Гүлдер Айтақын БҰЛҒАҚОВ.

454
дереккөз

Гүлдер-гүлдер қызғалдақ қырмызылар,

Жұпары жоқ, тікенге  кім қызығар.

Аспан асты шамдай боп жарқыраған,

Әркімнің аңсаған бір жұлдызы бар.

 

Бүрін ашып, күндей боп күлімдеген,

Қыз қызғалдақ білгенге шыныменен.

Жылы сөзге, жадырап жаны  жылып,

Қатты сөзден  жүрегі  дірілдеген.

 

 Жауқазындар жайқалып жарқыраған,

 Тау суындай мөп-мөлдір сарқыраған,

Отанасы жылытқан отағасын,

Шындығында арулар алтын адам.

 

Жұпарымен тамсатқан айналаны,

Әркім сүйіп өз гүлін аймалады.

Гүл солмасын, тірлікте гүл тоңбасын,

Гүлдер солса, қурайға айналады.

 

Көктем шықса, қырда гүл дүркірейді,

Найзағай от, күнтағы күркірейді,

Қыз мұңайса, өмірдің қызығы жоқ,

Қызығы жоқ, ғұмырда кім түлейді.

 

Гүлдей нәзік, құлпырған көріктілер,

Гүлге ғашық, ес-тұзсыз бөріктілер.

Табиғат пен жаны егіз жауқазындар,

Көрген көзді еріксіз еліктірер.

******

Жалғыздықтан жабырқап жүргенімде,

Жылағаным белгісіз күлгенім де.

Іздеуменен жанымның жұбанышын,

Мұңға шомдым, көз ілмей түндерім де.

 

Өз-өзімнен  күбірлеп үнім балдай,

Тәтті  ұйқымды төрт бөлген түнім қандай,

Өлең көшіп барады, өмір көшіп,

Тіл азар бала құсап тілімді алмай.

 

Тақырға шашыраған тарыдайын,

Сарсаң ойлар, шаршатты сары уайым,

Уақыт зулап барады зымырандай,

Атом құсап менде енді жарылайын.

 

Көңлімінің күйі ұзақ, күмбірлеген,

Кеудем сандық ішінде мың бір өлең.

Үп еткендей сөнеді, өмір  жалын,

Білте шамның отындай үлбіреген.

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK