МАМАНДЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

500
Дереккөз

Болашағымыздың жарқын бола түсуі өміріміздің іргетасын қалайтын, мамандық таңдаудан басталады десек артық айтпағанымыз. Мектеп қабырғасында оқыған сәттерімізде әр пәннің басын шалып, қызығушылығымызға ілінгенінің тереңіне бойлай бастаймыз. Ал, қателесуге болмайтын сын сағатқа жеткенде келешектегі кәсібімізді айқындауда машақатқа түскенмен, өнер-білімнің белгілі бір саласына бет бұруымыз өзімізге байланысты.

Алдыңда тұрған тарамдалған жолдың қайда апаратыны белгісіз. Сан түрлі мамандықтың тізім санада сайрап тұр. Таңдау жасар сәт туғанда соның бірі қателеспей даңғыл жолда дарынымен дараланады. Енді бірі сәтсіздікке ұрынып, тар көшенің тайғағына түскендей, күй кешеді. Ойлап қарасақ, әрбір жаман және жақсы жағдайдың қайсысы болмасын, тікелей оқу бағытын дұрыс бағдарлағаннан туындайды. Осы уақыттан күні кеше өтіп, студент атанып үлгерген кейбір жандардың сабағына салғырттық танытқандары байқалады. Алтын уақытын дәлізде қор қылып жүргендерге қарап, шешуші кезде сүрінгендер осылар ма деп ойладым. Сөзге тартып, сұхбаттасқанымда барлығы өз қалауларындай болмағандығын айтады. ҰБТ-ны тапсырғаннан кейін ұпай санының жетіспеушілігіне байланысты ойындағысына қол жеткізе алмай, амалсыз мүмкіндігі бар пәнге түсуіне мәжбүр болғандар. Ақылы оқудан айналып қашып, уақытша қиялдың жетегімен келіп, басқа білімді төңіректеп жүргендері де кездеседі. Осындай жағдайға душар болып, тегіс жерде шалыс басқандар бар. Солардың бірі- Сағынбек Самат (аты – жөні өзгертілген).

Ол өте арманшыл болатын. Мақсатының жетегімен желдей есіп, 2009 жылы Жаркент қаласындағы колледжге информатика мамандығына түседі. 2012 жылы тәмамдағаннан кейін, орта білімдік қызыл дипломы ешқайда жарамай, жұмыс таппай біраз жүріп қалады. Жоғарғы білімнің керектігін түсінгеннен кейін ЖМУ-дың  информатика мамандығына түсуді ойлайды. Бірақ, ұпайы жетпей, білім ордасының табалдырығын бастапқы әскери дайындық мамандығының студенті ретінде аттайды. «Жүрек қалауыммен таңдалмағандықтан болар, болашақ қызметіме деген құлшынысым жоқ. Міне, төрт жылдық оқуды да осы көктемде аяқтаймын. Алайда, осы салада жұмыс істер ниет байқалмайды. Жазда жұмыс істеп жүріп үйренген экскаватордың рөлін ұстасам ба деймін. Өзімнен кейінгілеріме айтарым тек алдыға нақты мақсаттар қойғаннан кейін ғана нық қадамдар басуға кеңес беремін»-деп өткеніне өкінішін білдірді. Міне, осылайша жаңылысқандардың бірінің сұхбаты көңіліме түрлі ой салды. Мұндай себептер о баста келешегіне салғырттық танытып, уақытты текке өткізгендердің өздерінен кеткен қателік. Мемлекет тарапынан сұраныс туындамаған саланы оқып шыққандар соңында жұмыс таппай қалып жатады. Нәтижесінде, «диплом бар, жұмыс жоқ»- деп сылтаурататындардың қарасы көбейгендерін ескерген дұрыс болар. Болашақпен байланысатын кәсіп таңдарда елімізге қажеттілігі күннен-күнге артқанына ойысқан жөн. Мәселен, сарапшылар елімізде жер асты қазба байлықтары  мол болғандықтан, энергетик, химиктердің қашан да болсын жетіспейтінін хабарлайды. Сондай-ақ, өндіріс пен техниканың қарыштап дамуынан инженерлер, қоршаған ортаның ластануынан экологтардың атқарар шаруалары мол.  Ал, педагогика, медицина, ауылшаруашылығы әрдайым бірінші кезекте тұрмақ. Ғарыш саласындағы астрофизик, астрономдармен қатар механик, геодезист, картогроф сияқты мамандықты таңдайтындар жоқтың қасы. Керісінше, күн санап сұранысы артып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Шын мәнінде, еліміз осындай саладағы қызметкерлерге зәру болып тұр. Біздер болсақ, қаржы, заң, кеден, салық сынды мамандықтарды таңдап, бір орынға 30 адамнан келетін жұмысқа таласып  жатырмыз. Бұғандәлел — ҚР Бас прокуроры  орынбасарының мәлімдеуі бойынша, еліміздегі ЖОО-ның әрбір екіншісі заңгерлерді дайындайды. Соңғы 12 жылда 185000 талапкер заңгер мамандығында білім алған. Биылғы жылдың өзінде 18000 маман даярланып, өткен 10 жылдықпен салыстырғанда 4 есеге көбейген.

Әрине, барлықтары жоғарыда айтылған  жағдайда жүрген жоқ. Дұрыс шешімнің жемісіне кенеліп, үлкен жетістіктерден көрініп жүргендер жетерлік. Ал, әлі де болса кім болам деген ойда жүрген жеткіншектер дұрыс таңдаулар бар екенін ескергендері абзал. Келешекке кемел оймен көзсалып, үлкен өмірге қадам басардағы керекті бастамалардың бірі, мамандық таңдаудың маңызын ерте ұғынып, жоғарғы мансаптарға қол жеткізсе екен дейміз.

Мадияр Тоқан, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK