Талдықорғанда Қала күні орай жаңа автобустар қолданысқа берілді. Енді облыс орталығында табиғи газбен жүретін қоғамдық көліктер тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Мерекелік шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов талдықорғандықтарды арнайы құттықтап, жолаушылар тасымалының сапасы біртіндеп жақсаратынын айтты.

– Біз «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,3 миллиард теңгеден астам қаржыға автобус сатып алып, лизингке беріп отырмыз. Бұл автобустардың ең басты ерекшелігі – таза табиғи өнім газбен жүретіндігінде. Ол үшін қалада арнайы газ толтыратын компрессорлық стансы тұрғыздық. Жергілікті бюджеттің есебінен түрлі деңгейдегі жолаушылар – мектеп оқушыларының, студенттердің, ардагерлер мен басқа да көптеген жолаушының тегін жүруіне жағдай жасап отырмыз. Мұның бәрі халық үшін, — деді әкім.

Кейін Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Мұрат Қалық сөз алып, 67 жылдан бері осы шаһарда тұрып жатқанын алға тартты. Содан бері көп нәрсе өзгергенін, қаланың жыл сайын құлпырып, әдемі ғимараттар бой көтеріп жатқанын атап өтті. Ал, «Асар» спорттық-оңалту орталығының директоры Елдос Баялшыбаев жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандардың емін еркін кіріп-шығуына қолайлы екенін жеткізді.

Айта кетейік, қалалық автопарк «Ютонг» және ПАЗ маркалы 32 автобуспен толығып отыр. Одан бөлек, жыл соңына дейін тағы 23 автобус қалаға келеді. Сыйымдылығы 55-тен 67 адамға дейін жететін жаңа автобустарға бейнебақылау камералары, кондиционер, электрлі билет беру құрылғысы орнатылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар қарастырылған.

Қалаға жаңа автобустар беріліп жатқанына жүргізушілер де дән риза. Солардың бірі – Оралбай Құсманов.

«Жаңа автобусқа отырғалы жұмысқа деген ынтамыз арта түсті. Жаңаның аты, жаңа ғой. Мұнда барлығы бар. Жолаушыларға да, бізге де өте ыңғайлы. Қала күнінде осындай тарту жасап жатқан әкімдерге үлкен алғысымды айтқым келеді», — дейді қуанышымен бөліскен автобус жүргізушісі.

 

Жалпы, жергілік бюджеттің есебінен жолаушы тасымалымен айналысатын компанияларды қолдау жалғаса түседі. Алдағы 3 жылдың ішінде 3,2 миллиард теңгеден астам субсидия беру жоспарланған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK