Жаңғырған салт-дәстүр

582

Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезінген шақта  қазағым Наурыз тойын мерекелейді. Өскелең ұрпағымыз  Наурыз мейрамының мән-маңызын білсе, ата ғұрпымызды ұмытпай, жаңғырта білсек нұр үстіне нұр еді. Облыс орталығындағы Дәнеш  Рақышев атындағы қазақ   мектеп-интернаты  ұлттық салт-дәстүрімізді, ұмыт болған ұлттық ойындарымызды  оқушылар арасында насихаттап келеді.

-Атадан  балаға мұра болған,  жаңа жыл- Жылбасы саналатын Наурыз мейрамы  халқымыздың маңдайына біткен жезтаңдай әншісі, композитор  Дәнеш Рақышев  атындағы білім ордасында ерекше аталып өтіледі. 1-11-сыныптар арасында ашық сабақ, тәрбие-тәлімдік кеш, спорттық ойындар  өткізіледі.  Тәрбиешілер мен  мұғалімдердің ұйымдастырған   сабақтарынан оқушылар ерекше әсер алады. Ұмыт қалып бара жатқан   салт, мәселен, соғымның етіне  уыз қоса отырып,  қыздардың жігіттерге  арнап    пісіретін -« Ұйқыашар»  деген дәм   дайындалған.  Жігіттер де  қыздарға сыйлық  ұсынған, оны «Селт еткізер»  деп атаған. Осындай дәстүрді  неге жаңғыртпасқа? Ренжісіп қалғандар жандар осы мейрамда бір-бірінен  кешірім сұрасқан. Балалар  кешірімді болу,   үлкенді сыйлау, қадірлеу тұрғысындағы адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіреді.Басты мақсатымыз- қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрпымен таныстыру, жаңғырту, -дейді мектеп-интернат директоры  Рысбек Дүйсенбінов.

Білім ошағының  спорт залында балалар күш  сынасып, арқан тартыс өткізіп жатыр екен.  Екі жаққа бөлінгендер  кімнің  күшті, қайратты екендігін байқатты.

Ал  төменгі сыныптың оқушылары асықты тізіп қойып,  сақамен оны дәл көздеуге тырысып бағуда. Теңге ілу ойыны да балалар  үшін  өте қызықты болды. Балалардың әрқайсысы тобының намысын қорғап,  қойылған сұрақтарға да  барынша  дұрыс жауап беруге тырысты.

Абай атамыз  ойнаған тоғызқұмалақты ермек еткен  жеткіншектерді де осы жерден таптық. Кезінде мектеп түлектері Омар Алмас пен Назерке Назарбек осы тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанған. Бүгінде Гүлім Бектұрғанова  оқушыларға тәлімгер болуда.

Бұл  білім ошағында 284 бала  оқып, білім алуда. Оларға 30 мұғалім мен 20 тәрбиеші білім  нәрімен  сусындатып, тәлім-тәрбие береді.

Директордың  тәрбие ісі жөніндегі  орынбасар Қуат Ешпаев   тәрбиенің сегіз бағыты бойынша  жұмыстар үйлесім тапқандығын айтты. Соның ішінде « Көпмәдениетті  және  көркем  эстетикалық тәрбие» бағыты бойынша Наурыз мейрамына  арналған шаралар топтастырылған.Ұлттық салт-дәстүріміздің озығын оқушылар бойына дарыту мақсатында танымдық кеш, ашық тәрбие сағаты, ұлттық ойын түрлерін насихаттайтын  сабақ  үзбей  өткізіліп келеді.  Тіпті аптаның  бейсенбісінде  6-11 сыныптарға, әр сенбіде  төменгі  сынып оқушылары арасында  танымдық шаралар өтіп тұрады. Білім шаңырағында  ұлттық ән-күйді дәріптейтін  домбыра және де   драма, мәнерлеп оқу, шебер қолдар, тоғызқұмалақ  үйірмесі жұмыс жасайды.

Мектеп түлегі, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті, бүгінде осы мектепте іс-тәжірибеден өтуші  Ә. Қанапиянова мен  8-сынып тәрбиешісі Қ. Жүнісбекова « Наурыз- қазақтың ұлттық мейрамы» атты тәрбие сағатын өткізді. Топтық негізде жұмыс жасаған балалар жаңа күннің маңыздылығын біліп  қана қоймай,  әдеп-ғұрпымыз турасында өздері  ізденіспен  келіпті. Оқушылардың өздері бағасын берген сабақ қызықты өтіп, жаңа мазмұн, жаңа бағытты ұстанды. Балалар  бір-біріне  сыйлық беріп, кешірім сұрасып, төс қағысты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK