Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  — 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы болып сайланды.  Оның  тұлғасы ел өміріндегі тұтас дәуірді белгілейді.

Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаң­ғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінің шығу төркініне шолу жасар болсақ, 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы»  Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Осы Заң  бойынша 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып  белгіленген еді.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып отыр.  Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын азаттық тұғырына қонған Тәуелсіздікті бәріне де қымбат санайды. Ал,  кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдардағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін, қадірін  жете түсініп жүр ме? Жас буын Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарамай ма деген ой да келеді.

  Бүгінгі таңда жалпы білім беру саласында   Тәуелсіз еліміздің тарихы қалай оқытылуда, жас буынға қандай тағылым айтылады деген сауалды мұғалімдер қауымына қойған едік.

Назгүл Қазыбаева, Талдықорған жоғары политехникалық колледждің тарих пәнінің оқытушысы:

«Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі 1991 жылы 1  желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш Президентін сайлап алғаннан басталған болатын. Ал,1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік егемендігін рәсімдеуге мұрындық болып, тәуелсіз елдің конституциялық-құқықтық негізін қалады.Осы отыз жылда жазылған халқымыздың тарихы, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің шежіресі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Жалпы Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы айырықша рөлін айтқанда, Елбасының дүниежүзіне танылған әлеуметтік жауапты, экономикалық қуатты, демократиялық дамыған беделді мемлекет құрудағы жасампаздық еңбегінің тарихи көрсеткіші екеніне көз жеткіземіз. Елбасының әсіресе, мемлекет пен келісімді сақтап, нығайтудағы еңбегі орасан зор.

 Айтар болсақ, 2011 жылы сексен алты жылға жуық тарихы бар Талдықорған жоғары политехникалық колледжі – қазіргі заман талабына сай сапалы білім беретін, оқу үрдісінде ғылым мен тәжірибені қатар ұштастырған, жоғары деңгейдегі оқу орны болып саналатын білім ордасының төрінен «Тұңгыш Президент» кабинеті деп ашылған болатын. Осы кабинетімізде Нұрсұлтан Назарбаевтың саясат,экономика,білім саласындағы атқарған игілікті істері мен халықаралық аренадағы мәртебесі, Тәуелсіздік мемлекетіміздің даму жолындағы барлық жетістіктері,  еңбектері жинақталған.Сондықтан Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасына қатысты іс-шараның түбегейлі өтуі осы кабинетпен байланысты.

Тұңғыш Президенттің бастамасымен әзірленген мемлекеттік бағдарламалар ел экономикасының өркендеуіне үлкен серпін әкелді. Инвестициялық жобалар іске асты, жұмыс орындары құрылды. Халықтың тұрмысы жақсарды. Әлеуметтің әлеуеті әрленді. Бұның бәрі елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында мүмкін болғанын колледж студенттерімен тарих сабақтарында да тілге тиек етеміз. Әрбір өткізген іс- шарадан студенттеріміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өнегелі жолынан тәрбие алады, көшбасшылық еңбек жолы жастарды жігерлендіре түседі деген ойдамын. Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Ендігі міндет барды бағалап, дамудың жаңа жолына шығу. Елімізді көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақ жастарымыз жігерлі де зейінді болсын».

  Ақмарал Тұрысбек,  Талдықорған қаласындағы ауысымды мектептің  тарих пәнінің мұғалімі:  «Биыл еліміз Тәуелсіздіктің  30 жылдығын атап өтуде. Осы күнге жету  оңай болмағандығы  баршамызға аян. Бұл халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы мен мұраттарының орындалуы. Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы  мемлекет құрдық. Тәуелсіздігімізді  жариялағаннан соң  ядролық қарусыз өмір  таңдап,  ауыр қасірет әкелген Семей полигоны жабылды.  Сондай-ақ, Арал теңізінің мәселесі шешілуі, тарихи мәдениетіміз бен мұрамыздың, мемлекеттік тіліміздің жаңғыруы, табиғи қазыналарымызды иеленуіміз Елбасының  табандылығы деп білемін.  Еліміздің  алға басуына, болашағын айқындау, мемлекеттің дамуын болжау, халқымыз үшін тиiмдi даму стратегиясын дұрыс таңдау,  тек қана  қайсар, жан-жақты, жігерлі, саясатта көшбасшы, ой-өрісі кең, зияткер тұлға  бойынан табылары сөзсіз. Осы қасиеттерге сай  Елбасы   Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи өтпелі кезендердегі рөлі айқын көрінді. Елбасымыздың басты таңдаған стратегиялық бағыты- ашық нарықтық экономикаға көшу,  бәсекеге қабілетті елдер қатарынан табылу міндетін алға қойды.

Бүгінгі таңда  Елбасымыздың Тәуелсіздік жолындагы ерен еңбегін сабақтарымызда оқушыларымызға айтып, түсіндіреміз. Мәселен, осы жылғы Білім күні  «Тәуелсіз Қазақстан» атты ашық сабақтармен басталды.                                                               Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері,  Елбасының Тәуелсіздік жолындағы еңбегі, Рәміздеріміздің, әнұранның авторлары,ұлттық құндылықтармызды дәріптеу мақсатында ашық сабақтар, басқа іс-шаралар өткізіледі.   Қазақ елі — мемлекеттік шекарасы айқындалған, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет. Біз ұлтымыздың тарихын қадірлеуіміз керек».

                                                                                               

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK