Бүгінгі күні дәрігер мәртебесі жөнінде де әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Өйткені еліміз бойынша  дәрігерлердің құқығы бұзылатын кез жиі ұшырасатынын жоққа шығаруға болмайды. Айталық, Алматы облысының Қарасай, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында қабылдау бөлімдері мен жедел жәрдемнің  ақ халаттыларына  пациенттер тарапынан дұрыс сөйлемеу, дөрекі қылық таныту, тіпті қол жұмсау деректері тіркелген. Тіпті,  науқастың туыстары  жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соққан да  жағдайлар кездеседі.

 «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен басқосуда Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Өмірзақ Ниязбеков пен республикалық «Медициналық палата» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қуаныш Айқұлов «Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру» турасындағы ойларымен бөлісті.


Арнайы келген денсаулық сақтау саласының өкілдері  медицина қызметкерлерінің жұмысын ерлікке теңеді.  Онсыз да халық денсаулығы күзетінде жүрген дәрігерлердің қадір-қасиеті  әлемдік  пандемия тұсында тіпті арта түскендігі жасырын емес. Көзге көрінбес майданның алғы шебінде жүрген  денсаулық сақшыларының ар-намысын таптап, оның қызмет бабындағы іс-қимылына кедергі келтіріп, дауыс көтеруге кім құқық беріпті?

Спикер Қуаныш Қожақұлұлының айтуынша  ақ халаттылар адам өмірін қорғайды. Ал оларды кім қорғайды?  «Медициналық палата» қоғамдық бірлестігі 2014 жылдан бері құрылып, жұмыс жасауда. Облыс бойынша  денсаулық қызметкерлерінің құқығын қорғауға атсалысады. Дәрігер елді емдей ме, әлде, онымен соттасқан жұртшылықпен сотта жүре ме? Бұл проблеманы шешу  жолында  бірлестіктің адвокаттары жұмыс жасайды.   Дәрігерлер құқығы заңды түрде қорғалуы тиіс.

Кеселді індетті өздері де жұқтырып қайтыс болған өңіріміздің дәрігерлері бар. Көз жұмған оншақты дәрігердің отбасына облыс тарапынан  қаржылай көмек көрсетіліпті. Қазіргі пандемия кезінде ауырып жатқан науқастардың шақыртуына баратындарға, реанимация бөлімі, қабылдау бөлімі тәрізді аурумен бетпе-бет келетін ақ халаттыларға қосымша  ақы төленеді.

Осы коронавирустық инфекцияға байланысты жарияланған төтенше жағдайда медпост аймақтарынан бірінші кезекте дәрігерлер мен медбикелер табылды емес пе? Үйлеріне қайтпай бірнеше айлап науқастарды емдеді. Қанша адамның өміріне араша түсті. Үстіміздегі жылғы ақпан  айынан бері  вакцинациялау науқаны қолға алынғаны белгілі. Осы кезде алғаш болып өздері вакцинация жасатқандар да  ақ халаттылар.  Алматы облысында коронавирустық инфекцияға қарсы 244 егу пункттері, 67 мобильді топ, 17 жылжымалы медициналық кешен жұмыс жасайды.  Қазіргі таңда вакцинацияның 1-компонентімен 470218  және 258043 адам екінші кезеңді егуді алды.

Дәрігерлер қашан да қоғамдық деңгейдегі құрметке  әбден лайықты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK