Талдықорғанда белгілі қоғам қайраткері,  тыл және еңбек ардагері, Алматы облысы және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, Республиқалық дәрежедегі дербес зейнеткер  Егеубек Далбағаевқа  естелік тақта орнатылды. Марқұмның тасқа қашалған жарқын бейнесі оның  өзі тұрған Қаратал шағын ауданындағы №9 үйдің қабырғасына ілінді. Қала әкімінің қолдауымен қолға алынған бұл шараны Ардагерлер кеңесі ұйымдастырған. Облыс орталығында дәл осындайт 14 тақта қою көзделген.

Егеубек Даданбекұлы 1931 жылы 19 қыркүйекте  Алматы облысы Ақсу ауданның Кеңқарын ауылында туған. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институты мен Алматы жоғары партия мектебін үздік дипломдарға бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1953 жылы Қаратал ауданның Тастөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектебінде ұстаздық жұмыстан бастаған ол сол ауданда 18 жыл бойы еңбек еткен. Осыдан бастап Егеубек мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандағы Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары сынды қызметтер атқарған. 1971 жылы партия жұмысына ауысып, Көксу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Талдықорған облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің  орынбасары болып істеген. 1980-1992 жылдар аралығында Талдықорған облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып, еңбек демалысына шыққанға дейін абыройлы қызмет атқарған.

Егеубек Далбағаев 1992 жылы Талдықорған облыстық ақсақалдар алқасы құрылып, оның төрағалығына сайланған. Осы орайда ол жаңадан жасақталған «Шежіре» отауы құрамында Жетісудың тарихын, мәдениетін насихаттауда көптеген жұмыстар жүргізген. 1992 жылдан 2012 жылдың қазан айына дейін Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Орталық ардагерлер кеңесінің мүшесі болған. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендері мен басқа да  бірнеше медальдың иегері.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK