Бүгінде Талдықорған қаласы жыл санап өсіп-өркендеп, жасарып-жайнап келеді. Нақтырақ айтсақ, соңғы бірнеше жылда облыс орталығында небір жаңа әлеуметтік нысандар мен зәулім тұрғын үйлер салынды. Соның нәтижесінде халық саны да еселеп артып, шаһар қысқа ғана мезгілде 6, 7, 8-ші сынды үш бірдей жаңа шағын аудандармен  толықты.

Сондай-ақ қазіргі уақытта облыс орталығын жан-жақты дамытудың тың жоба-жоспарларына сәйкес, қаланы табиғи газбен қамту және әрбір көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын әсемдеу жұмыстары жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің берген мәліметінше, 2019 жылы бұл бағытта 1,47 млрд. теңге қаржы бөлініп,  шаһардағы 38 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілсе, 2020 жылы  875 млн. теңге жұмсалып, 27 аула абаттандырылған. Ал, үстіміздегі жылы 39 ауланы жасауға 1936,8 млн. теңге қаражат бағытталып, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстан өткен «Golden City DS» ЖШС-мен арнайы келісім-шарт жасалыпты.

Аталған  мердігер мекеме 2009 жылы құрылып, 2019 жылы «Golden City DS» шектеулі жауапкершілік серіктестігі болып қайта жасақталған. Содан бері бұл мекеме тек Талдықорған қаласында ғана емес, Алматы облысы аумағындағы Текелі, Сарқан, Үштөбе және Көксу аудандары сынды жерлерде жол, құрылыс жұмыстарын жүргізумен бірге көпір салу, су құбырларын жүргізу  басқа да ғимараттарды қайта жаңғырту жұмыс жасап келеді. Бүгінде мердігер мекемеге тиесілі 12 құрылысшылар құрамы бар. Онда жалпы 100-ден астам жұмысшы еңбек етеді.

«Мүшелтой» шағын ауданындағы алаңдар салумен аулалар жаңғырту жұмысын қолға алған құрылысшылар құрамының жетекшісі Дәулет Алтаевтың айтуынша, биыл  «Golden City DS» серіктестігі «Мүшелтой», «Самал» шағын аудандарындағы 19,  Ғали Орманов, Ілияс Жансүгіров көшелерінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің 4, жалпы 23 аулаға  алаңдар салып, аумағын абаттандыруды бастаған. Онда балалар ойнайтын және басқа да спорттық алаңдарды салу жоспарда.

«Қазіргі кезде жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жері тегістеліп, аумағы реттеліп, іргесі қалана басталды. Құрылысқа негізінен отандық материалдар қолданылса, балалар алаңына қажетті жабдықтар арнайы тапсырыспен көрші Ресей мемлекетінен әкелінеді», – деді құрылыс жетекшісі.

Қала тұрғыны Күлімхан Садықова шаһарымыздың көркеюі мен көпқабатты тұрғын үй аулаларының абаттандырылуына дән риза.

«Мен осы жерде тұрғаныма 40 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде біз мұндай бір де бір ауланың реттеліп, жөнделгенін көргеніміз жоқ. Соңғы кездері қаламыз дамып, облыс және қала әкімдері ауқымды жұмыстар жасап жатыр. Енді, міне, аулаларды ретке келтіріп, есіктің алдына шықса, балалар ойнайтын және оларға қарайтын, үлкендер демалатын жақсы алаңдар салып жатыр. Сол үшін біз басшыларға, бұларды салып жатқан құрылысшыларға ризамыз. Қазір жұмысшылар алаңдарды тез әрі көңілдегідей етіп салып жатыр», дейді ол.

Мұндай жұмыстарды бірнеше жылдан бері сапалы әрі уақытылы атқарып келе жатқан мердігер мекеме өкілі Алла қаласа бұл алаңдар жыл соңына дейін толық жөнделіп қолданысқа берілетінін жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK