Гүл қашанда сұлулықтың һәм жаңарудың таңбасы. Содан болар, ер азаматтар нәзік жандыларды гүлге теңеп, құшақ-құшақ гүлдерін сыйға тартып жатады. Әсіресе, әйелдер қауымының төл мерекесінде гүл беріп, ілтипат білдіру – нағыз ер азаматқа тән қасиет. Бұл үрдіс жылдар бойы жалғасып келген-ді, жалғасып та жатыр. Айталық, әсем гүлдердің бағасы да бұл күні шарықтай түседі. Мереке қарсаңында taldykorgan-online.kz порталы гүлдердің бағасын тексеріп көрді.

Қазір қала орталығына бара қалсаңыз гүл саудасының қызып тұрғандығына куә боласыз. Бірі анасына, бірі жарына, енді бірі әріптесі мен қарындас-әпкесіне гүл алу үстінде. Мерекеде гүл сыйлап арулар көңілін көтергісі келгендердің бірі – Айбек Есімбек. Ол өзімен бірге жұмыс істейтін нәзік жандыларға осылай ерекше құрмет көрсеткенді жөн санаған екен.

– Жылына бір рет келетін мерекеде аруларымызға гүл сыйлап, көтеріңкі көңіл күй сыйлағанды жақсы көремін. Әйел затын құрметтеуіміз керек, себебі олардың қоғамдағы орны ерекше, — дейді.

Айбекке гүлдердің бағасы тым қымбат емес пе деп сауал жолдап көрдік. Ол «баға бұл кезде көтерілмеген де, енді қашан көтеріледі? Сондықтан ұнаған гүлімізді бағасына қарамай сатып алдық», — деп қайырды.

Иә, арбатта Айбек секілді гүл алып жүрген ер азаматтардың қатары көп. Яғни, ауа райының қолайсыздығына қарамастан гүл сатушылардың саудасы қызып тұр. Әркім талғамына қарай таңдап алып жатыр. Мәселен, мұндағы раушан гүлдерінің бағасы 500 бен 1000 теңгенің арасын құрайды. Ал, қызғалдақтардың бағасы 300 кейбір жерлерде 600 теңге. Гүлдердің басым көпшілігі голландиялық дейді сатушылар. Арасында Алматыдан алдырғандары да бар.

Мамандар гүл сыйлаудың да сыры бар екенін айтады. Демек, адал жарыңызға ақ түсті бақыт гүлін сыйға тартқан жөн. Ал, үлкен жастағы ана-әжелерге ақшаны текке шашпау үшін үй гүлдерін алған дұрыс. Алайда, талғамға талас жоқ. Тек, сол гүлді шынайы көңілмен берсеңіз болғаны.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK