Семей полигоны — КСРО-ның ядролық сынақ жүргізуге арналған аса маңызды стратегиялық объектілерінің бірі болды. Кезінде оны ашу үшін 18 миллион гектар жер бөлінген болатын. Бастапқыда сынақтар жер бетінде  жүріп, адамдар мен қоршаған табиғатқа айтарлықтай зиян келді. Кейіннен сынақтар тек жер астында жүргізілді. Атом бомбаларының жарылысы жергілікті тұрғындар үшін ауыр тиді.

 Осынау  зұлмат сынақ  алғашында   халыққа ескертілместен жасала берді. Тек 1953 жылдан бастап қана суыртпақтап айтыла бастады. Мамандардың айтуынша, Семей полигонында өткізілген ядролық жарылыстардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп.Сынақ барысында  адамдар мен төрт түлік мал уақытша басқа жерге көшірілді. Бірақ жарылыс біткен  соң олар үйлеріне қайтып оралып, өз тіршіліктерімен  айналысып жүріп жатты. Жарылыс толқыны көптеген үйдің терезесінің шынысын ұшырып, қабырғаларын қиратты. Ол аумақта туып-өскендіктен  оны  өзіміз де сезіндік. Кейде тұрғындар үй-күйсіз қалып жатты. 1949 жылы  алғашқы сынақ жүргізілген уақыттан бастап Семей және Павлодар облыстарында радиациялық сәуленің әсерінен түрлі ауруға ұшырағандардың саны көбейді.

Қазақ жерінде көптеген адамның өмірін жалмаған сынақтың тоқтатылуына өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі — Олжас Сүлейменов. 1989 жылы КСРО жоғарғы кеңесі депуттатығына үміткер болған ол 25 ақпанда Алматы қаласында өткен ереуіл кезінде сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға үндеу оқып, ядролық қаруға тыйым салуды талап етті. Баршаға белгілі,қозғалыстың аты Халықаралық ядролық апатқа қарсы «Невада-Семей» деп аталды. Халықаралық қоғамдық ұйымдардың ортақ мүддесі адамзатты, қоршаған ортаны ядролық сынақтан құтқарып қалу еді. Осы жетістіктің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы»  Жарлыққа қол қойды.
Сөйтіп, қазақ халқы өз мақсатына жетті. Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.  Ал бізде Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Сынақ алаңының жабылғанына да  30 жыл уақыт өтіпті. Халықтың денсаулығы, әлеуметтік көмек жасалуы  заңдық тұрғыда қаншалықты қорғалуда?

«Семей  ядролық полигоны» туралы  Заңның жүзеге асырылуы турасында Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында халықаралық  конференция ұйымдастырылды.   «Невада-Семей» антиядролық қозғалыстың Алматы облысы бойынша директоры Гүлдана Нұрпейісова мен Алматы облысы «Семей Полигон»  ардагерлер мен мүгедектер қоғамдық бірлестіктің төрағасы Толыбек Данабеков жиын модераторы болды. Аталмыш жиынға Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Есдәулетов, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қ. Бұлдыбаев, қалалық мәслихат хатшысы Т.Ақажан, Алматы облысы Тілдерді дамыту  жөніндегі басқарма басшысы Б.Керімбек және де Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан облысы Арыс қаласынан келген қонақтармен қатар   Ресейдің Алтай өңірінен Иван Половинкин онлайн режимде «Алтай және полигон зардаптары» турасында  айтып берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна Тельпекбаева мен  «Невада-Семей»  халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Валерий Жандаулетовтың сөздері экран арқылы жеткізілді.

Рахмет Есдәулетов, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы:- Баршамызға белгілі, 1991 жылдың 29 тамызында Елбасы Н.Назарбаев «Семей сынақ полигонын жабу  туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи шешім болды. Қазақстан қарусыз елге айналды. Бұл бастаманы әлем елдері  де  қолдап, ядролық қарудан бас тартты.  Бүгінгі  Жетісу жерінде өткізіп жатқан шараларыңызға облыс басшысы  Амандық Баталовтың атынан сәттілік тілейміз.

Гүлдана Хасенқызы: «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі ретінде  айтарым, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел. Сонымен қатар, қарапайым халық, билік пен саясаткерлердің ізгі ниетін біріктіруге болатынын әлемге дәлелдеген мемлекет. Қазақстан өзінің бастамасын ең жоғары трибуналарда бірінші болып жеткізді. Бұл үлкен қадам болды. Біз  қазір жұмысымызды жандандырдық. Жер бетіндегі  барлық полигонды  жабу керек. Бейбітшілік сүйгіш  халық бақытты өмір сүруге лайықты. Қозғалыс қайраткерлері  Семей аймағын сауықтыру бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бізде «Радиация, экология, денсаулық» проблемалық комитетi жұмыс істейді. Оның құрамында көрнекті ғалымдар, белгілі дәрігерлер  бар. Қозғалыс өз жұмысын еліміз  шеңберінде емес,  шет мемлекеттермен бірлесе атқарудамыз. Себебі,  сынақтың зардаптары бірнеше ұрпаққа жалғасады екен.  Өз жұмысымызды атқара отырып, халықтың мұң-мұқтажының заң жүзінде  жүзеге асуын, оның  нақты заңмен бекітілуін қалаймыз».

Лаура Измайлова: —Мен сіздерге «Семей полигоны және отбасым» жайында айтқым келеді. Рената менің сіңілім. Ол Аягөз қаласында туған. Рената  Евсеева (Измайлова) – Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін  психология мамандығы бойынша  бітірді. Денсаулығы ақаулығына қарамастан ол қоғамда белсенді болды. Бейбітшілік, достық ұғымы ол үшін әрдайым биік еді. Суретші ретінде, ақын ретінде өзін танытты. Ауруын  шығармашылықпен жеңді.  Айналасындағы  адамдарға психологиялық қолдау білдірді, өмірге ынтықтырды. Ядролық қарусыз ел болайық деген ұранмен өткен халықаралық конференцияларға да қатысып, жеке сурет көрмесін ұйымдастырып,  бақытты өмір туралы пікірін  білдірген қайсар қыз.  «Өмір- шексіз бақыт пен шекарасыз көңіл» деген пікірді ұстанды. Осы ядролық сынақтың  кесірінен  болған ауру салдарынан бар-жоғы 33 жыл өмір сүрді. Өмір сүруге деген құштарлығы ерекше,  асқақ арманы бар Рената өмірден ерте кетті. Сөзімнің дәлелі ретінде Рената Евсеева (Измайлова) туралы деректі фильмді назарларыңызға ұсынамыз.

Майра Абенова,  Семей қаласындағы «Дом» қоғамдық бірлестіктің төрайымы: «Тәуелсіздікпен қатар биыл Семей сынақ аймағындағы ядролық қарудың үні тоқтағанына 30 жыл толып отыр.  Абай елінен, Алаш қозғалысы  қайраткерлерінің ізі  қалған елден  жетісулықтарға ыстық ықыласымызды жолдаймыз.  Ядролық сынаққа қарсы қозғалыс үлкен күшке айналды.  Әлем елдері  халықаралық  қозғалысымызға қолдау білдірді. Алайда, Семей полигоны аймағында тұратындар,  қызмет жасағандар, туып –өсіп  өзге аймаққа қоныс аударғандарға  қандай әлеуметтік  көмектер жасалуда? Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірер жыл бұрын Семей қаласына іссапармен келіп қайтты. Сол сапарында Семей аймағын көркейтуге және полигон зардаптарын жоюға байланысты нақты тапсырмаларды үкіметке жүктеді. «Семей ядролық сынақ полигоны туралы » Заң  уақыт талабына сай емес. Ал, жаңа Заң жобасы ҚР Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Біз осы заңға өз ұсыныс-пікірлерімізді беру мақсатында  өңірлерде осындай жиын-конференциялар өткізуді қолға алдық».

Толыбек Данабеков, Алматы облысы  «Семей Полигон» ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

«Семей  сынақ полигоны  ардагерлерінің ұйымы 2014 жылы құрылған. Облыс бойынша 300-ден астам  адам тіркеуге алынған.  Сол полигонда әскери қызмет атқарғандардың  біразы өмірден өтіп кетті. Жастары  елуге  жетпегендер де бар. Полигон сарбаздарының қолында дәрігерлік комиссия қорытындысымен мүгедектігі анықталса, онда ҰОС ардагерлерімен теңестіріліп, тиісті жеңілдіктер алады. Жарылыстардан зардап шеккен ардагерлерге  атаулы күн  Семей полигонының жабылуына  орай бір реттік төлем төленді. Мүгедектер  санаторий- шипажайларға жолдама алады. Тағы бір  үлкен мәселе облыс орталығына  «Полигон сарбаздарына»  арнап ескерткіш қойылу керек. Бұл проблемалардың барлығы өзекті және  оң шешілуін күтеміз».

 Дәрігер Базиля Нұрахметова   сынақ аймағының нақ ортасы саналатын Абай елінің Саржал мен Қайнар синдромы, ондағы халықтың денсаулығын жаны тебірене отырып айтып берді. «Радиацияның зиянды әсері мәңгі із қалдырады. Ядролық сынақтың салдары орасан зор болды Су мен топырақты радиациядан толық тазарту үшін ғасырлар қажет.  Тұрғылықты тұрғындардың  қатерлі ісік пен түрлі ауруларға шалдығуы көптеп кездеседі.

 Семей өңірінде аяқ-қолы жоқ, кемтар қаншама сәби дүниеге келді. Дәрігерлер ата-анаға дүниеге келген сәбиінің жарымжан екенін жеткізе алмай, соған өздерін кінәлі сезінгендей, қиналып жүретін. Семейдегі медициналық университетте  кемтар  туған балалардың музейі бар»,-деді.

Қырық жылдан астам уақыт бойы жасалған  жарылыс кесірінен адамзат  түрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденді, оның қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Одан бірнеше миллиондаған адам зардап шеккендігін айтуға тиіспіз.

Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын тұрғындардың бәрі де сынақ зардабын тартып келеді.
Қозғалыс мүшелері  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, үкіметке  Семей ядролық полигонында зардап шеккендер туралы заңға қайта оралу, оңалту, зейнеткерлікке жеңілдік, лайықты өтемақы, кәсіпкерлікпен айналысушыларға салықтық төлемге жеңілдік, сынақ аймағында міндетін өтеген сарбаздарға және зардап шеккен тұрғындарға  статус беру, қаза тапқандарды мәңгі есте сақтау мақсатында ескерткіш орнату  мәселелерін шешу қажет екендігін көрсетіп халықаралық конференцияның резолюциялық жобасы да дайындалып, ұсынылды. Жиын барысында жобамен танысқан   қатысушылар ұсыныс-пікірді қолдайтындықтарын білдірді. Зардап  шеккен  халықтың мұңы —  салмақты заңның жоқтығында болып тұр.

                                                                            

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK