Бірі білсе, бірі білмес 15 қараша – теңге күні, әрі еліміздегі қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл – мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, мерейіміз үстем болып, абыройымыз асқақтап, төл теңгемізді қолға ұстаған күн. Осы атаулы мерекеге орай біз теңге тарихына кеңінен тоқталып, ұлттық валютамыздың қазіргі ахуалын сөз еткенді жөн көрдік.

Ұлттық валютаның енгізілуі

Қазақстан өзінің ұлттық валютасын аса күрделі жағдайда әзірлеп қабылдады. Кеңес одағы күйреген 90-шы жылдардың басында біздің еліміз үшін осынау тарихи маңызы бар шешімді қабылдау оңайға түскен жоқ. Ресей көршілеріне ескертпестен жаңа рублін енгізіп жіберді. Бұрынғы одақтың ақшасы Қазақстан, Әзірбайжан және Тәжікстанда қалып қойды. Әрі, ақша басып шығаратын банкноттық фабриканың барлығы дерлік Ресейдің өз ішінде ғана бар болатын.

Сонымен, Қазақстан өзінің төл ақшасын шығаруға бекінді. Яғни, 1993 жылдың қазан-қараша айларында еліміз рубльден толықтай бас тартып, 15 қараша күні теңгені ресми айналымға енгізген болатын. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі бір мың рубльге бағалады. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге бес жүз рубль бағамында белгіленді. Естеріңізде болса, теңге айналымға енердің алдында үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарған болатын.

Жалпы, төл теңгемізді дайындау жұмыстары 1992 жылы қолға алынып, сол жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ал, ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Harrison and Sons» фабрикасында басылды. Теңгені елге тасымалдау үшін төрт ИЛ-76 ұшағы Тұманды Альбион еліне 18 мәрте қатынады. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілген болатын.

Бұл жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар», — деп еске алған болатын.

Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың бейнелері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды. Ал, 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден құйылған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнот дайындайтын қажетті технология алынған соң 1995 жылдан бастап ұлттық валюта өз елімізде шығарыла бастады. Қазір банкнот — Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен валютамыздың құны түскен жоқ. Мәселен, бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 мың теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 мың теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал, Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 мың теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды. Өйткені, осы кезге дейін бірде-бір елдің ұлттық валютасы үш марапат алып көрген емес.

Теңге атауының берілуі

Валюта дайын болғаннан кейін атауына қатысты біраз дау-дамай туындаған. Ұсынылған түрлі атаудың арасында «ақша», «алтын», «таңға», «сом», «сум» сияқты нұсқалар кездесті. Өйткені Кеңестік рубльдің қазақ тіліндегі аудармасында «сом» деп жазылған болатын. Бірақ дәл тоқсан үшінші жылда қырғызстандық валюта сом деп бекітіліп, нәтижесінде ғалым Сауық Тәкежановтың ұсынысымен отандық ақшамызға қазіргі уақытта елімізде қолданыста жүрген «теңге» аты берілді. Кей деректерде «танга, донга, тенга» ретінде кездесетін «теңге» сөзі – түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталарының атынан пайда болған. Осылайша теңге атауының тарих сахнасына қайта оралуы – XIII ғасырда өз монеталары соғыла бастаған еліміздің Отырар мен Тараз сияқты ірі қаласының дәстүрін жалғастырды.

Ұлттық валютаның 〒 бейнесіндегі өз символы бар. Көрсетілген теңгелік графикалық бейне транскрипцияда «теңге» сөзінің алғашқы әрпін, сондай-ақ «Тәңірі» сөзінің мағынасын беретін көне түркі алфавитінің нышаны ретінде саналады. Бұл дегеніміз барша түркілер түсінігінде киелі ұғымға ие Көк Тәңірін, сондай-ақ, валюта бірлігінің идеясындағы тұрақтылықты, жоғары әлеуеттілікті, динамикалық дамуды және мемлекетіміздің экономикасындағы өсу мағынасын береді.

Ақшамыз құнсызданып барады

Енді теңгенің қазіргі ахуалына тоқталсақ. Шыны керек, төл ақшамыздың жағдайы қиын. Уақыт сырғып өткен сайын валютамыз құнсызданып барады. Мәселен, бүгінде азық-түліктің бағасы аспандап тұр. Қымбатшылық барған сайын белең алуда. Жалпы, теңгеміздің бұлай құлдырауына не себеп болды? Қайтсек теңгенің құндылығын арттырамыз? Осы сауладарға жауап алу мақсатында экономист, UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халықпен телефон арқылы байланысқа түскен едік.

Мақсат Халық

«Қазір ұлттық валютамыздың қатты құлдырап кетпей, қалыпты жағдайда тұрғанына екі ғана фактор әсер етуде. Оның біріне соңғы уақыттағы мұнай бағасының көтерілуі себеп болса, екіншісі – мемлекеттік қордан қомақты ақша аударылып отырғандығы. Яғни, биыл ішкі нарықтағы долларға деген сұранысты басу үшін ұлттық банк 3 трилион теңге аударды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 4,7 триллион теңгені құраған», — дейді экономист.

Сондай-ақ, ол теңгенің құнсыздануына ықпал етіп тұрған бірнеше себеп бар екенін де алға тартты. Айтуынша, соңғы жылдары ақшамыздың құлдырауына төлем балансы әсерін тигізіп отыр. Яғни, Қазақстан мемлекеті халық тұтынатын өнімдердің көбісін бүгінде шетелдерден сатып алып жатыр. Ал, бұл өз кезегінде теңгенің әлсіреуіне айтарлықтай септігін тигізеді дейді Мақсат мырза.

Тағы бір мәселе бар. Ол – доллардың күшейе түсуі. Мұнан бөлек, елімізге ірі инвестициялардың тартылмай жатқаны да төл ақшамыздың құнсыздануына әкеліп соғуда.

«Негізінде, Қазақстан дамушы мемлекеттердің қатарына жатады. Ал, бүгінде инвесторлар мұндай елдерге ақша құюдан қорқып отыр. Себебі, әлемде пандемия орын алуда, дағдарыс бар дегендей. Осының нәтижесі болар, қазір еліміздің ішкі нарығында долларға деген тапшылық айқын сезіліп тұр. Яғни, АҚШ валютасы аз болғандық теңгенің жағдайы мәз болмайтыны белгілі», — деп атап өтті М.Халық.

Экономист сөзіне сенсек, бүгінде қазақстандықтар долларды көптеп сатып алып жатқан көрінеді. Бұл да төл валютамыздың әлсіреуіне әкеледі. Егер осылай өз ақшамызға сенімсіздік тудыра берсек, жағдайымыз қиындамаса, жеңілдемейтіні анық жайт дейді сала маманы.

Әңгіме барысында Мақсат Халық теңге құндылығын арттыру үшін қандай амалдар жасау керектігімен де бөлісті. Оның айтуынша, ұлттық валютамыздың құны өзімізде құрылып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнесті дамыту жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар орындалғанда ғана артпақ. Аталмыш бағдарламалар сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындалатын болса, елде зауыт фабрикалар салынып, отандық өнімдер көптеп өндірілсе, шетелден келетін импорттық тауарлардың саны азайса теңгеміздің құндылығы артады дейді ол.

«Егер теңгенің құндылығы артатын болса, ел экономикасында оң өзгерістер орын алады. Бір сөзбен айтсақ, халықтың әл-ауқаты жақсарады», — деп экономист сөзін қорытындылады.

Ал, саясаттанушы Самат Нұртазаның пікірінше, теңге құнының артуы екіталай. Керсінше АҚШ валютасы қымбаттай бермек.

«Қазір теңгеміздің бір долларға шаққандағы құны 429 теңгені құрап тұр. Осы жерде мына нәрсені түсініп алуымыз керек. Енді бұрынғыдай 1 доллар – 3 жүз, 2 жүз немесе жүз елу теңге болмайды. АҚШ валютасы күшеюде», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, саясаткер бұрынғы теңгемізде тұрған қазақ ғұламаларының суреті алып тасталғанына наразы екенін білдірді. Естеріңізде болса, 2006 жылы ұлттық валютамыздың дизайыны жаңартылып, теңге арқылы еліміздің көрікті жерлерін насихаттау тұжырымдамасы негізге алынған болатын. Бір жағынан бұл дұрыс шығар. Алайда, мен бұған қарсымын дейді Самат мырза.

Самат Нұртаза

«Кезінде теңгеміздегі Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Абылай мен Әбілқайыр хандардың суретін сақтап қалуымыз керек еді. Енді теңге құнсызданып кеткеніне байланысты кейбір адамдар «ұсақ банкноттарда ұлы тұлғалардың бейнесі тұрғаны жарамас» деп айтуы мүмкін. Оның шешімі бар. Мәселен, бұрынғы бір теңгеде тұрған Әбу-насыр Әл Фарабиді бір мың теңгеге ауыстырсын. Сол сияқты үш теңгеде тұрған Сүйінбайдың суретін екі мың теңгеге салсын. Бес мың теңгеге Құрманғазыны, он мың теңгеге Шоқанды, соңғы кезде шыққан жиырма мың теңгенің банкнотына Абайды бейнелеп қойса қандай жарасымды. Тіпті, ақша құнсызданып елу мың теңгенің банкноты шығып жатса, оған Әбілқайырды, жүз мыңдық шығып жатса Абылай ханды бейнелеп қойсын», — деп өзінің көкейде жүрген ойын білдірді.

Самат Нұртазамен телефон арқылы тілдескенімізде ол жақында Түркияға барып келгенін, сол жақта жүріп түріктің лирасын ұстап көргенін айтты. Сөзіне сенсек, ақшаларында кілең батырларының, ақын-жазушыларының, патшаларының суреттері бейнеленіпті. Осыған қарап, сол елдің адамдарында ұлттық рух пайда болады ғой. Біз де соны неге жасамасқа дейді саясаткер.

Мұнан бөлек, ол тағы бір мәселенің басын шалып өтті. Айтуынша, бүгінде халықтың басым бөлігі электронды төлем жүйесіне, соның ішінде кең тараған «Каспи голдқа» көшіп алған. Нәтижесінде, айлап қағаз ақша ұстамайтын жағдайға жеттік.

«Әрине, уақыт үнемдеу жағынан алғанда бұл өте ыңғайлы. Онлайн төлем немесе сауда жасаймыз, тапсырыс береміз, біреуге ақша аударамыз. Меніңше, осының кері әсері де бар сияқты. Яғни, бүгінгі жас буын қолына өзінің төл ақшасын ұстамағаны рухани тұрғыда минус па деп ойлаймын. Егер осылай жалғаса берсе ертеңгі күні жастарымыз теңгеміздің түр сипатын ұмытып қалады ғой», — деген саясаткер кейбір жерлерде міндетті қолма-қол төлем жүйесі енгізілу керектігін атап өтті.

Әсел Ерікқызы
Әсел Ерікқызы

Жоғарыда атап өткен ақша құндылығына байланысты сауалымызды І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, әрі, қарыжгер, экономика және бизнес магистрі Әсел Ерікқызына да жолдап көрген едік. Оның айтуынша елімізде ақша-несие саясатының тиімділігін, оның ішінде валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан Ұлттық Банкі жүргізетін саясат аса маңызды. Ол үшін келесі бағыттар бойынша  жұмыстар жүргізілуі керек:

Біріншіден, монетарлық негіздерді нығайту қажет. Ол инфляциялық күтулерді бекітуді, Ұлттық Банктің экономиканы несиелендіру бағдарламалардан шығуын, байланысты жақсартуды, сондай-ақ өзгермелі айырбас бағамының негіздерін нығайтуды көздейді. Осы саладағы іс-шаралардың сәтті жүзеге асырылуы жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға, күтілетін инфляция деңгейін тұрақтандыруға, сондай-ақ халықаралық резервтердің жеткілікті деңгейін сақтай отырып, өзгермелі айырбас бағамы режимін ұстануды күшейтуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, қаржы нарығын дамыту қажет.  Ол үшін, қаржы нарығының тиімділігін арттыру, долларлануды тұрақты төмендету және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жасалуы керек. Дамыған қаржы секторын қалыптастыру ұлттық валютаға сенімді арттырады және елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына әкеледі.

Үшіншіден, макроэкономикалық саясаттың негіздерін нығайту қажет. Бұл экспортты әртараптандыруға және импорт тәуелділігін төмендетуге, нарықтық тариф белгілеуді дамыта отырып, нарықтық негіздегі мемлекеттік қолдау шараларына көшумен бюджеттік тәртіп пен циклге қарсы шығыстарды арттыруға бағытталған жүйелік шараларды жүзеге асыруды көздейді. Осы бағыттағы жұмыстың негізгі нәтижелері экономиканың сыртқы факторларға тәуелділігінің төмендеуі, бюджеттік жағдайдың нығаюы және макроэкономикалық тұрақтылықтың артуы болады.

Осы аталған барлық бағыттар бойынша бастамаларды іске асыру инфляциялық таргеттеудің қажетті элементтерін құруға мүмкіндік береді, бұл, өз кезегінде, баға өсуінің бақылауын күшейтеді, инфляцияның төмендеуі мен белгіленген орта мерзімді 3-4% мақсатты шегінде тұрақтануын қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына, оның валютасының тұрақтылығына ықпал етеді дейді сала маманы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK