Талдықорғанда «Жетісу – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы» қолөнершілер этнофестивалі және «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесер көрмесі өтті.  Көрмеде Алматы облысының 30 қолөнершілері мен шеберлері киізден, жібектен, былғарыдан, табиғи және зергерлік тастардан жасалған әртүрлі қол бұйымдарын, сондай-ақ құрал-саймандарды, кондитерлік бұйымдарды ұсынды.

Іс-шара басында Қазақстандағы АҚШ Бас консулының баспасөз, мәдениет және білім мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришна бейнеүндеу жасап, Бас Консул Кэролайн Саваж атынан фестиваль қатысушыларына сөз арнады, сондай-ақ қазақстандық актриса, «Томирис» тарихи фильмінің басты рөлін орындаушы Альмира Тұрсын бейнеүндеу жасады.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтары алдында облыстық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы, Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықова, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, қолөнерші Анаргүл Норботанова және ақсақал Серік Бәкіров сөз сөйледі.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын іске асыруға және экономиканың креативті секторын дамытуға бағытталған. Этнофестиваль «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығының» ұйымдастыруымен Алматы облысы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен, «Жетісу» ӘКК» Өңірлік даму институтымен, Алматы облысы жастар саясаты басқармасының Жастарға қызмет көрсету орталығымен, «Ақсу Кант» ЖШС және басқа да компаниялардың серіктестіктегімен өтті.

«Осы жылдың маусым айынан бастап біздің бірлестік Алматы облысының қолөнершілері мен шеберлерінің қатысуымен тоғыз көрмеге қатысты және ұйымдастырды. Әрбір көрме біздің кәсіпкерлер үшін Жетісу брендін ілгерілету, өз өнімдерін сату, сондай-ақ халық арасында дәстүрлі қолөнерді танымал ету үшін бірегей алаң. Біздің мақсатымыз – ата-бабаларымыздың мәдени, шығармашылық және рухани байлығын бүгінгі ұрпаққа сақтап, жеткізу», – деп атап өтті «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бәкірова.

Этнофестиваль аясында қолөнершілер арасында байқау ұйымдастырылып, алты аталым бойынша үздік шеберлер анықталды. Қарасай ауданынан Анаргүл Норбатовна, Ақсу ауданынан Жарқын Сауғамбаева, Сарқан ауданынан Эльмира Ақпанова, сондай-ақ Талдықорған қаласы Оқушылар сарайының «Жас модель» үйірмесінің тәрбиеленушілері сән көрсетілімін өткізді.

Іс-шарадан түскен қаражаттың бір бөлігі аутизмі бар балаларға «Другая жизнь» ҚБ-ға көмекке берілді. Қонақтар арасында іс-шараның демеуші-компанияларының арнайы сыйлықтарымен лотерея ұйымдастырылды. Музыканттардың, әртістердің және би топтарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK