Жыл өткен сайын Алматы облысы орталығының ауқымы кеңейіп келеді. Осыған қарап халық саны едәуір артқанын байқаймыз. Мәселен, қазір 8, 9 және 10-шы шағын аудандарда құрылыс қарқын алған. Біз сол аумақта үй салумен айналысып жатқан «Шымыр» ЖШС-нің жұмысын арнайы көріп қайтқан едік.

Бүгінде бұл фирма жоғарыда аталған жаңа аудандарға жалпы саны он тұрғын үй салып жатыр. Соның ішіндегі бес, жеті және тоғыз қабатты үш үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір онда тек ішкі әрлеу жұмыстары жасалуда. Мердігер мекеме мұндағы 198 пәтерді жыл соңына қарай әкімшілікке өткізуді жоспарлап қойыпты. Сегізінші шағын ауданда бой көтерген бұл баспаналар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, яғни 16 желтоқсанға қарсы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек.

Сонымен қатар, 9-шы шағын ауданға да (жалпы құны 780 миллион теңгені құрайтын) дәл сондай 5, 7 және 9 қабатты үйлер салынып жатыр. Онда жалпы саны 126 пәтер болады деп күтілуде. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің ауданы – 50, екі бөлмелінікі – 60, ал үш бөлмелі пәтердің көлемі – 75 шаршы метрді құрайды. Құдай сәтін салса, осының барлығын келесі жылдың мамыр айында қолданысқа береміз дейді «Шымыр» ЖШС-нің директоры Руслан Валишанов. «Біз қазір күн суытпай тұрып мейлінше үйдің керегесін толық көтеріп, есік, терезелерін орнатып тастауға тырысудамыз. Кейін қыс мезгілінде ішкі әрлеу жұмыстарына көшеміз», — деді ол.

Сондай-ақ, мердігер басшысы құрылысқа қызыл және керамзит кіріпіштерін қолданып жатқанын айтты. Қажетті материалдардың 99 пайызы отандық өнім. Сөзіне сенсек, бұл үйлер алдағы уақытта жылы, әдемі, әрі өте сапалы болмақ.

Жалпылама айтсақ, қазір 9-шы шағын ауданда бір – 5 қабатты, екі – 7 қабатты, бір – 9 қабатты тұрғын үй салынуда. Мұнан бөлек, 10-шы шағын ауданда 16 қабаттан тұратын екі және 9 қабаттан тұратын төрт үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы жұмыстың барлығын «Шымыр» ЖШС-нің құрысшылары атқаруда.

Әңгіме барысында мердігер басшысы қазір құрылыс материалдарының құны шарықтап кеткенін айтып налыды. Сөзіне сенсек, қазір бағаны бақылау, тұрақтандыру жұмыстары мүлдем жүріп жатқан жоқ. Уақыт өткен сайын құрылыс материалдары қымбаттап бара жатыр. Құрылыс барысында көп қолданылатын арматураның бір тоннасы бүгінде 415 мың теңгені құрайды. Ал, сметалық құжат бойынша мердігер мекеме оның бір тоннасын 225 мың теңгеге сатып алуы керек болған. Цемент бағасы да көңіл көншітпей тұр. Мәселен, қазір бір қап цементтің құны 1400 теңге. Тіпті, алдағы көктемде 2 мыңға дейін көтеріледі деген болжам бар.

«Алғаш Кербұлақ ауданында цемент зауыты іске қосылғанда құрылысшылар қатты қуандық. Себебі, бұл материал облысымызда өндірілгендіктен оның бағасы бізге арзанға шығады деп үміттендік. Алайда, қуанышымыз су сепкендей басылды. Мұндағы цементтің бағасы басқа өңірлердікінен асып түспесе, кем емес», — деп атап өтті Р.Валишанов.

Сондай-ақ, Руслан Вахапұлы құрылысшылар тапшы екенін де жасырмады. Айтуынша, монолитшілерге, қалақшыларға, сылақшыларға сұраныс өте жоғары. Көп құрылыс мекемелері жұмысшы таба алмағандықтан Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан адам әкелуге мәжбүр.

«Жоспар бойынша менің бір құрылыс нысанымда 150 адам жұмыс істеу керек. Бірақ мұнда 50-ге жуық қана құрылысшы жүр», — дейді ол.

Осы мәселе алдағы уақытта да орын алмас үшін «Шымыр» құрылыс фирмасы Талдықорған политехникалық колледжімен дуальды оқыту бойынша арнайы келісім шартқа отырыпты. Яғни, аталмыш оқу орнының студенттері теорияда алған білімдерін осында келіп, практика жүзінде дамыта алады. Жастарды жұмысқа ынталандыру үшін жалақы төлеу жағы да қарастырылған.

Мердігер мекеме құрылыс саласында 30 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Фирма осы уақыт аралығында бірнеше нысанның бой көтеруіне атсалысыпты. Тұрғын үйлерді қоспағанда Талдықорған қаласындағы коммуналды базарды, шаһардың басты символына айналған (айналма жолдағы) стэлланы «Шымырдың» құрылысшылары салған. Орталық саябақты және субұрқақтар мен Қаратал өзені жағалауындағы (ұзындығы бір жарым шақырымды құрайтын) демалыс орнын да осы мердігер мекеме жасаған. Мұнан бөлек, 2010 жылы Қызылағаш ауылында су тасқыны болғанда, құрылыс фирмасы ол жерге 28 үй салып беріпті.

Қазіргі таңда «Шымыр» ЖШС-де 38 техника бірлігі бар. Жалпы 450 жұмысшы тұрақты түрде қызмет атқарады. Солардың бірі – Марат Бекжанов. Еркін ауылдық округінің тұрғыны осында кірпіш қалаушы болып істейді.

«Фирмада жұмыс жасап жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Кірпіш қалаудан бөлек, кереге сылау және тағы басқа қосымша жұмыстарды істей беремін. Жалақымызды уақытылы беріп отыр. Қазіргі таңда бір айлық табысым 150 мың теңгенің үстінде», — дейді ол.

 

Айта кетейік, қала әкімдігінің мәліметінше, биыл жыл соңына дейін 160 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK