Қазақстан діни басқармасы «Зекет» қорының бастамасымен қолға алынған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы үнемі мұқтаж жандардың қиыншылығын шешіп келеді. Осыған дейін Жетісу жеріндегі көптеген адамдарға көмек көрсеткен қор өкілдері Алматы облысы Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының екі бірдей тұрғынына баспана сыйлады. Жаңа үйдің кілттері Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінің ашық алаңында оқылған құрбан айт намазы кезінде табыс етілді.

Осы орайда діни басқарманың Талдықорған өңірі бойынша өкілі, «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаев жалпы Жетісу жұртын құрбан айт мерекесімен құттықтап, жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді.

Ардақ Нүсіпханұлының айтуынша, бұл жолғы үйлер жалпы ел көлемінде табысталған 436-437-ші үй. Ал, Талдықорған өңірі бойынша  берілген 78-79-ші  баспана. Үйлі болғандардың бірі – Ақын Сара ауылындағы тұрмысында қиыншылығы бар үш баланың әкесі Тілек Мәлгажыдар есімді азамат. Оның өткен жылы аяқ астынан баспанасы өртеніп кеткен. Екінші үйдің кілтіне ие болған Самал есімді жалғаз басты ана.

– Бұл екі адамның да жанұялық жағдайы ауыр.  «Көп түкірсе – көл» деген. Енді, міне, «Зекет» қорының жобасы аясында жергілікті жамағаттың көптеп көмектесуімен екі азамат та баспаналы болды. Алла осы іске атсалысқан әрбір жанға берекесін берсін,–деді Ақын Сара ауылындағы мешіт имамы Қуатбек Тұрысбекұлы.

Сөз кезегінде баспана кілтін қолына алған қуаныш иелері «Зекет» қорына және жалпы көмек қолын созған жамағатқа, ауыл халқына айрықша алғысын жеткізді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK