Оқушылардың  жазғы демалысы қалай өтеді,  сауықтыру шараларымен қамтылады ма? Еліміз бойынша  биыл бірінші және оныншы сынып аралағындағы 3 миллион 317 мың оқушысы жазғы каникулға шықты.

Жалпы деректерге сүйенсек, 13 мың сауықтыру алаңдары, 235 қала сыртындағы лагерьлер балаларды маусымдық қабылдауға әзір. Санитарлық нормаларды сақтай отырып екі миллионнан астам баланы немесе оқушылардың жалпы санының 87,7 пайызын сауықтыру көзделген. Оның ішінде бес жүз мыңы әлеуметтік осал топқа жататын оқушылар екен.

Ал Талдықорған қаласының  жеткіншектері  өздерінің жазғы демалысын қалай өткізеді деген  заңды сауал туындайды. Бұл сауалға Талдықорған қаласы  білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының    әдіскері Ұлжанат Джакубаева жауап берді.

— Қаламыздағы  «Оқушылар сарайы» МКҚК «Балалардың жазғы күндізгі алаңы —   2021» бағдарламасын  жүзеге асыруда.  Осы Оқушылар сарайында балалар үшін жазғы күндізгі алаң  жұмыс жасайтын болады. Лагерьге жас мөлшері 5 жастан 10 жасқа дейінгі алдын-ала жазылған балалар қамтылады. Әр ауысым 10 күнді құрайды. Жұмыс уақыты  түске дейін, яғни,  9.00-13.00-ге дейін. Лагерь  барлық санитарлық талаптар ескере отырып,  жұмыстар жүргізеді.

 Жазғы күндізгі алаң 3-4 ауысымда  4 топқа  бөлініп жұмыс жасайтын болады.  Қала бойынша әр маусымда 100 баладан есептегенде, сонда 400-дей баланы қамту жоспарланып отыр-дейді маман.

Кешендік бағдарлама бойынша мұнда   тәрбиелік-сауықтыру және танымдық шаралар жоспарға сәйкес енгізіледі. Командалық-спорттық ойындар, саяхаттар, табиғат аясындағы ойындар, қызықты фильмдер көрсету, флешмобтар, түрлі тақырыпта асфальтта сурет салу байқаулары және басқа да шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, сауықтыру мақсатында бассейнге суға түсу шарасы да қарастырылған.

 «Туған жер» бағдарламасы аясында тарихи орындар,  музейлер мен археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге және галереяларға экскурсиялар ұйымдастыру қолға алынады.

 Сонымен қатар, Оқушылар сарайында үйірмелер және тілдер мектебі , бейнелеу өнері, вокал, хореография, қуыршақ театры, туризм, мектепалды даярлық, шахмат, көркем жазу жылдам оқу, қыш өнері үйірмелері өз жұмысын жалғастыратын болады.

 Балалар үшін жадыраған жаздың шуақты күндері басталды. Каникулды қызықты да мазмұнды өткізуге мүмкіндік туып тұр.

      

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK