Ел боздақтарын еске алды

153

Биыл  Кеңес Одағы әскерлерінің құрамында болған 602 батальонның Ауғанстан жерінен шыққанына 40 жыл. Осыған байланысты Талдықорған қаласында ел боздақтарын еске алуға арналған арнайы іс-шара өтті. Қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруында өткен еске алу салтанатына сол құрамда болған жауынгерлер олардың отбасы мүшелері және өңірдегі өзге де саланың өкілдері қатысты.

Мамандардың мәліметінше, кезінде Ауғанстан соғысына қазақ даласынан 22 мыңнан астам азамат аттанса, оның 3701 жауынгер Жетісу жерінен. Жалпы соғысқа барған азаматтардың  924-і сол майданда қаза тауып, 21 адам із-түзсіз кеткен.

Аталған іс-шара қала орталығындағы саябақта жетісулық Ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойып, өңірдің бас имамының соғыс құрбандарының рухына құран бағыштауымен басталды.

Жиналған қауым алдында сөз алған аймақтағы «Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің» және «Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ержан Данабеков:  – «Бұл соғыс Ауғанстан жеріне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған азаматтар үшін өте ауыр болды. Себебі, талай жас қыршынынан қиылып, мыңдаған шаңыраққа қайғы әкелді.  Мен өзім осы 602 батальонның құрамында болып сол бір қанды майдан, қарулы қақтығысты көзбен көрдім. Соғыстың аты соғыс. Сол шайқаста біраз адамдар көз жұмып, біраз жігіттер өмірлік мүгедектік күйге түсті. Тән жарасы жазылғанмен жан жарасы ешқашан жазылмақ емес. Біздің қатарымыздағы екі бірдей саптасымыздың сүйегі жат ел, жат жерде қалды. Біз әр жылы сол боздақтарды еске алып, олардың ерлігін жастарға үлгі етіп келеміз. Бүгінгі бастама ауған соғысы ардагерлеріне, соғыста қаза тапқан боздақтарға және олардың жанұясына  деген үлкен құрмет. Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, енді ешқашан соғыс болмасын», – деді.

Осыдан соң шаһардағы оқушылар сарайында жалғасқан басқосуда Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы халықтың бас амандығы мен Отанның тұтастығын қорғау жолында қыршын жанын қиған боздақтардың ерен ерліктерін атап өтіп, олардың есімі мәңгі ел есінде сақталатынын жеткізді. Осы орайда бірқатар азаматтарға арнайы төсбелгі табыс етілді. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына сәйкес майдан даласын еске түсіретін патриоттық әндерді орындауға ұласты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз