Жақында Нұртас Оңдасынов атындағы сыйлықтың лауреаты, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері, ақын Әсел Оспанның «Үмітімнің Үркері» атты жаңа жыр жинағы жарық көріп, оқырманға жол тартты. Кітапқа автордың соңғы жылдары сүбелі сөз, орамды оймен жазылған жауһар жырлары енгізілген. Әр өлеңі оқырман жүрегінен ойып орын алатын  сыршыл сезім иесінің шығыс шайырлары үлгісіндегі терең тебіреністері де көпке шалқар шабыт сыйлары анық. Біз ақынға шығармашылық табыс тілеп, бірқатар өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Үмітімнің  Үркері

Бақыт шамы білтелі,

Жарқыраса нұр тегі.

Сәуле шашса жолыма,

Үмітімнің Үркері.

 

Түн белдеуі таңға асқан,

Ақиқатың — Алдаспан.

Өмір зулап  барады,

Ақ — қарасы алмасқан.

 

Түн түрілсе таң күлген,

Қауышамын халқыммен.

Жақұт іздеп жарықтан,

Бақыт іздеп әр күннен.

 

Баспай таныс ізді мен,

Көңіл кейде күз — күрең.

Үмітімді  аялап,

Үркер көрсем үздігем.

 

Жайлауыма жаз қонар,

Сезімдерім сазға орар.

Мөлдіресе жанарым,

Өлеңімдей назданар.

 

Жүректегі жыр керім,

Жанның жасын іркемін.

Сіз де көрсе деп едім,

ҮМІТІМНІҢ  ҮРКЕРІН!

  Ақбөкен                                                                                                                                                                                                                                                                                                  Жұмыр жер — тіршіліктің бақ мекені,

Жалғаннан жарқ еткізер шақ та өтеді.

Жанарына тұндырған тұнық ғалам,

Торғай,

Ырғыз,

Бетбақтың ақбөкені.

 

Көңілімнің құбылған күйін бағам,

Дүбірлетсе дүбірлі дүйім ғалам.

Ақбөкені,

киігі,

құралайы,

Сахара асып, Арқадан құйындаған.

 

…Тұнған дүбір…

тербетті ащы мұңды,

Боз даланың сорына жас сіңірді.

Сағымменен жарысқан сайғақ- ғұмыр,

Бірге әкетіп барады жастығымды.

 

Ой- қырыңда желетін бар асылы,

Зерлі әлемді сыйдырған қарашығы.

Құралайдың жанары жарқ етеді,

Қанық оған туғалы дала сыры.

 

Дүрсілдейді жұмыр жер тұяғымен,

Көңілімді жыр шаяр күй- ағынмен.

«Ақбөкені ақынның, армысың!» де,

Кезетұғын жаһанды  қиялымен.

 

Болу керек мейірім тірлікте шын,

Жәудір көз жанарларды үркітпесін.

Адамдық құн- арменен өлшенеді,

Кеудесін оқпен тесіп сүргітпесін.

 

Шомылатын туғалы кіл арайға,

Оны көрсем тұмалар тұнар ойда.

Сұлулықтың мәңгілік сыңарындай,

Қарайлай жүр, қарағым, құралайға!

 Сол бір күз…

Жылдардың болады көп күттірері,

Түстігіне құстардың ұшты легі.

Жапырағын кей ағаш әлі үзбеген,

Сол бір күз…

неге екенін, жып — жылы еді.

 

Жүрек үшін болмаған жаза  жеңіл,

Жүрек үшін қымбатты, бәрі де ыстық.

Көз алдымда жылыстап барады өмір,

Қалқасында қанша жыл сағыныстық.

 

Сол бір күз…

аяулы еді, баққа ораған,

Жауратып, құлазытқан шақтан аман.

Жастығын ілестіріп сонау жылдан,

Үмітіме үмітін жаққан адам.

 

Білмеймін, тағдыр не  дер ендігісі,

Жүректің жетер ме оған еркі, күші?

Ақылға тоқтау салса  арғымақ  күн,

Сезімнің қалай болар кең тынысы?

 

Сол бір күз…

тағдыр еді…

күндері алаң,

От кешкен жалынымен іздер адам.

Жылдардың адастырып жылғасында,

Жолықтық тәтті үмітпен біздер  аман.

 

Өңім емес,

бұл көрген түс секілді,

Көктемге емес, сыйлаған күзге гүлді.

Мөлдір шықтай жылғаға тамып түскен,

Сол бір күз…

жып — жылы еді сіз секілді…

                          ***

«Мұң  тұманы торлап байғұс көңілді,

Ұстай алмай, жасын төгіп барады.

Кім хал сұрап, тыңдады екен сөзімді,

Кеудемдегі асыл сөніп  барады».

                        Мақтымқұлы Пырағы

 

Талай жақсы пешенеме бұйырмай,

Асылын да қимай кетіп  барады.

Арғымағы шауып өтіп, құйындай,

Үшбу  дүние  қарғып өтіп барады.

 

Көпіршітіп күпті  көңіл  күдігі,

Сабырыма сынап, у боп тарады.

Пендешілік, итшіл- өмір  сүлігі,

Алты  қарыс азу батып барады.

 

Кеудедегі шыбын жанды піскілеп,

Тарпаң тағдыр жаншып- езіп барады.

Еркегі- ез, босаңсыған күш- білек,

Рухы оянбай, қалғып кетіп барады.

 

«Сөз» босамай шідерінен тұсаулы,

Қызыл тілден қан сорғалап барады.

Реңсіз күндер, бояуы жоқ жұтаулы,

Қайыршысы  қап арқалап барады.

 

Торда сайрап, булығады бұлбұлы,

Көмейінің  мұң- зары үдеп барады.

Ашылмайтын көңілдердің  түндігі,

Жыртығынан жарық іздеп барады.

 

Дарынсыздар оранып ап бүлдеге,

Сүйегіне таңба соғып барады.

Дүние қуған, тірі өлік- мүрделер,

Бірін- бірі  тістелейді, қабады.

 

Тойымсыз құл,

аран ауыз,

лас кеуде,

Әзәзілдің  кейпіне еніп барады.

Сұр жыландай арбатылып пәк тәнге,

Сайтанның  да  еркі кетіп барады.

 

Сорғалаған көздің  жасы тиылмай,

Шерін жұтып, шерлі кетіп барады.

Ошағының  оты өшсе қиын жай,

Жүректердің нұры сөніп барады.

 

Күйбеңіне еніп кеттік тірліктің,

Тілім- тілім, қырық жамау- сыр бүктім.

Мақтымқұлы жанарында іркілген,

Көңіл жасын мен де талай сүртіппін…

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK