Қазақ өнерінің саңлағы, қазақтың ардақ тұтар әнші-сазгері Дәнеш Рақышұлының туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осындай мерейлі тойды атап өту мақсатында музей қызметкерлері де арнайы іздеу жұмысы барысында тікелей ұрпағымен кездесіп, «Музейге сый» акциясы бойынша композиторға тиесілі жеке заттары мен фортопианосын сыйға алған болатын. Осы негізде әншінің туған күніне орай шағын экспозициялық комплекс құрылып, тақырыптық экскурсия ұйымдастырылды және әншінің ұрпағы Гүлнар Дәнешқызымен тікелей эфирде сұхбат жүргізілді. Сұхбат барысында қазақтың сан ғасырлық ән өнеріне өз қолтаңбасын қалтырып кеткен, талабы, тәлімі, өнері айрықша Дәнеш ағамыздың көптеген естеліктері, асыл мұрасымен тағы бір жүздесіп, ерекше әсерге бөленгендей болдық.

Арнайы өткізілген шарада Дәнеш Рақышевтың шәкірті Серікбол Төлеутайұлы Шыныбаев Т.Рақымның сөзіне жазылған «Ән салайын» әнін шырқап ұстазының абыройын асырды.

Балалық шақтан әнді де, әншіні де ерекше құрметтеп өскен, болашағы өнермен бірге өрілген дарынды Дәнеш ағамызда өзінің күнделігінде анасының ел ішінде әншілігімен танылғандығын, әуел бастан әкесі мен анасының айтыс өлеңінің жолын таңдап, бірер рет айтыста бағын сынағандығын, кейіннен  әншілік жолға ойысқандығын жазса керек.  Әншілік жолды сан алуан соқпақтардан бастаған Дәнеш Рақышевтың әнші-сазгер ретінде қалыптасуына, оның табиғатынан дарыған еңбекқорлығы мен өз бетінше ізденгіштігі, талаптығы ықпалын тигізсе керек. Қызметінде де, өмірінде де қандай қиыншылықтарды бастан кешсе де, тағдырының берген сыйы іспеттес қабылдап, үнемі өз бетімен білім ізденуге, өзін өзі жетілдіруге үйретіп отырған өнерпаз — елінің шоқтығы биік әншісі атанады.

Әнші өз естелігінде: «Тәрбие деген –көз алдыңда болып жатқан құбылысты көңіл көзімен қарау, бойыңа сіңіріп, жан-жүрегіңе дарыту», деп өзі айқындағандай, болашақтағы өнер жолын жоспарлай отырып, өзі пір тұтқан Әсеттің, ұстаздарының өмір тәжірибесін қайталау қажет екендігін байыптап, жан тәнімен беріле ән теңізіне батуды өзіне міндет, парыз санап, әрдайым ұстаздарына жақын болып, кездесуге, әндерін тыңдауға, тәлім-тәрбие алуға талпыныс жасап, әндерін тыңдап қана қоймай, әншілік шеберлігін бойына сіңіруді өзіне мұрат тұтқан өнер иесі екендігін артында қалған мұраларынан аңғаруға болады.

Көмейіне бұлбұл қонған дарын иесі арғы бетте Құлжа, Күнес өңірі мен Сайрамкөл жайлауын аралап ән салып, серілік құрған, дүниенің бар қызығы өнерде деп түсінген композитор – табиғат тарту еткен асқақ үні, өміріне өзек болған Әсеттің әндері қалың қауымның ықыласына бөлеп, жастайынан көзге түсіп, «Сенің дауысың халқыңның асыл қазынасы», деп ақылын айтқан, «Өнеріңе өрнек бітсін», -деп сүйсінген ұлы жазушы М.Әуезов пен С.Мұқанов сынды алыптардан ақыл мен бата алған еңбекқор әншінің кішкене жолы кейін үлкен даңғылға айналғаны ақиқат.

Ақтарлан әнші өзі түйіндеп кеткендей, «Өнер көрсету – үлкен еңбек. Ал осы еңбек адамға азап емес, қуаныш әкелетіндей болуы керек. Ол үшін шексіз табандылықпен, қажырлылықпен еңбектеніп, өз ұлтының жанашыры болуы парыз», деп ұлтшыл емес, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін.

Дәнеш ағамыздың репертуары өте бай, қанжығасына бұйыртқан жүзден астам әні бар. Оның гауһардай сәуле шашқан қырын ерекшелейтін – композиторлығы бір төбе және сомдаған рөлдері де бар.Сондай ақ арғы бетте көз жұмған Әсет Найманбайұлы мұраларының туған халқына оралуын тікелей «дүлдүл Дәнештің өнерімен байланыстырған жөн», деп әншінің төл шәкіртінің бірі, Нұржан Жанпейісұлы өзінің тілшілерге берген бір сұхбатында айтқан болатын.

Осындай дархан көңілді, кең пейілді, жібек мінезді, ағынан жарылып, әңгіме айтып, ақтарыла асқақ ән шырқайтын, ақтарлан әншінің басқа біз білмейтін жақсы қасиеті бар екен. Ол қасиетінің бірі – өзінің жеке басын мақтап, мадақтауды, көтермелеуді ұнатпайтындығы. Әншілік жолында қошемет бола қалса: «Әсіре қызыл тез оңар» деп өзінің аса қолпаштауды жаратпайтындығын білдіреді екен. Ал ұстаздық қызметі оның талантты ұйымдастырушы, ізденімпаз жетекші және мейірімді, жауапты, байсалды қырынан көрсеткендігін бұрынғы Д.Рақышев мектеп-интернатының директоры Р.К.Дүйсенбінова сондай сүйіспеншілікпен еске алады. Ал өмірдегі зайыбы, өнер жолындағы серіктесі Рахила апамыз жолдасының ешкімді руға, жүзге бөліп қарамағандығын, барша халықты тең көргендігін, берген уәдесі мен айтқан сөзін дер кезінде бұлжытпай орындайтын адал жар, мейірімді әке болғандығын өз жазба естелігіне түсірген.

Қорыта айтқанда, Дәнеш Рақышев қайталанбас өнер иесі ғана емес, өз өнерін жастарға үйретуден жалықпаған үлкен ұстаз, жауапты да, талантты ұйымдастырушы, байсалды адал жар, мейірімді әке, қамқоршы аға бола білген тұлғаның жан тебірентер мұрасынан бүгінгі және келер ұрпақ ең ізгі адамгершілік қасиеттерге тәрбиеленіп, шабыт пен шаттықтың нәрін алары ақиқат.

 

                                                                                                  Жазира Тауетова,

                                                           М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық                                                               тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK