Қазақтың ұлттық рухын аспандатып, қаншама тарихтан бергі ажырамас серігіне айналған әйгілі аспабы – домбыра. Оның қос ішегінен төгілген әсем сазды әуен  ұлт мәдениетінің мәйегі, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпының асыл айғағы. Сондықтан да көненің көзі, саз сарынды даналардың сырлы сөзі болып бізге жеткен қасиетті аспаптың қашанда орны бөлек. Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілген болатын. Атадан  қалған баға жетпес мұраны қадір тұтып, ұлт құндылықтарын ұлықтау әрбір азаматтың басты парызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев домбыра күні – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен  бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына  арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі  дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді.  Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деп баса дәріптеген болатын. Ал, бүгінде осы бір киелі аспаптың тілін тауып, күй құдіреті арқылы ғасырдың сырын ғасырға жалғап жүрген өнер иелерінің еңбегі зор. Солардың бірі – Қазақстанның халық күйшісі, күйшілер одағының және авторлар қоғамының мүшесі, белгілі композитор, күй өнерін зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы. Ол 1962 жылдың 15-ші желтоқсанында Шығыс Түркістанның Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Өзі қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алса да, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу өмірге ғашық болып келеді» деген дана тұжырымына сай, қасиетті қара домбыраны жанына серік еткен жан.

Мұқаштың талмай талпынысы мен ізгі ізденістері оны арман биігіне қанат қақтырып, ақындығымен қатар шебер күйші етіп жетілдірді. «Өнерлі өрге жүзеді» деген. Өрелі өнерімен дүйім жұртты таңдандырған алтын саусақты азамат 1990 жылдардан бастап ХІХ-ХХ ғасырларда Шығыс Түркістан өңірінде жасаған қазақ күйшілерінің өмірі мен өнер жолын зерттеуді білек сыбана қолға алған. «Ел іші – өнер кеніші» демекші,  осы орайда ол жұрт жүрегінде сақталған бұрынғы өткен күйшілердің 200-ден астам күйін жинап, өзі асқан шеберлікпен орындап, таспаға түсіріп, ел арасына кеңінен таратты.  Осыдан 20 жыл бұрын тарихи отанына біржола қоныс аударған дара дарын иесі жан сарайында алтындай сақтап, елге жеткізген күйлерді «Қазақ», «Шалқар» радиолары мен отандық телеарналарда орындап, ұлан-ғайыр қазақ даласының аспанында самғатты.

Бүгінде күйші жинақтап əкелген 70-тен астам күй «Қазақ» радиосының алтын қорында сақталса, «Қазақтың 1000 күйі», «Мəңгілік сарын», «Қазақтың 500 күйі аманат», «Ұлы дала сазы» сынды отандық күй альбомдарына көптеген күйлер оның орындауында енгізілген. Мұқаш Таңғытұлы тек шертпе күйдің шебер орындаушысы ғана емес, айтулы ақын, белгілі сазгер. Оның  «Жайсаң», «Өткен күн», «Мұқаштың шалқымасы», «Ер тұтқа», «Зәмзәм» сынды 20-дан астам күйі, 50-ге жуық әсем сазды әндері жұрт жүрегінен ойып орын алған. Күйшінің өнер әлеміне қосқан осындай елеулі еңбектерін жоғары бағалаған Қазақстан парламентінің депутаттары 2009 жылдың 19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Президенттің мəдениет орталық сарайында арнайы кеш ұйымдастырған. Сол кездегі халық қалаулысы Уəлихан Қалижановтың жүргізуімен өткен «Алтайдың ар жағынан келген шертпе күйлер» атты кеште шығыстағы күй саңлақтарының небір тың туындылары орындалып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленген. Осы орайда сазгерге  ҚР Тұңғыш  Президентінің  құттықтау Алғыс хаты табыс етіледі. Міне, содан бастап күйшінің өнер кеші Алматы, Талдықорған еліміздің тағы басқа да қалаларында өтіп, жұрт көңілінен шыққан. Қазір сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі  Алатау баурайындағы әсем шаһарда тұрады. Күйші өнер саласына сіңірген елеулі еңбектерінің арқасында Алматы қаласында өткен жылдың желтоқсан айында ұйымдастырылған бір шарада республикалық Халық күйшісі атағын еншілесе,. жақында өнер сүйер қауым оның  60 жасқа толуына орай тағы бір әсем сазды кешінің куәсі болды.

Сазгер бүгінде «Шығыс шертпесі» атты ансамблге жетекшілік етіп келеді. 11 адамнан құралған бұл өнер тобы Алтай, Тарбағатай күйшілік мектебін көпшілікке таныстырып кеңінен насихаттауда. Топ құрамында жас шеберлер мен кәсіби күйшілер  бар.

– «Домбыра – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мұрасы. Барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, ұмыт болған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып жатқан бүгінгі күнде ел үшін еңбек ету әрбір жанның азаматтық борышы. Ал, өнер – мәңгілік. Шет шекарасы жоқ өнерді құрметтеп, өмірден өткен өнер дүлдүлдерінің әуезді әні мен тәтті күйін қатпары қазынаға толы тарих парағына жазып қалдыру елін, жерін сүйген ұлтжанды азаматтардың көкейтесті арманы. Сондықтан да ұлт құндылықтарын ұлықтап, кейінгілерге үлгі-өнеге сыйлау басты парыз»,– дейді он саусағынан өнер тамған күй шебері  Мұқаш Таңғытұлы.

                                                                                                     Айдын КӘЛІМХАН.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK