Азаттықтың ақ таңы атып, егеменді ел болғанымызға биыл отыз жыл. Шүкір! Бұл – қазақтың маңдайына біткен бақ һәм бейбіт өмірдің жалғасуы. Осы бір теңдессіз сый тәуелсіз елдің құрдастарымен бірге құндылығын еш жоғалтқан емес. Айталық, 1991 жылы өмірге келген азаматтар бүгінде орда бұзар жасқа толыпты. Олардың қатарында Абылай Бекуұлы да бар. Қазір жас маман Талдықорған қалалық «Жусан» банкінің филиалында менеджер қызметін атқаруда. Мереке қарсаңында біз тәуелсіздік құрдастарының бірімен әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Еліміз егемендігін күллі әлемге жариялардың алдында, 1991 жылы 18 қараша күні Беку ағамыздың шаңырағында үлкен қуаныш орын алды. Яғни, үш әпкесінен кейін әулеттің жалғыз қамшыұстары болып, Абылай есімді ер бала жарық әлемнің шымылдыған ашқан болатын. Міне, содан бері отыз жыл өтіпті.

— Мен үшін Тәуелсіздіктің құрдасы болу – үлкен мәртебе. Тәуелсіздік маған сапалы білім алуға, тәжірибе жинауға және өз ісімнің білікті маманы атануға мол мүмкіндік берді. Қазір Қазақстан дамушы мемлекеттердің қатарында келе жатыр емес пе, менде сол елімізбен бірге өсіп, өркендеу үстіндемін, — дейді кейіпкеріміз.

Абылай осыдан үш жыл бұрын үйленіпті, екі ұлдың әкесі. Өмірлік қосағы Арайлым Санатқызымен бірге бүгінде Мұстафа және Мансұр есімді балаларын тәрбиелеу үстінде. Әкесі Беку Зейнолда кезінде дәрігер болған, ал, анасы Жамал Халилдолда мектепте ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарыпты. Қазір ата-анасы зейнетке шығып, немерелерінің тәтті қылықтарына куә болып жүр.

Иә, Абылай әке жолын қуып, дәрігер болмады. Алайда, оның берген тәлім тәрбиесін бүгінде өзіне рухани азық қылып жүрген жайы бар. Өз балаларына да сол жолды сілтемек ниетте. Жалпы, өмірде ең қиын мамандық – адам болып қалу дейді ғой, Абылай осыған көп көңіл бөледі. Адамдық қасиетті бойдан жоғалтпау – әр азаматтың борышы дейді ол.

Сондай-ақ, А.Бекуұлы отанға, оның ішінде Тәуелсіздікке деген құрмет айрықша болу керектігін де жасырмады. Ол бізге Тәуелсіздік таңбасы – таста, қаны – қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз екенін айта отырып, тарихымызды еске салды.

«Жалғыз өзімді емес, тәуелсіздік жылында дүниеге келген барлық құрдастарымды ерекше жандар деп есептеймін. Тәуелсіздік – біз үшін киелі ұғым. Мұның артында ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жерімізді жаулардан қорғаған батырларымыздың ерен ерлігі жатыр. Сонымен қатар, бұл – кешегі Әлейхан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды ұлт көсемдері көтерген Алаш идеясының жемісі. Сондықтан тәуелсіздік кімді болмасын ұлтжандылыққа жетелейтіні анық. Ол – әрбір адам кеудесін көтеріп, мақтанып айтатын қасиетті сөз», — деп тұжырымдады.

Әңгіме барысында Абылай қазір кейбір жастарға көңілі толмайтынын да айтып қалды. Оларға қарап қарны ашатынын, тіпті ұялатынын жеткізді. Айтуынша, бүгінгі жас буынның ана тілге деген құрметі мүлдем жоқ десе болады. Өзара орысша сөйлесіп жүргендердің қатары көбеймесе, азайатын емес. Меніңше, отанды сүю – алдымен тілге құрмет көрсетуден басталуы тиіс. Осыны жастарымыз ескерсе екен дейді ол.

Айта кетейік, Абылай Бекуұлы – Алматы облысы, Жаркент қаласының тумасы. Алайда, балалық шағы Текелі қаласында өткен, №5 орта мектептің түлегі. 2009 және 2011 жылдар аралығында Ақмола қаржы экономикалық колледжінде оқып, ақпараттық жүйелер мамандығын меңгеріп шыққан. Осыдан кейін Астана қаржы академиясына тағы да оқуға түсіп, білімін шыңдай түседі. Абылай осы кезеңдегі студенттік шағы өзіне аса ыстық екенін атап өтті.

«Бас қаламыз Астанада білім алған уақытта ғасырға бергісіз, талай қызықты күндер мен бақытты сәттерді бастан өткердім. Елордамыз ай емес, тіпті күн емес, сағат сайын құлпырып өзгергеніне куә болдым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты көру бақыты бұйырды», — дейді өткен шақтағы естеліктерімен бөлісе отырып.

Абылай оқуын аяқтап, қолына дипломын алғаннан соң бірнеше банкте қызмет атқарыпты. Айтуынша, «Каспи банк», «Еуразиялық банк», «Халық банкінде» жұмыс жасаған жылдар оған мол тәжірибе алып келген. Бүгінде өз ісінің білікті маманы «Жусан банкінде» халыққа қызмет көрсетіп жүр. Бала кезде кеңседе отырып жұмыс істеуді армандаған ол бүгінде сол тілеуі орындалғанын айтады.

Иә, армансыз адам – қанатысыз құспен тең. Абылайдың ендігі мақсаты – болашақта өзінің жеке кәсібін ашу. Сол ісін дөңгелету арқылы елміздің дамуына үлес қосу ниеті бар. Олай болса, жүрегі елім деп еміреніп тұрған Тәуелсіз елдің құрдасына сәттілік тілейміз. Алар асуың, бағындырар шыңдарың көп болғай!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK