Биылғы Құрбан айт мерекесі шілде айының 20-21-22 күндері деп бекітілген. Айт намазы жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6.30-да оқылмақ. Осы күні орындалатын ұлы амалдардың бірі – құрбан шалу. Құрбандық шалу елдегі төтенше жағдайға байланысты онлайн тапсырыс беру арқылы жүргізілмек. Алайда, «Құрбан айт намазы қалай, қай мезгілде оқылады, құрбандық малын онлайн шалудың тәртібі және оның етін үлестірудің жолдары қалай?» — деген көп көкейінде жүрген біраз сауалдар бар. Бұл сұрақтарға «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкілі, «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаев толыққанды жауап берді.

Жиналған қауым алдында сөз алған өңір имамы: «Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»,– деп кәусәр сүресінің 108/3 аятында  әмір еткен. Ал, құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалатын адам мұсылман болуы, жолаушы емес,  85 грамм алтынның құнына тең келетін ақшасы немесе мүлкі бар адам болуы шарт. Құрбандыққа шалынатын малдың 12 мүшесі сау, көзі соқыр, құлағы шұнақ болмауы шарт. Құрбандық айт намазы оқылып болған соң арнайы дұға жасалып шалынады. Малдың басын құбылаға қаратып «Бисмилләһи Аллаһу Акпар», – деп жанын қинамай бауыздаған дұрыс.  Мұнда түйе 5 жасқа, сиыр –2, қой мен ешкі 1 жасқа толған болуы қажет. Ал, түйе мен сиырды 7 адамға дейін бірлесіп,  қой мен ешкіні бір адамның атынан арнап шалуға болады. Құрбандықтың етін 3 бөлікке бөліп, бір бөлігін өз отбасына, енді бір бөлігін туыс-туған, көршілеріне, тағы бір бөлігін мұқтаж адамдарға берген абзал. Егер жеке үйлерде құрбандық шалған азаматтар шалған құрбандығының етін тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға бергісі келсе, тікелей, немесе мешіттерге апарып табыстауға болады », -деді.

Осыған сай, қазір Қазақстан діни басқармасының мәліметінше, www.qurban2021.kz сайты іске қосылған. Аталған сайт арқылы әрбір азамат өзі тұрған өңірді таңдап құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Әрі мұқтаж адамдардың ет алуға деген өтініштері қабылданады. Сонымен бірге әр аймақта карантиндік талаптарды сақтай отырып, қасапшылар малдың ішек-қарынын аршып,  бас-сирағын үйтіп дайындайтын азаматтар мен етті үйлерге дейін жеткізіп беретін еріктілер дайындалған. Мәселен, өткен жылы Талдықорған өңірінде бір түйе, 55 ірі қара, 600-ден астам ұсақ мал құрбандыққа шалынып еті тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға таратылған.

— Талдықорған тұрғындары үшін қаланың «Шығыс» шағын ауданында жаңадан салынған ет комбинатының аумағында арнайы құрбан шалуға арналған орын белгіленген. Шаһар жұрты мешіттерге тіркелу арқылы онлайн құрбандық шалуға тапсырыс бере алады. Осыған сәйкес, өңірдегі имамдар аймақтағы «Көк мұрын», «Талаптан» сынды бірнеше шаруақожалықтарымен келісіп, мешітте онлайн тапсырыспен құрбандық шалушыларға бар мүмкіндік қарастырылған. Онда қой – 65, ешкі – 40, сиыр – 370, түйе – 800 мың теңгеден деп белгіленген. Бірақ, бұл онлайн тапсырыс болғандықтан, баға көрсеткішінің ішіне малдың сою ақысы, ішек-қарнын тазалау, бас-сирағын үйту, еріктілердің көлікпен жүріп әрбір мұқтаж адамдардың отбасына жеткізіп беруіне дейін толық қамтылған. Сондай-ақ, мереке күндері құрбандық малын сатушылар бұрынғыдай мешіт маңында және кез келген орында тұрып сатуына рұқсат етілмейді. Мешіттерде жылына көптеген адамдарға арнайы азық-түлік таратылып, басқа да көмектер көрсетіліп, түрлі қайырымдылық шаралары жасалады. Құрбан айт кезінде мешіттердегі мұқтаж адамдардың тізімі бойынша еріктілермен діндар азаматтар бірлесіп, әр шаңыраққа дейін шалынған құрбандық етін жеткізіп беретін болады, –дейді Ардақ Нүсіпханұлы.

                                                                                               Айдын КӘЛІМХАН.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK