Алғашқы мереке Азамат НҰРМҰХАНОВ.

435
дереккөз

АРУЛАР жайнағанда көктем келіп,
Қиялмен бұлтқа қонып көкке өрледік.
Жанары жүрегіңді жаулап алар,
Шіркін-ай қандай ғажап, неткен көрік?

Ал, қыздар көктемдегі гүл қызғалдақ,
Жайқалған жерден гүлді кім қызғанбақ?
Көркіне тамылжыған əн жолданса,
Ақындар өлең жазар мың қызға арнап.

ƏЙЕЛДЕР өзгергенде маусымда бұл,
Қобалжу байқалмай ма дауысыңда бір?
Болмаса ескен самал оған ғашық,
Аспаннан күн күркіреп жаусын ба нұр?!

АНАЛАР отбасының ұйытқысы,
Ғажайып сулулықтың сүйіктісі.
Əлемді бір қолымен тербегенде,
Жаһанның тоса алмайтын иықтысы.

АПАЛАР өнегесін тəлім еткен,
Балауса көз жүгіртіп шағына өткен.
Иіскеп немересін мейірленер,
Кіргендей қайта келіп жаны көктен.

Сенімге сендіретін сене алмасты,
Ырқына көндіретін көне алмасты.
МАХАББАТ маужыратқан  мезгілдің бұл,
Мерейлі мерекесі ең алғашқы…

 Сағыныш


Сағындым ана, өзіңді қатты сағындым,
Қалада мынау қадірі қашты сабырдың.
Арманым мені жаныңнан алыстатқанда,
Сезілді бірден суығы жауған жауынның.

Қаланың таңы жетпей жүр ауыл таңына,
(Отбасымды алып жетемін қашан жаныңа?)
Ақылымнан тек адаспай жүрсем болғаны,
Маңдайым ыстық тигенше алақаныңа.

Асылым ана, аяулы ана, жан ана,

Сағыныш отын маздатқан менің санама.

Дүние мүлік бұл күнде бізде бәрі бар.
Жетпей тұр сенің ақылың ақын балаңа.

Құлшынып ұлың құшағын кеңге жаяды,
Мəнді болса да мен тапқан бақтың баяны.
Жаутаң қағады тамшы мұң толып жанарым,
Сендегі ыстық таба алмай іздеп саяны.

Ардақты анам, қадірлі  менің анашым,
Сағынышым ғой тауысқан төзім шарасын.
Ақылыңды кейде кетуші ек ана тыңдамай,
Дәнішпан ана біз үшін мәңгі дарасың.

Қайтейін көңіл сағынышымен шектелсе,
Ақылға көнем ақынға өлең еп берсе.
Асығып жүрмін мəн кетіп ұйқы-күлкіден,
Жаныңа сенің отбасымды алып жеткенше..!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK