Наурыздың нақыштарын нығайтайық!

861
Дереккөз

Көктемгі күннің шуағы айналаны жылытып, дархан дала қар құрсауынан арылып, самал желдің өзі үлкен бір мерекенің болатынын сездіргендей. Осылайша, әлемнің жердегі тіршілігі жанданғанын айшықтай түсетін ұлыстың ұлы мерекесіне де санаулы күндер қалды. 2018 жылдың мұндай үлкен мейрамын қазақ елі қандай деңгейде атап өтпекпіз?

Наурыз айында күн мен түн теңеліп, жер әлем ұйқысынан оянып, табиғатқа жан бітіп, жаңа жылдың басталғаны анық көрініс табады. Төрт түлік көкке жетіп, адам ауызы аққа тиіп, түрлі тағамдар әзірленіп, қыстан аман шыққандығына шаттанған жұрт айналасымен қуанышын бөлісетін уақыт. Бұл-бес мың жыл тойланып келе жатқан Орта Азия елдерінің дәстүрге айналған мерекесі. Қазақ елі үшін де ежелден маңызы зор. Алайда, мән- мағынаға бай көне мерекеміз дәрежесінде аталып өтпейтіндей көрінеді. Тек бірер сағаттық өзіміздің көшпелі мәдениетімізді еске түсіретін қойылымдармен шектеліп қалатындаймыз. Халықаралық мейрам деп айтқанымызбен қатысушылар мен көрермендер болып екіге бөлінгеніміз байқалады. Бір күндік құрылған бұрынғы қазақ ауылының ішін аралап, ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрімізді бір мезетте санамызға тоқып қайтамыз. Ойлап қарасақ, барлық мәдени мұраларымызды қас-қағым сәтте өзімізбен бірге басқа да ұлттарға көрсетіп, келесі жылы тағы да осыны қайталаймыз. Қашанғы тоталитарлық жүйенің ықпалымен мерекемізден 62 жыл қол үзгенімізді сылтау етпекпіз? Наурыз тойымен қайта қауышқанымызға 30 жылдай болып қалғанымен осы аралықта заманға сай боларлықтай бірде-бір өзгеріс енгізілмегені өкінішті. Сол баяғы сахналық бірізділікпен атап өтіп, ал басқа әлемдік мерекелерді шарықтау шегіне жеткізіп тойлатуымызға құлшынысымыз басым екені жасырын емес.
Осыдан екі ай бұрынғы қаңтардың біріне қараған түнді есімізге түсірейік. Оқуымызды, жұмыстарымызды ысырып тастап, үйге асықтық. Жақындарымызбен дастархан басында отырып, сағат тілінің қозғалысын аңдып, 12 — ден аса бергенде құттықтаулар мен болашаққа тілектер айттық. Түрлі тағамдардан ауыз тиіп мәз-мейрам болдық. Дос-жарандармен қуанышымызды бөлісу үшін қонаққа барып, аспанды жарардай шыққан от- шашудың дауысы санамызда қазірге дейін жаңғырып тұрған шығар?
Мұндай ықыластың төл мерекемізге келгенде оянбайтынына таңданасың. Себебі, Наурызға деген құрметтің барлығы жыл санау жүйесіне негізделген жаңа жылға сол бір кесірі тиген 62 жыл ішінде ауысып кеткен. Бұлай жалғаса бермеуі үшін төл мерекеміздің қадірін арттыру мақсатында мән-мағынасын бұзбай, жаңартулар енгізіп, өз бойымызда мейрамға деген шынайы құрметті арттыра түсуді ойластырған дұрыс болар. Қатарластарыма жаңаландыру бойынша сұрақ қойғанымда оларда бұл мәселеге байланысты тың ұсыныстардың көптігі қуантты. Әз Наурыздың қадірін қарапайым заттардан бастағанның пайдасы әлде- қайда мол. Мәселен, acheter cialis ең алдымен қар еріп, қара жер көрінген сәттен маңайымызды тазартып, ұлы тойға қамдану шараларын алға қою керек. Мерекенің септігімен көптеген көшеттер отырғызып, айналаны көгалдандыруды қолға алған жөн. Мейрам болып тіркелген үш күнмен шектеліп қалмай, көктемнің алғашқы күнінен бастап ұлттық ойындар, жарыстар ұйымдастырып, сол шараларды тек өзіміз ғана тойлап қоймай, ұлтаралық деңгейде өткізуді қарастырайық.Бір күні ақындардың айтысы болса, екіншісінде аламан бәйге, үшіншісінде палуан күрес, көкпар, қыз қуу, асау үйрету, алтыбақан, тағы осыған ұқсас мәдени мұраларымызды паш етуге болады. Сондай-ақ, қобыздан, жетігеннен, домбырадан шыққан ерекше үн кімді де болсын бейжай қалдырмас. Мұндай шараларымыз ауқымды болып өткізілер болса, шетелден қызыққан қонақтар келіп, тіптен ат салысуы әбден мүмкін. Осылайша, өзімізбен қоса өзгелерге де құндылықтарымызды көрсете алар едік. Қайырымдылық жасау, тағы сол сынды шын мәнінде қоғамға қажет игі істермен толықтыра түссек, тіптен жақсы. Наурыздың ажырамас нақышына айналған наурыз- көженің қатарына ұлттық тағамдар қосуға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар балаларды қызықтыру үшін көктемде ең алғаш болып бой көтеретін бәйшешектің сұлбасын сол сүйкімді қалпында үлкен көлемде жасап, қала орталықтарына орнатуға да болады. Наурыз кейіпкерлері ретінде 12 жылдың жануарларын тірілтіп, жер киесі Ұмай ананы қоссақ, бүлдіршіндердің санасына мейрам ерте жастан тезірек енер. Сөйтіп, бір қуаныш екіншісіне ұласқан түрде күн мен түннің теңелетін уақытына дейін жалғасып, 21-нен 22-іне қараған түнінде жақындарымызбен бірге отырып, жылдың алғашқы таңын қарсы алсақ, қандай керемет.
Мұндай ойларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан он шақты күнге демалыс сұрап, жеңілдіктер іздеудің қажеті жоқ. Тек халық арасында дәстүрге құрмет, мейрамға деген шын ықыластың болуы жетіп жатыр. Наурыздың нақыштарын нығайтқанда ғана кең даланы дүбірлетіп, қалың жұртты елеңдеткен келесі келуін ел сағынатын ұлыстың ұлы айы өз деңгейінде дүркіреп өтері сөзсіз.

Мадияр Тоқан, ЖМУ-дің студенті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK