Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30, Талдықорғанның облыс орталығы атанғанына 20 жыл толып отыр. Әсем  Талдықорғанның  халқы  қазіргі күні  оның өсу жолдарына куә болуда.  Күннен-күнге  көркіне көрік қосып,  тотыдайын таранған   шаһардың сәніне мұндағы құрылыстар   ажарландыра түсуде.  Қала  тұрғыны атанғанына биыл 55 жылға аяқ басқан Айтмолда Сүгіров  атамыздың жүрісі қашанда ширақ, апта сайын  редакциямызғ бас сұғып келіп тұрады.  Айтмолда ата мен Бикен апа мәуелі бәйтеректей үш баласынан оншақты немере сүйіп,  өрбіп-өскен отбасы. Ендеше, осы қаланың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, бір адамдай еңбек еткен, бүгінде сексеннің бел ортасына келген Айтмолда атамызға  жолығып, әңгімелескен едік.

-Сіз үшін ыстық өлкеге айналған жер қандай? Туып-өскен ортаңыз жайлы айтсаңыз.

— «Әркімнің туған жері – пейіштің төрі»-демекші, Жетісудің қос арнасы Ақсу мен Лепсі өзендерінің Балқаш көліне құяр сағасына қоныс тепкен іргелі ауыл  Шұбартүбектің суына шомылып, топырағына аунап, еңбекпен есейдім. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, бұл өңір балық шаруашылығымен айналысыпты. Ашаршылықтың қиын шағында 1937 жылы дүниеге келіппін. Айт мерекесі тұсында туғандықтан ауыл молдасы Имекеңнің ұйғарыммен Айтмолда деп қойыпты. Отан соғысының ауыртпалығы халыққа ауыр тиді. Азаматтардың бәрі майданға аттанды. Елде қалған  кәрілер мен әйелдерге  буыны қатпаған балалар көмектесті. Бізде балалық деген болмады. Бес жасымнан белім қайыса жүріп, шаруашылық жұмыстарына араластым. Мектепке өзім талпынып барып жүріп бітірдім. Сөйтіп, ауыл мектебін тәмамдап, Балқаш қаласындағы техникалық училищеге түстім. Слесарь мамандығын алып, Үлгі  орта мектебіне келіп, еңбек сабағынан мұғалім боп қызмет жасадым. Жас маман ретінде  білікті жандардан көп нәрсені үйрендім. Олардың қатарында Садырбай Долаев, Татьяна Ибатуллина, Бекентай Мәмілеев, Өмірәлі Байтөлеуов, Секербек Жаналин сынды ұстаздардан  үйренген үлгі-өнегем көп болды. Қазір Талдықорған қаласында сол ұстаз тәлімгерлердің балалары  Самғат Долаев Абай атындағы мектептің, Салима Мәмілеева дарынды балаларға арналған №20 лицейдің директорлары болып істейді.

—  Кешегі  өткен күндер  тарих көшіндей,  алға жылжиды.  Сіз  үшін Талдықорған қаласының  алар орны қандай?

-Таратылып кеткен Талдықорған облысы 1967 жылдың  соңына таман  қайта құрылғаны  белгілі. Сол тұста  еңбекте  ысылып, қандай жұмыс жасасам да, жігерімді жанитын шаққа  келдім.  Ол кезде кеңес уақыты   құрылыс салу  жұмыстары қарқынды қолға алынып жатқан шақ. «ТалдыкорганПромстрои Трест» мекемесіне екі жылдық келісімшартпен  орналастым. Осылайша сол кездерде құрылысы қолға алынған бірнеше объектілерді салуға  атсалыстым. Мәселен, Талдықорған қонақ үйі,   аккумлятор зауыты, почта ғимараттары  салынып жатқан  тұс еді.  Құрылыстың  қыр-сырын осы жерде үйрендім. Сондай-ақ, Фурманов- Абай көшелері   бойындағы  тұрғын үйдің кірпішін қаласып,облыс тұрғындарына сыйға тарттық.

Өзіме берілген тапсырмаларды тиянақты атқардым. Басқалары 100 сом алғанда мен одан көп ақша алған кезім болды.

 Қалалық байланыс саласында жұмысын жасап, жедел хаттарды иелеріне жеткізіп беру міндетін атқардым.   Есімде, біздің  қала өте шағын еді.  Орталықтан велиседпен қала шетіндегі шағын аудандарға он минутта жетіп алатынбыз. 1972 жылдары   5-шағын ауданда көпқабатты бір үй ғана бар еді. Сол үйдің тұрғындарынан «бізге почта жәшіктерін орнатып беріңдер» деген  өтініш түскені есімде. Сонда тұрғындар тілегі  қараусыз қалған жоқ. Сол жерге апарып, әр пәтер иесі  хат-хабар, газет-журналын алып  тұратындай жағдай жасадық. Ол кезде қазіргідей емес,  жұртшылық газет-журналдарды почта арқылы жаздыртып оқитын. Техникалық шеберханада табан аудармай ширек ғасыр  жұмыс жасадым. Зейнеткерлікке шықтым. Еңбегім елеусіз қалған жоқ. Қолыма пәтер кілтін алып, отбасыммен қуанышқа бөлендім. Сол үйде Бикен апаң екеуіміз балаларды өсіріп, бүгінде немерелер қызығын көріп отырған жайымыз бар.

— Өзіңіз еңбекпен көркейіп, балаларыңызды өсіріп-жеткіздіңіз. Талдықорған қаласының байырғы тұрғыны ретінде қазіргі қаламыздың келбетіне қандай баға берер едіңіз?

— Мен  еңбектің арқасында құрметке де бөлендім. Құрылысшылар күнінде облыстық әкімдікте өткен жиынға шақырылып, сый-құрмет көрсетіп тұрады. Тыл ардагері ретінде Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталдым.  Мен  зейнеткерлікке шыққан соң да,қол қусырып қарап отырған емеспін, қала өміріндегі  қоғамдық жұмыстардың бәріне атсалысып келемін.    Ардагер ұйымының жұмыстарына белсенді қатысамын. Тоғызқұмалақ ойынын терең  меңгеріп,бәсекелі жарыстарда жүлделі болдым.Пәтер иелері кооперативі комитетінің мүшесі болып сайланып, тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасадым. «Жетісу» футбол клубының жанкүйерімін, ойындарын жібермей тамашалаймын. Қалалық кітапхананың байырғы оқырманы.Тіпті кітап оқырмандарының  арасында үздік атандым. Сондай-ақ, облыстық, қалалық газеттердің де тұрақты оқырманымын,  жаңалықтарды қалт жібермей  оқып тұрамын.  Талдықорған Алматы облысының орталығы болған 20 жылдың ішінде өсіп-өркендеді. Бүгінде халқының саны да өсті. Немерелеріміз Оқушылар сарайындағы үйірмелерге тегін барады. Оның қасында жастардың жұмыс жасуына мүмкіндік тудыратын тағы бір орталық бар.  Жаңа театрымыз халыққа қызмет көрсетуде.  Қаншама жаңа мектептер мен балабақшалардың бой көтеруі, спорттық сарайдың салынуы көңілімізге қуаныш ұялатады. Жыл сайын тұрғын үйлер салынып, кілті табысталады. Оның бәрі ерен еңбектің арқасы. Сәнді де әсем қаламыз өсіп-өркендей берсін. Талдықорғанның  халқы  көбейіп,  таза да әсем шаһарымыз  гүлдене берсін!

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK