Бүгінгідей ашық экономикалық кеңістіктегі сауда бәсекелестігінде қабілетті болу – заман талабы.  Осыған сай, Талдықорған қаласындағы «Ляззат-2016» жауапкершілік шектеулі серіктестігі Алматы облысындағы сапалы сүт өнімдерін шығарып, жұртты табиғи әрі таза азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған белді кәсіпорындардың бірі.   Біз аталған сүт зауытының жауаптыларына хабарласып, ондағы өндіріліп жатқан өнім түрлерімен танысып қайтқан едік.

Облыс орталығы Талдықорғанда 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан өндіріс орнынан  бүгінгі күнде сүт, айран, жент, сары май, қаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт, шұжық сынды сүт өнімдерінің 33 түрі шығарылады.

Жергілікті тұрғындар «Ляззат-2016»  өндіріс ошағында өндіріліген әрбір өнімнің сапасы жоғары, бағасы да қол жетімді екенін айтады. Мәселен,  қымбатшылық қысқан бүгінгі күнде олар шығарған жоғары сортты айран мен сүттің  бір литрлік қаптамасы 180-200 теңге айналасында. Ал басқа да сүт өнімдері күнделікті базар бағасымен салыстырғанда айтарлықтай  арзан. Бұл біріншіден, халықты сапалы да табиғи өнім түрлерімен қамтамасыз етуге, екіншіден,  шаһардағы сүт өнімдері бағасының беталды шарықтап кетуінің алдын алуға мол мүмкіндік беруде, — дейді тұтынушылар.

 Кәсіпорын директоры Асқар Жолтабаровтың айтуынша, «Ляззат-2016» сүт зауытының барлық өнімдері халал белгісімен сертификатталған. Әрі GS1 Kazakhstan халықаралық автоматты сәйкестендіру жүйесінің нөмірлеріне ие. Зауыт заман талабына сай, озық үлгідегі өндіс  құралдарымен жабдықталған. Сонымен қатар тәулігіне 100 тоннадан астам сүтті өңдеуге қауқарлы. Сондай-ақ, онда өндірілген өнімдер Алматы, Талдықорған қалаларындағы «TOIMART», «MAGNUM», «SMALL»  сынды ірі супермаркеттермен бірге жалпы Жетісудың әрбір ауыл, аймақтарындағы әлеуметтік дүкендерге жеткізіліп саудаланады. Өндірілген өнімдерге сұраныс та жоғары және арнайы көліктермен тасымалданады. Кәсіпорынның өнім сапасының ең жоғары деңгейіне сәйкестігіне бактериологиялық және басқа да қажетті көрсеткіштер бойынша зерттеулер жүргізілетін зертханасы бар.  Сиыр сүтін алған сәттен бастап, өнімді өңдеу мен өткізуге дейінгі оның сапасын бақылауға баса көңіл бөлінеді. Қазір серіктестікте жалпы 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар өз ісінің білікті мамандары.

Талдықорған қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің берген мәліметі бойынша, бүгінгі күнде облыс орталығында 22 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Оның ішінде 6 шағын наубайхана, 1 шағын диірмен, 2 шұжық, 1 макарон цехы, 3 сүт зауыты, 1 құс фермасы, 4 мал азығын дайындайтын орын, 3 мал және құс сою алаңы мен 1 мал сою пункті жұмыс жасайды. Олар елдегі індетке байланысты сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы жұмыстарын жалғастыруда. Мысалға, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында тірі  салмақтағы  824 тоннаға жуық мал мен құс сою орындарына жіберілсе, 760 тонна сиыр сүті зауыттарға өткізілген. Сондай-ақ, 91877,4 дана тауық жұмыртқасы сатылымға шығарылған. Соның нәтижесінде  үстіміздегі жылдың өткен 10 айының қорытындысы бойынша қалада 22,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көрсеткіш 102,8 пайызды құрады. Бұл тағы жоғарылап жыл соңына дейін 25,0 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда.

Осыған сәйкес, мамандардың пікірінше, аймағымыздағы «Ляззат-2016» сүт зауытының  атқарып отырған істері ауқымды. Қазіргі кезде елімізде азық-түліктер мен басқа да тауарлардың сан алуан түрі өндіріледі. Олардың сапалылығы шетел тауарларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Тіпті, осы күнде еліміз ешкімге жалтақтап алақан жаймай-ақ өздері өндірген өнімдерімен халық қажетін толық  қанағаттандыра алады. Сол үшін біз шетелдің саны бар сапасы жоқ өнімдеріне тәуелділіктен біржола құтылып, «Ляззат-2016» серіктестігі  сынды кәсіпорындар шығарған отандық өндімдерді тұтынуға қарай ден қойғанымыз абзал. Тағы бір ескерте кететін жай сатушылар тарабы бағаны беталды шарықтатып жібермеуі тиіс. Сонда ғана ел экономикасының еселеп артуына өз үлесімізді қосып, жергілікті кәсіпорын өндірісінің өркендей түсуіне мол мүмкіндік болмақ.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK