Алматы облысынды жасөспірімдер арасында  дзюдо күресінен арнайы жарыс өтті. Байрақты бәсекені  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірдегі мешіт имамдары мен спорт басқармасы ұйымдастырған. Оған 2008-2012 жылдар аралығында туған әр түрлі салмақтағы 350 жас жеткіншек қатысып, жеңімпаздар анықталды. Осы орайда қара күш иелері дін мен дәстүрді дәріптеу мақсатында арқан тарту, қол күресі сынды жарыстардан да сынға түсті.

Жарыстың басталу сәтінде Талдықорғандағы жаңадан салынған «Тәубе» мешітің бас имамы Керімбек Дәуітов сайыскерлерге сәттілік тілеп ақ батасын арнады. Сондай-ақ, ол спорт денсаулық кепілі екенін баса дәріптеп, оған қолдау көрсету әр азаматтың борышы әрі болашақ ұрпақ үшін бұл шараның маңызы зор деп атап өтті. Осыдан соң жеке-жеке сөз алған спорт саласының майталмандары  күреске түскен барлық  қатысушыға жеңіс тілеп, шабыт берді. Жарыс барысында үздіктер анықталып, оларға бірнеше жүлделі орындар бойынша медальдармен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Нақты дерек көзіне жүгінсек, дзюдо жапондық жауынгерлік өнердің бір түрі. Бүгінде бүкіл әлемге тараған бұл күрес жапон тілінен аударғанда «жұмсақ жол» дегенді білдіреді екен. Бұл өнердің авторы Күншығыс елінің даңқты ағартушысы Дзигоро Кано. Аталмыш жаңалықтың мақсаты — өзін өзі қорғауда дене қимылдарына аяқ-қол әрекеттерін қосып, партерде қарсыластың тепе-теңдігіне тежеу қойып, нәтижесінде тырп еткізбей қою.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK