Тағдыры баламен тоғысқан

278

Еліміздің Президенті Н. Назарбаев:«Кәсіпкерлік- азаматтық қоғамның  тірегі, тұрақтылық кепілі»-деп атап көрсетті. Индира Жетенбайқызы- қазіргі таңда мемлекеттік- жекеменшік серіктестік негізінде балабақша ашып отырған кәсіпкер.

 Ол педагогикалық училище, Алматыдағы  Қыздар педагогикалық институтын бітірді. Одан әрі   білімін шыңдап Сәтбаев атындағы  Политехникалық университетті аяқтады. Мектепте, балабақшада жұмыс жасады. Телекоммуникация саласында 17 жыл қызмет етті.  Алайда,  ойында,  бала тәрбиесі,  оларға арналған орталық ашу ісі көкейінде қалды.

-Көпбалалы отбасында өстім. Әкем Жетенбай ұзақ жыл мұғалім болды. Оның тәрбиелеген шәкірттері есімі елге белгілі спортшылар. Ал анам Ғазиза сауда саласында қызмет жасады. 90 –жылдардың басындағы қиын уақытта үйдің берекесін келтірген анамыз   ерте көктемнен бау-бақша егіп, жайқалтатын. Артық өнімді ауылдастарымен бөлісетін. Сонда  белгілі ақын Ахмет Кендірбек аға үйге келіп, анама  « осы сіздің  бақшаңызға еккеніңіз жайқалып шыға келед, сырын бөлісіңіз» дейтін. Анамыз оған өлеңіңді жазып, кітабыңды шығарып,  жүре берсеңші. Ал бау-бақшаны бізге қалдыр-деуші еді.

Жыл сайын  көктемнің алғашқы мерекесінде Алматыдығы балаларының қолында тұратын  анам Ғазизаны  барып құттықтаймыз. Сонда әлі күнге  бала болып көрінемін бе, қолындағы ақшасын  маған беріп жатады. Мектепте, балабақшада істегенімде  ылғи  жеке кәсібім болса деп армандайтын. Белгілі бір кәсіпті  бастау-оңай емес.  Әзиз ананың « өз кәсібің болса , ол нәсібең»- деп отыратын ақылы да құлағында. Мақсат, жігермен қоса үлкен жауапкершілік зор екендігін  жақсы түсінемін. Оның үстіне,  Елбасының  балаларды  мектепке  дейінгі тәрбиемен қамту 2020 жылға дейін толықтай қамту  жөнінде  тапсырмасын естіген соң, өз арманымды қалай да  іске асыруға құлшынысым артты.  Менің ойымды отбасындағы жолдасым да,  қыздарым да құптады. Сол  қолдаудың арқасында 2016  жылдың  соңында « Аниса» балабақшасын 50 балаға арнап аштық.  Балабақша  атауы  кіші қызымның  есімі Анисаның  құрметіне қойылды,- дейді  кейіпкер.

  Бүгінде  кәсіпкер 20-дай адамды жұмыспен қамтып отыр. Тәрбиешілер мен педагогтар,  тәрбиеленушілер     балабақшаның бір жылдығын атап өтті. Бұл жерде мерекелік іс-шара жоспарға сай өтіп тұрады.

Жеке кәсіпкер Индира Желеубаева тағы бір балабақша  құрылысын қолға алған. Қаламыздағы  Ескелді би көшесінде бастаған жұмыстың негізгі бөлігін құрылысшылар аяқтап қалған. Бұл  тәрбие ошағы үлкен қызы Мариямның атымен аталады,  әрі  атауы жаңаша латын қарпімен  ілінеді деп жоспарланып отырған көрінеді.

«Әрине, ойға алған істі қаражатсыз бастау қиын. Сондықтан да, Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығына  барып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті   дамыту» бағдарламасы бойынша  18 миллион теңгені жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен  5 жылға алдым.  75 балаға лайықталған  балабақшада  денсаулығында ақауы бар  балаларға арналған топ ашсақ деп жоспарымыз бар.   Неврологиялық  орталық  бастамаға қолдау білдірді.

 Бүгінде  асханалық, төсек-орын  және де басқа құрал-жабдықтар алынуда. Балабақшаны  жақын уақытта  ашуға әзірленіп жатырмыз.  Жалпы бала- болашағымыз. Сондықтан балдырғандар тәрбиесіне үлес қосу- мақсатым»- дейді кәсіпкер Индира Желеубаева.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK