Рухы биік, бірлігі мығым Мәңгілік ел

322
Дереккөз

Тәуелсіздік – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен ұлы күн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!»- деп, мемлекет тағдырына деген сенім пен жауапкершілік, халықтың ерік-жігері біздің ұлтымызды біріктіргенін атап өткен болатын.

«Тәуелсіздік — халыққа қанат бітіретін құндылық. Мұндай баға жетпес байлық кез келген халыққа бұйыра бермейді. Оған қол жеткізген күннің өзінде де бәрі бірдей игілігін көре алмауы мүмкін. 1991 жылы біз қанатымызды кеңге жайып, жарқын болашаққа қадам бастық». Тәуелсіздік алған жылдан бері бәсекеге қабілетті экономиканың негізі қаланды, осылайша Орталық Азия өңірінде көш бастап келеміз. Басталған реформалар жалғасын тауып, тұрғындарға ыңғайлы орта қалыптастыру, білім, денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуді жақсарту, цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын  білдіретін, мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі болып саналатын мемлекеттік рәміздеріміз айшықталды. Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерінің көрінісі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының салиқалы саясатының нәтижесі.

Дереккөз

Мирас Ертанов: Тәуелсіздігімізге қол жеткізген тұста  төл рәміздеріміз: Ту, Елтаңба, Әнұран дүниеге келді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң  қабылданды. Бұлар мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі.  «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі — көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары барлығымызға таныс. Осы бір ауыз сөздің астары қаншама құндылықты сипаттайды десеңізші?! Туымыздың тұғырынан түспей желбіреп тұруы кез келген осы елдің азаматына ұлттық рух береді. Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Бабаларымыз ғасырлар бойы қорғаштап, сақтаған қасиетті туған жеріміз — бірінші құндылығымыз»-деген еді. Қазақстан – тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, үміті мен сенімі ақталып, бейбіт ғұмыр кешудеміз.  «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының бүгінде  келешегі кемел, болашағы жарқын.

Дереккөз

Әсем Қалибек: Отан деген қасиетті ұғым  – Ту, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Бұлар – Қазақстанның жаңа тарихының  парағы. Біз тұғыры биік Туымызбен, айбынды Елтаңбамызбен, асқақ Әнұранымызбен әлемге танылдық. Желбіреген байрағымыз халық арманын асқақтатып, қашанда еліміздің рухын биікке көтеріп, Отанымыздың абыройын асқақтатты. Қарға тамырлы қазағым тәуелсіз мемлекетте  тату-тәтті, бейбіт күн кешуде. Ата-бабамыздың қасық қаны қалғанша күресіп, бізге мұра еткен ұлы даламызда өмір сүріп, еңбек етудің өзі үлкен бақыт. Жиған білімің мен біліктілігіңді, маңдай теріңді өз атамекеніңнің гүлденуі мен мүддесі  жолында сарп еткен абзал. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы болады. XXI ғасыр еңсесін тіктеген еліміздің ойы ұшқыр, білімді, дарынды, жігерлі жастарына тиесілі. Жаңа ғасырдың перзенттері еліміздің туын көкке көтеріп, мәртебесін асқақтатары сөзсіз.

Дереккөз

Гүлниса Абдурахманова:  Тәуелсіз – әлемдегі ең құдіретті сөз, ел еркіндігі. Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы.  Қазақстанның  тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына биыл — 30 жыл. Осы уақыт аралығында өзінің әлемде  дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз, зайырлы елге айналды. Біз,  өскелең жас ұрпақ,  жастар, тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз. Азат елде еркін өмір сүріп жатқан біздер, шынайы бақытты жандармыз.  Осы еркіндікті баянды ету біздің басты мақсатымыз әрі міндетіміз деп білемін. Әлемге аты жайылған осындай елдің тұрғыны болу  мен үшін үлкен мақтаныш. «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат». Бекер айтылмаған. Шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап кез келген адам баласы үшін туған жері ата-анасындай қымбат-ақ. Бала кезімнен әнші болуды, ел мерейін үстем ету көңіл түкпіріндегі армандарымның бірі болды. Осы сәттегі жеткен жетістіктерімді ауыз толтырып  айта аламын. 2018 жылы қаламыздағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің түлегі атандым. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында  хорда дирижерлік ету бөлімінің 4 курс студентімін. Сонымен қатар, 10 жылдық тарихы бар «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінде жеке дауыстағы әнші қызметін  атқарудамын. Жуырда  өзім жетекшілік етер қазақтың әнін ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен орындайтын этно стильдегі  «Кәусар» триосының  тұсауы кесілді. Осылайша өскелең ұрпаққа қазақ өнерінің мән-маңызын жеткізу, төл өнерімізді дәріптеу мақсатындағы жұмыстар жүзеге асуда.  Бүгінгі күні еңбек етемін, арманымды жүзеге асырамын деген жанға барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұның барлығы береке-бірлігі өзара жарасым тапқан бейбіт елде өмір сүріп жатқандығымыздың арқасы. Алдағы уақытта да қазақ елі талай биік белестерді бағындыратынына сенімім мол.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK