Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында самбо күресінен жастар мен жасөспірімдер және ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Алматы облысының спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль иеленген.

Бапкерлердің айтуынша спортшылар өткен жылмен салыстырғанда биыл ерекше жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Осыған орай облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев чемпиондарды құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

«Биылғы Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Бірақ жаңа салмаққа ауысқандықтан бұл турнир маған сәл қиындық туғызды. Дегенмен, намысқа тырысып, жеңіске деген жігерімнің арқасында биыл да чемпион атандым. Бізге әрдайым қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына, спорт басқарамасына зор ризашылығымды білдіремін», — дейді Азия біріншілігінің 7 дүркін чемпионы Ділдаш Құрышбаева.

Айта кетейік, Ташкентте өткен додаға 10 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысыпты. Ал, Жетісу өңірінен бұл сайысқа 11 спортшы барған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK