Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылатыны баршаға мәлім. Көптеген дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда да сыбайлас жемқорлық барлық салаларда таралған, сол арқылы экономиканың дамуына теріс әсер етеді. Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі тетіктерінің бірі болып саналады. Біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына елеулі бюджет қаражаты бөлінеді. Қазіргі таңда пандемия жағдайына байланысты денсаулық сақтау саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі ретінде танылды.

Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің беріктігін тексергендей болды. Мұндай өзгерістерге дайын болмаған денсаулық сақтау саласының жоспарларына да айтарлықтай түзетулер енгізді. Аталған індетке байланысты экономикалық қиындықтарға қарамастан, мемлекет карантиндік іс – шараларға тартылған денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылай қолдауға 179 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Қаражатты бөлуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жіті назарда ұстады. Агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақыны мақсатты жұмсау мәселелері ерекше бақылауда және тұрақты негізде тиісті жұмыстар жүргізеді.

Бүгінгі таңда, республика көлемінде сондай-ақ облыс аумағында тәуекел тобына жатпайтын адамдарға есептеу, қызметкерлерді неғұрлым жоғары тәуекел тобына жатқызу, жұмыс істеген сағаттарды тіркеу және басшыларды қол астындағылардан қамқорлығы үшін ақы алу фактілері анықталды.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 4 өңірде медициналық ұйымдардың лауазымды тұлғалары тарапынан медициналық жәрдемақыларды төлеу кезінде заңсыз іс-әрекеттер фактілері анықталған болатын. Мұндай заңсыздық Ақмола және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында орын алды. Ал өткен жылы дәл осындай заңсыз іс-әрекеттер фактілері 7 өңірде анықталған еді, онда залал сомасы 60 млн.теңгеден асты. Бұдан басқа Қазақстанның үш өңірінде, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Алматы облыстарында КВИ вакцинациялау паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды. Олар іс жүзінде вакцинацияланбаған адамдарға құжат рәсімдеп, вакцинаны жойып отырған.

Ең өкініштісі, халықтың денсаулығы байыту нысанына айналып отыр, ал бюджеттен бөлінетін ақша желге кетуде.Бұл жай ғана сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық емес, халық денсаулығына қауіп төндіретін үлкен қылмыс болып табылады. Сол себепті де, қазір осы бағытта жұмыстар қатаң жүргізілуде. Алайда, халықтың өзі осындай заңсыз әрекеттерге жүгініп, жалған вакцина паспортын сатып алуды жалғастыра беретін болса, өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіретінін ұмытпауы керек.

                                                                        Жандос Сағындықұлы Жұмабаев,

 Қазақстан Республикасы Сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

  Алматы облысы бойынша департамент

басшысының бірінші орынбасары.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK