығып жүрген оқушылардың ішінде Айша Сабыржанқызы  да бар. Ол бұл жерде 4-курста оқиды. Ол-еліміздегі ғана емес,  әлемдік деңгейдегі   байқауларға  қатысып, көзге түскен жас суретші.

 «Қаламыздағы шоқтығы биік  білім ордаларының бірі Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысымын. Жасымнан бояуға әуес болдым. Ал, 12 жасымнан әртүрлі композициялар мен атақты адамдардың портреттерін салдым, өз қиялымнан әртүрлі тақырыпта суреттерді бояуға түсірдім. Алғашында мен өз бетіммен суреттер сала бастадым. Бейнелеу өнерінің қыр-сырын  көркемсурет мектебінде одан әрі шыңдап келемін. 2020 жылдан бері ЮНЕСКО клубының мүшесі болдым. Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің ескерткіштерін қорғаушы атандым,-дейді Айша.

Күні кеше Айша Сабыржанқызы  Ресей Федерациясында, Мәскеуқаласында өткен «РОСПИРО ДНАДЗОР» қолдану саласы бойынша федералды қадағалау қызметі   ұйымдастыруымен өткен   халықаралық байқаудан жүлделі  3-орын иеленгенін естіп қуандық. Бұл  байқауға  әлемнің   27 елінің балалары мен  жасөспірімдері  сурет, жоба, мультик, акция, челлендж түрінен жұмыстарын ұсынып,   6 мыңдай  жұмыс сараланыпты.  Осы «Экология-әркімнің үлесі» атты халықаралық жобаға Қазақстанның атынан қатысып, байқау шартына сай Жетісу өлкесінің бай табиғатын бейнелеп, оны видеоролик түрінде дайындап жібереді. Оның ішінде өзінің туған қаласы Талдықорғанның қандай таза шаһар екендігі, табиғаты, тыныс-тіршілігі  арқау болады.  Осылайша, Қазақстанның бай табиғатын  картиналар арқылы сөйлете білді. Анасының айтуынша, 6 мыңнан астам жасөспірімдердің жұмысын саралау сарапшылар үшін де оңайға түспеген тәрізді. Мақсат бұл жерде біреу- кіл мықтының арасынан кім мықтыны анықтау  болатын.

Айшаның талантын   көре  білген әділқазылар алқасының  төрайымы,РФ Премьер-министрінің    орынбасары Виктория Вальеревна Абрамченконың шешімімен  Қазақстанның атынан қатысушы Айша Сабыржанқызының 3 орынға ие болып, әрі арнайы сыйақы тағайындалғаны онлайн хабарланды. Қазіргі пандемиялық шектеулерге байланысты марапаттау кейінге шегеріліп отыр.

Айшаның анасы Айжан Амантайқызының айтуынша, басында үйде отырып, сурет сала бастаған қызының бойындағы  талантын қалай да көрсету керек екенін түсінеді. Оның үстіне сурет салғанда бойындағы дертті ұмытып кететін, арт-терапия болды. Сондықтан да,  көркемсурет мектебіне барып, арнайы білім алуды мақсат тұттық. Бұл жерде Әлия Бакирова Айшаның қылқаламға деген құштарлығын көріп, таңғалды. Өздеріндегі мамандармен ақылдасып, бірден оқуға қабылдапты.

 Иә,  қаламыздағы көркемсурет мектебінің оқушысы Айша  балалар арасында  ұйымдастырылып жүрген   халықаралық  көркемсурет  байқауларына жетекшісі Әлия Бакированың үкілеумен  қатысып келеді екен.

 Айтар болсақ,   жас талант  бірнеше   әлемдік деңгейде өтіп жатқан  байқауларда  өз өнерін барынша көрсетуге тырысып, шеберлігін таныта білген.

Әлия Бакирова, тәлімгері: «Айша  Сабыржанқызы өте талантты суретші дер  едім. Ол тума талант.Түрлі байқаулардан алған марапаттарының өзі 75-тен асады.Әр халықаралық байқауларға жіберілетін жұмыстарын  белгілі суретшілер, әр мамандық иелері саралайды емес пе? Солардың көзіне түсіп жатқан қызымыздың талабын ұштауға  көмегімізді аямаймыз. Оның әр жеңісіне бірге қуанамыз. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген тағы бар ғой. Шәкіртіміз басқа елдің балаларынан талантымен дараланып жатқандығына  қуанамыз».

 Жас талант әлемдік деңгейде өтіп жатқан бәсекелерде суретшілер арасында топ жарып үлгерді. Мәселен,  Болгариядағы өнер шығармашылық байқауда 2-орын алса, жалпыресейлік «Ресей күні-2021»-де және Беларусь,Қырғыз  елінде өткен жас таланттар шығармашылығында 1-орынды иеленді.Бұлардан басқа да шетелде онлайн өтіп жатқан конкурстардың нәтижесін күтіп жүр.Айша өз  жұмыстарын  Жапония, Египетке жіберіп қойған. 2020 жылы Санкт-Петербург қаласында  өткен «Қазақстанның ең үздік баласы» атты сайыста 1 орынның дипломы мен «Үздік бала» медалін иеленді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру »бағдарламасы бойынша Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына орай  өткен  жобаға қатысып, бірінші орын алады.  Тағы да айтар үлкен жеңісі бар.Ол-2021 жылдың 1 мамырында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жарияланған мақаласына орай  «Bilim-Orkeniet» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу  орталығының республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлдеге ие болады әрі жетекшісі екеуі  төсбелгі алған болатын.

Сол байқаудың қортындысында жүлделі орынға иеленгендердің жұмысы «Қазақстанның ғажайып жауһарлары» кітабына енгізілді. Айшаныңсуреттері сол жинаққа енді.

«Менің әр жеңісім қуантады әрі өмірге құштарлығымды арттырып, күш береді. Күресуге рух береді, сурет салу мені қанаттандырады»,-дейді шығармашыл жас.

Қазіргі кезде республика бойынша өз жетістіктерін жазған талапкерлердің ішінен Айшаның  эссе жұмысы қазылар алқасы тарапынан  жоғары бағаланып, «100 үздік дарынды оқушы» жинағына енгізіп отыр.

Жас суретшілер арасында шеберлігімен көзге түскен жас өрен Айша  Сабыржанқызы ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтап, Талдықорған қаласының және де Алматы облысының, Қазақстанның  атын шығарып, абыройын асқақтатып келеді.

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK