Талдықорғанда «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігі мен Сарқан ауданының еріктілері «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» тақырыбында  онлайн кездесу ұйымдастырды.

Мұндағы мақсат – Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын талқылау. ZOOM желісі арқылы өткен шараға 50-ден астам жас қатысты.

Онлайн кездесуде Талдықорған жоғарғы Политехникалық колледжінің директоры Ерқат Биғалиұлы пандемияның зардабына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір әлемде болып жатқан күрделі ахуалға байланысты қиын кезеңдерді өткеруде.

Дегенмен, Е.Мұқажанов бұл уақытша құбылыс екенін алға тартып, Мемлекет басшысы Жолдауда айтқандай тығырықтан шығудың жолдарын жан-жақты қарастыру керектігін айтты.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде: «Бүгінгі жас буын күш қайраты барда елі үшін аянбай қызмет жасауға міндетті. Өз Отанын әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосу – білікті, білімді, иманды, саналы ұрпақтың қолынан ғана келеді. Сол үшін жастар қазірден бастап қарекетке көшу керек», — деп атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK