«Jetisy Media» ақпараттық орталығына келген Алматы облысының тілдерді жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек журналистермен кездесті. Баспасөз мәслихатында спикер   өңірдегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналған тілдерді қолдану мен дамыту, ономастика мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер турасында баяндап берді.

— Тіл- халықтың ең негізгі байлығы болғандықтан, тіл мәселесі қашанда толастамайтын өзекті де маңызды, мемлекеттік мәні ие мәселе. Кез-келген ел, мемлекет өзіндік бет-бейнесі, ұлттық келбетін сақтай отырып, өркениет көшінен кенже қалмай қарыштап дамып, алға жылжуы үшін алдымен ана тілін тұғырлауы керек.  Биыл елімізде Ұлттық санақ бастау алды. Тұрғындармен жасалған  сауалнаманың ішіндегі сұрақтың бесеуі тілге қатысты қойылып, есепке алынғандығы қуантты. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы және Қазақстан Республикасындағы  тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынжүзеге асыруда облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірқатарына  тоқталмақпыз,-деді спикер.

Бүгінгі таңда өңірде мемлекеттік тілді қолдану көрсеткіші 2004-2005жылдары 40-45 пайыз болса, бүгінде бұл 99,5 пайызға жетіп отыр. 2006-2021 жылдары тілдерді оқыту орталықтарындағы тілдерді оқыту курсында 29603 тыңдаушы дәріс алды. Облыстағы тілдік ахуалға әлеуметтік-лингвистикалық талдау жүргізу мақсатында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасалып, қазан-қараша айларында  облыс тұрғындарына сауалнама жүргізіліп, мониторинг жасалуда.Сондай-ақ, тілдік жағдайды зерделеу мақсатында облыстық және жергілікті  атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді.  Бағдарламаны іске асыру мақсатында жалпы жыл басынан бері облыста 2718 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді.

  Этнос өкілдерінің арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру үшін өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгеру, оның қолданыс аясын кеңейту, жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, олардың санын көбейту мақсатында облыс аумағында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) 2021 жылдың 10 ақпан-1 наурыз аралығында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж ұйымдастырылды. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін Абай шығармашылығы арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» облыстық байқауы өткізілуде.

 «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауына мемлекеттік тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатысып, алдын ала                            мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі және жетістіктері туралы қысқаметражды фильм ұсынып, ой толғауға онлайн режимінде қатысты.

Тіл фестивалі аясында 820 шара ұйымдастырылыпты.         

Тұңғыш рет еліміздің  Суретшілер одағымен бірлесе суретшілер көзімен бейнелеу өнері арқылы мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің өткенін, бүгінін, келешегін суреттеп, кәсіпқой суретшілердің туындыларының  көрмесі де өткен екен.

 «Тіл-ең асыл құндылық» атты республикалық дөңгелек үстел, қазыналы қарттарымыздың, өңірімізді дамытуға сүбелі үлес қосқан зиялы қауым өкілдерінің тәлімін, ғибратты өмірін жастарға үлгі ету, дәстүр сабақтастығын ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуге арналған «Тіл және тәрбие» тәлім-сабағы, студент жастар арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі» атты дебат, «Бар бақытым – қасиетті Отаным» шығармалар байқауы,  «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы, «Батагөй» облыстық байқауының да өткізілгендігін спикер өз сөзінде айтып өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында   қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай өткен «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты онлайн байқауға 18-45 жас аралығындағы 450 үміткер ұсыныс білдіріп, 360 адам қатысуға мүмкіндік алды.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру арнайы жобасын іске асыру жөніндегі 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес,  латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын түсіндіру мақсатында ЖОО-ның филолог-мамандары, өңірлік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және оның филиалдары оқытушыларының қатысуымен 22 семинар өтіпті.

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалымен, «Janr» Жетісу әдеби клубымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп, Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Тіл – ғұмыр» атты қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатқа ие болыпты.

 Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту бағытында облыс көлемінде  «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» байқауы қолға алынған.

Бұл байқау Басқарма тарапынан ересек тұрғындар мен студенттер арасында жалғасуда, алдағы уақытта қорытындысы шығарылатын болады.

Жалпыға ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында бекітілген «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес облыс өңірінідегі 60 әкімшілік-аумақтық бірліктің, 3103 құрамдас бөліктің (көше, даңғыл, саябақ т.б.),120 білім мекемесі мен 2 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталады. Яғни, тізімде көрсетілген 345 тарихи тұлғаның 291-інің есімі ұлықталып отыр.

Қазіргі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы -ономастика саласының ғана емес, қоғамдағы жиі сынға ұшырайтын, аса өзекті мәселелердің бірі. Қоғамымызда мемлекеттік тілдің орфографиялық, лексикалық мағынасындағы кемшіліктер баршылық. Өңірімізде де орыс тілінен қазақ тіліне сөзбе-сөз, тікелей аударылған мағынасы түсініксіз жарнамалар кездеседі. Осы ретте, аталмыш заңсыздықтардың алдын алу және заңнама талаптарына сәйкес рәсімделуін қадағалау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жарнама агенттіктері өкілдерімен тығыз қарым-қатынас қалыптасқан. Оларға жарнама мәтінін сауатты жазылуы бойынша кеңес беріліп, дұрыс нұсқасы бекіту жұмыстары жүргізілуде.

2021 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларында Тіл туралы заңның      21-бабын түсіндіру бағытында 452 шара өткізіліп, 620 зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2574 нысан қамтылды. Нәтижесінде, тіл туралы заң талаптарына сай келмейтін 1364 көрнекіліктер анықталды. Оның 559-ы алынып тасталса, 723-і түзетілді. Сондай-ақ, кемшілік жібергендерге 82 ескерту беріліп отыр.

Сонымен қатар, көрнекі ақпараттар мен деректемелердің сауатты рәсімделуі бойынша жедел желі арқылы 113 жеке және заңды тұлға кеңес алса, 90 жарнама үлгілері ресми бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.  Кездесу соңында спикер БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына тұщымды жауап қайтарды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK