Биылғы жылы еліміз өсіп-өркендеуі жолындағы үшінші онжылдыққа нық қадам басты. Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына да  аттай 20 жыл толып отыр. Әлемді дүрліктірген пандемияға қарамастан Талдықорған қаласында құрылыс жұмыстары қолға алынған.

 Қаламыздағы байырғы ғимараттардың санатында Н.Островский атындағы №8 орта мектеп те бар.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше,бұл аталмыш білім ошағы ғимаратына  күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар нысанның әрін кіргізуге 713 млн.теңгедей  қаражат қарастырылып отыр.

-Талдықорған қаласындағы байырғы ғимараттардың  қатарындағы  білім ошағына үстіміздегі жылы  күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл мектептің іргетасы сонау 1929 жылы қаланыпты. Ал 1969 жылы 1қыркүйекте қолданысқа берілген көрінеді. Бастапқыда 1 мың бала лайықталып жобаланған  екен. Содан бері қанша  ұрпақ білім нәрімен сусындап келеді. 2009 жылы ішінара жөндеу жұмыстары жасалған еді.

Қазіргі таңда 1178 оқушы білім алуда. Сондай-ақ,  95 мұғалім қызмет жасайды. Негізінен мектепте 35 оқу кабинеті және де қосымша асхана, спорт зал, салтанатты шара залы, дене тәрбиесі мұғалімдеріне арналған бөлмелер бар,-дейді «Н.Островский атындағы №8 орта мектеп» КММ директоры Ләйлә Иманбекова.

Бүгінде аталмыш мектеп ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмысы қарқынды қолға алынған.Ғимарат іші де, сырты да толықтай сылағынан тазартылу жұмыстары жасалуда. Қарбалас жұмыстың үстінен шықтық. Мектептің толықтай жаңарту жұмысы ағымдағы жылдың 12 маусымында  басталған. Нысанның қайта жандануына тапсырысты орындаушы мердігер «СП «NEFT» ЖШС жауапты.

Бізді  қақпа  алдынан мектептің шаруашылық жөніндегі жауапты қызметкері Жанар қарсы алды. Жөн сұрасқан соң, құрылысқа  жауапты мердігер компанияның өкілдеріне жөн сілтеді.

«Облыс орталығы Талдықорғандағы  мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмысын 12 маусымда бастап кеттік. Содан бері ғимарат іші бұрынғы сылақтардан тазартылып, шығарылуда. Қабырғаларының жер сілкінісіне қарсылығын нығайту мақсатындағы жұмыстарды сылақшылар бригадасы  жүргізуде.

Су, жылу жүйелері толығымен ауыстырылып, дәнекерлеу жұмысы жалғасуда. Қазір 3 қабатты бөлігінде  және 2 қабатты қосалқы бөлігінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жерде сылақшылар, электрик, тасқалаушы, төбедегі шатырды жабушылар топтарынан  құралған 60-тай адам жұмыс жасауда.  Құрылысқа қажетті  есік-терезе, ағаш, темір түрлерінен жасалған жабдықтардың барлығы отандық  өнім. Қазір жұмысшылар  төбені сәл биіктете кірпішпен көтеріп, шатырды жабудың қамында»,-дейді «СП «NEFT»  ЖШС құрылыс жұмысына жауапты өкіл Оңалды Тәжібаев.

Дәретхана ғимараттың iшiнде орналасқан. Ал бейнебақылау жобада қарастырылған. Бұл ретте,  турникетке тапсырыс беріліп отыр. Осылайша,  ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсанына  дейін аяқталса, оның ішіне қойылатын заманауи  жабдықтармен де қамтылары   сөзсіз.

Сондай-ақ, жоба бойынша  волейбол, баскетболдық алаңмен қоса хоккей корды  қалпына келтіріледі. Мектеп айналасын абаттандыру  да жасалады деп күтілуде. Құрышқолды құрылысшылардың жұмысы сәтті болып, жобадағы істердің барлығы жүзеге ассын деп тіледік.

Аталмыш алтын ұядағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, білім беру мекемесі жаңаша кейіпке енер күнді мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар тағатсыздана күтуде.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK