Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына Жетісудың сегіз бірдей өнер тарланын еске алуға арналған әдеби сазды кеш өтті. Кеш жүргізушісі белігілі ақын Жұматай Оспанұлы. Осымен  төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Тағзым» атты шараға Алматы облысы әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйтқы болған.   Мұндағы  мақсаты   – өңірдегі ұлт мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келкен өнер майталмандарының еңбегін  кеңінен дәріптеу  арқылы  жастарға үлгі өнеге сыйлау.

фото А. Қажеке

 Кеш шымылдығы  от ауызды, орақ тілді зағиып ақын Темірғали Рүстембековтің 14 жасында әке-шешесін сағына жазған жыр шумақтарымен түрілді. Осыдан соң ақынның өмірі жайлы  «Жетісу» телеарнасы арнайы  дайындаған бейнебаян жұрт назарына ұсынылып, қызы Күнсая Оспанова әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Келесі кезекте жұрт лирик ақын, бірнеше драмалық  шығармалар мен дастандардың авторы  Құдаш Мұқашевті еске алды.  Қысқа ғана қырық бір жылдық ғұмырында  артына өшпес із қалдырып кеткен  Құдаш ақын мен оның жары Ақжолтайдың жастық шағы шебер сомдалған сахналық қойылымда көрініс тапты. Дәл осылай басталған тағылымды шара әуезді ән, толғамды жыр жолдарымен жалғасып, қазақ журналистикасының қос тарланы  Бақыт Әлімов, Рафат Әбдіғұловқа, «Жетісу» телеарнасына елеулі еңбек сіңірген Еділ Төкенов, Наталья Борсенко, Тұрсынбек Ыбырайымбекұлына және сахналық текті өнердің  теңдесіз шебері  Асан Исаевқа арналды.  Жиналған жұрт алдында сөз алған  Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев : «Ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасы – сөз өнерінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан Жетісу өлкесінің мәдениет және әдебиет саласының қайраткерлеріне құрмет көрсету – біздің басты парызымыз. Осыдан төрт жыл бұрын ақын Ахметбек Кендірбекұлының бастамасымен қолға алынған «Тағзым» шарасы жыл сайын  жалғасып, дәстүрге айналды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жоба авторына айтар алғысымыз шексіз. Бұл іс бұдан былай да жалғаса бермек. Мәңгілікке бағыт алған қазақ елі барда арыстай азаматтардың есімі ел есінен еш өшпейтін  болады» – деді.

 Шара барысында  кеш кейіпкерлерінің қылқалам шеберлері салған  суреттері туған-туыс, ет жақындарына  табыс  етілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK