Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматыда Алматы облысының ауылшаруашылығы өнім өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл бастама қымбатшылықтың алдын алып, қала тұрғындарын отандық табиғи әрі таза өнім түрлерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Қаладағы «Астана» алаңында өткен жәрмеңкеге аймақтың 17 ауданы мен 3 қаласынан  жалпы құны 174,8 миллион теңге болатын 455 тонна ауылшаруашылық өнімі жеткізіліп, саудаға салынды.

Базарға шығарылған азық-түліктер Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев бастаған жұмыс тобының жіті қадағалауында болды. Атап айтсақ, жәрмеңкеде 36 тонна ет, 21 тонна сүт өнімдері, 114,7 тонна көкөніс, 38 тонна жеміс-жидек, 16 тоннаға жуық балық  пен 38 тоннаға жуық картоп және басқа да тауарлар саудаланды. Басты ерекшелігі – ондағы заттар күнделікті базар бағасынан 10-15 пайызға арзан  және сапалы.  Шараға  Талдықорған қаласының тауар өндірушілері де  атсалысып, өз өнімдерін ұсынды.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Секенұлының айтуынша, Алматыда өткен жәрмеңкеге жалпы Жетісу жерінен ет, сүт, құрт, ұн, май,  күріш, балық, қымыз, шұбат, бал мен қант, құс және сүт өнімдерімен қатар жеміс-жидектердің 50-ден астам түрі шығарылған. Соның ішінде талдықорғандық шаруалар әр түрлі заттардан 20 тоннаға жуық өнім түрін сатып қайтқан. Оның арасында қой, сиыр, жылқы, балық еттері, көкөністер  мен жеміс-жидектер, сүт және құс өнімдері бар.  Мәселен, бұл жолы алматылықтарға арзан бағамен саудаланған сауда сөрелеріне  Талдықорғандағы «Көгер LTD» құс фабрикасында өндірілген 7600 дана жұмыртқа, «Овощепром», «Жерұйық-Талдықорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 11 тоннаға жуық көкөністері мен жеміс-жидегі, «Лазат», «JLC»  өндіріс орындарының  2 тоннадан астам  сүт өнімдері және басқа да кәсіпкерлер жеткізген 6 тонна мал еттері  қойылған.

Алматы тұрғындарына арзан бағамен ет өнімдерін саудалап қайтқандардың бірі – талдықорғандық Теміргүл Мұратбекова. Кәсіпкер: «Мен жолдасым екеуміз 1996 жылдан бері Талдықорғанда  мал семіртіп ет сатумен айналысып келеміз. Табысымыз да жаман емес. Өзім жыл сайын Елордада, Алматыда тағы  басқа жерлерде ұйымдастырылатын ауылшаруашылық жәрмеңкесіне барып, мал етін сатып қайтамын. Осы жолы Алматыдағы жәрмеңкеге 2 жылқы, 16 қойдың етін алып барғам. Онда қой етінің бір келісін 2000 теңгеден, жылқы етін 2 мың 400 теңгеден саудаладық. Барлығы өтіп кетті. Жалпы, талдықорғандық кәсіпкерлердің өніміне сұраныс өте жоғары болды.  Алматы тұрғындары біздің малдың  етін, Жерұйық-Талдықорғанның көкөністері мен алмасын, «Ақ құс» фабрикасының жұмыртқасын, «Лазат» кәсіпорнының сүт өнімдерін таласа сатып алып, өз ризашылықтарын білдірді», — деді.

Ал, «Жерұйық-Талдықорған» серіктестігі облыс орталығында  азық-түлік өнімін өндіріп, сақтап,  сатып отырған белді кәсіпорындардың бірі.  Бұл орталық 2011 жылы қараша айында Талдықорған қаласы әкімінің №30-1186 қаулысына сәйкес «Жерұйық-Талдықорған» АӨК ЖШС деген атаумен қайта құрылған. Қазір онда жалпы ауданы 6900 шаршы метрді құрайтын коммуналдық базар мен қос қабатты ғимарат жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге бағытталған 25 гектар алқапта суармалы алма бағы, жалпы сыйымдылығы 6 мың тонналық 3 көкөніс қоймасы және тағы бір жылыжай кешені бар. Жылыжайда өсірілген және қоймада сақталған өнімдер қысы-жазы қала халқының азық-түлік қажетін қанағаттандыру үшін үнемі арзандатылған бағамен саудаға салынып келеді.

 Алматы жәрмеңкесіне сатылымға шығарылған өнімдер арзан да сапалы болып шаһар  тұрғындарының көңілінен шықты. Ол қала халқын сапалы азық-түліктермен қамтамасыз етумен қатар зат бағасының беталды шарықтап кетуінің алдын алуға  мүмкіндік береді. Мұндай  шаралар жиі өткізіліп тұрса, қарапайым халық үшін де үлкен қолдау болар еді, -дейді тұтынушылар.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығы Талдықорған қаласына қарасты 360-тан астам шаруа құрылымдары мен  22 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Оның ішінде 6 шағын наубайхана, 1 шағын диірмен, 2 шұжық, 1 макарон цехы, 3 сүт зауыты, 1 құс фермасы, 4 мал азығын дайындайтын орын, 3 мал және құс сою алаңы мен 1 мал сою пункті жұмыс жасайды. Жыл сайынғы мал басының  артуы да  қарқынды. Қазір өңірде 3300-ден астам жылқы, 7000-ға жуық сиыр, 27 мыңнан астам қой-ешкі,  30-ға тарта түйе,  1,7 миллион басқа жуық құс өсірілуде. Мұндағы төрт түлік малға арналған арнайы жайылымдық және жем-шөп өсіретін шаппалық жерлер бар. Осы арқылы әр шаруашылық иелері малын бағып, шаруасын дөңгелетіп келеді.

 Аймақтағы шаруалардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Талдықорғандық шаруалар егін егуге тиісті жер көлемі 6500 гектарға жуық. Оған арпа, бидай, жеміс-жидек, басқа да  майлы дақылдармен бірге өңірдің төл өнімі – қант қызылшасын себу көзделген. Соның ішінде 2716 гектар жерге майлы дақыл, 937 гектар алқапқа күздік бидай, арпа, жүгері, рапс сынды дәнді дақыл себу және 350 гектарға қант қызылшасын егу жоспарда. Сонымен қатар картоп 620 га, мал азығы 676 га, көкөніс пен басқа да бақша өнімдері 1158 гектар жерге өсірілді. Жиналған өнім көрсеткіші де жоғары. Мәселен, үстіміздегі 2021 жылдың алғашқы тоқсанында тірі  салмақтағы  824 тоннаға жуық мал мен құс сою орындарына жіберілсе, 760 тонна сиыр сүті зауыттарға өткізілген. Сондай-ақ, 91877,4 дана тауық жұмыртқасы сатылымға шығарылған. Соның нәтижесінде  үстіміздегі жылдың өткен 10 айының қорытындысы бойынша қалада 22,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көрсеткіш 102,8 пайызды құрады. Бұл тағы жоғарылап жыл соңына дейін 25,0 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK