Робототехника – баланың ойлау қабілетін арттырады

368
Дереккөз

Ғылым қарыштап дамып жатқан заманда заманауи үдерістен қалмау — бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда  робототехника – ғылым мен техниканың ең үздік бағыттарының бірі. Әлемде жетекші сала қатарындағы аталмыш жаңа технология елімізде қарқын алуда. Аймағымызда ғылыми және инновациялық әлеуетті арттыруға, тың бастаманы дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі  Дамир Нұркежанов — «Future-IT» робототехника мектебінің жетекшісі әрі негізін қалаушы. Ол — бірқатар компьютерлік бағдарламалардың авторы.  Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен  қолға алынған жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатындағы «Ел үміті» жобасының лауреаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2020» жастар сыйлығы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының иегері.

Дереккөз

Дамир Мұратұлы, жас ұрпақ  робототехника негіздерін меңгеретін, сонымен қатар тәлімгерлер арнайы тағылымдамадан өтер орталықты өңірімізде алғашқылардың бірі болып аштыңыз. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

-Бұл салаға қызығушылығым бала кезден басталды. Техникаға құмар болып өстім. Компьютерлік бағдарламаларды жасау хоббиім болатын. Математика және физикаға қатысты тапсырмаларды орындаған ұнайтын. Ең сүйікті пәнім информатика болды. Мектепті үздік тәмамдағаннан кейін, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығына грантқа оқуға түстім. Студенттік кезеңде тек білім алып қана қоймай, әртүрлі жұмыспен айналыстым. Уақыт өте келе осы бағытта өзгелерге  индивидуалды түрде үйрете бастадым. Сұраныс арта бастаған соң «Неге осындай орталық ашпасқа?» деген ой келді. Менің оқуға ғана емес, кәсіпкерлікке деген қызығушылығымды ұстаздар қауымы да байқап, осы іске келуіме себепкер болды. Университеттегі  Start-Up академиясының мүшесі атанып, бизнес-жоспар құрып, шығармашылық жұмыстармен белсене айналыстым. 2018 жылдың қараша айында Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған  «Inclusive IT – 2018» әлеуметтік жобалар конкурсының жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге көлемінде грант иелендім. Осылайша желтоқсан айында «Future-IT» робототехника мектебінің негізі қаланды. Қазіргі кезеңді робототехниканың қарыштап дамыған кезеңі деп айтуға болады. Әлем бойынша жетекші сала. Біздің негізгі миссиямыз — мемлекетімізді жедел әртараптандыру және экономикасын тұрақты дамыту үшін нақты ғылыми үлестермен қамтамасыз ету, тың идеяларды дамыту, балаларды компьютерлік машықтарға ерте жастан үйрету, елімізде еңбек етер  IT мамандар шоғырын даярлау. Ақпараттық технологияны меңгеру оларға алдағы уақытта қай салада болмасын өз ісінің кәсіби маманы болуға көмектеседі. Мысалы, қарап отырсаңыз нарықта соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар жетерлік. Алайда, онымен жұмыс жасай алатын «тілін түсінетін» мамандар тапшы. Тіпті, ерекше сайт үлгісін ұсынатын тәжірибелі бағдарламашы да жоқтың қасы. Сондықтан, біз осы олқылыққа жол бермей, өскелең ұрпақты ақпараттану саласына бейімдеуді көздейміз. «Future-IT» мектебінде алғашында білім алушылар робот құрастыру, қозғалтқышты реттеуді үйренеді. Содан кейін келесі кезеңге өтіп, тереңдетілген бағдарлама бойынша тәжірибе жинақтайды. Роботехникамен шұғылдану баланың ойлау қабілетін арттырып,  уақытты тиімді пайдалануға, онлайн ойындардан аулақ болуға бағыттайды, ұсақ қол моторикасын жаттықтырады.

 

-«Future-IT» мектебі  оқушыларының  жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

-Оқушыларымыздың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл, біз үшін асқан мәртебе. Еліміздегі індетке байланысты карантин кезінде 300-ден астам оқушыны тегін оқыттық. Біздегі білім алушылар сабақтың біткенін асыға күтпейді, керісінше, уақыттарын орталықта өткізуді жөн санайды. TechSoup, SAP, Орталық Азия Еуразия қорының демеушілігімен программалау бойынша бірнеше тегін іс-шаралар ұйымдастырдық. 2019 және 2020 жылдары Еуропаның «Meet and Code» жобасының жеңімпазы атанып, жалпы сомасы 900 евро иелендік. Өткен жылы 17 оқушымыз халықаралық «Balatech» олимпиадасының финалына өтіп, 5-орынға тұрақтады.  «KazRoboSport-2019», «VEXCode VR Challenge», «AlmatyRoboman2019» республикалық робототехника чемпионатында, «Jetysu Start-UP» инновациялық идеялар байқауында, республикалық «Зият», «Дарын», «KazRoboProject-2020»  байқауларында жүлдегер атанып, үздіктер қатарынан көрінді. Оқушыларымыз мектептерге арналған автоматтандырылған қоңырау, автоматтандырылған қоқыс жәшігі, көзі нашар көретін жандар үшін кедергілерді анықтайтын смарт-білезік сынды жобалармен айналысып, көпшілікті таңдай қақтыруда. Әр шәкіртіміздің есімін мақтанышпен айтамыз.

-Кәсіп бастауға ниетті жастарға, замандастарыңызға айтарыңыз болса…

-Алғашқы кезде қиындықтар көп болды. Бұл, жаңа сала болғандықтан, мамандар тапшылығы байқалатын. Оның барлығы өткен күннің еншісінде қалды. Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, шыңдалудамыз. Осы ретте замандастарыма айтарым, кез келген істі соңына дейін тиянақты түрде орындау, жетістікке жету үшін, ең әуелі табандылық болу керек. Қиындықтар міндетті түрде болады, соған мойымау қажет. Осындай сәттерде барлығына қолды бір сілтейтін адамнан ештеңе шықпасы анық. Менің өмірлік принципім «Бір істі қолға алғанда оны кем дегенде 10 рет жасау керек». Алғашқыларында әлбетте жүзеге аспайды, алайда, соңында діттеген межеге жетесіз. Екіншіден, жауапкершілік жүгін жете түсіне білгені абзал. Армандап, соған сәйкес нақты мақсат құрып, әрекет ету керек.

                                      2020 жылы жеткен 20 жетістік

—  Орталық Азия бойынша ең үздік 120 жас көшбасшының қатарына кіріп, «CAYLA» академиясының студенті;

— Жас көшбасшылар байқауының жеңімпазы;

—  ABC жас кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі;

— Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2020» жастар сыйлығының иегері;

— Елбол Естайұлының 1 жылдық индивидуалды сабағының қатысушысы;

— Шешендік өнер, маркетинг, креативті ойлау, программалау бойынша бірнеше курстардан тағылымдамадан өту;

— Күйсандықта ойнауды үйрену;

— Алғашқы халықаралық дебатқа қатысу;

— «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған ресми ашылу салтанатында  өлең оқу;

— «KazrRobotics» және Нұрсұлтан Назарбаев қорының Алғыс хатына ие болу;

— Көптеген керемет жандармен таныстық;

— Оқушылар жетістігі;

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша грант;

Карантин кезінде 300-ден астам оқушыны онлайн түрде тегін оқыту;

— TechSoup, SAP, Орталық Азия Еуразия қорының демеушілігімен программалау бойынша бірнеше тегін іс-шаралар ұйымдастыру;

— «Balatech Asia» программалау бойынша халықаралық олимпиадасында 17 оқушы финалға өтіп, ТОП-10 — қа кіру;

— Оқушылардың «KazRobotics» және Нұрсұлтан Назарбаев қорының Алғыс хатын алып, жобаларын әрі қарай дамытуы үшін қаржылай қолдауға ие болу;

— USAID, Еуразия қоры, «Let’s Eat», «Black Pearl», «Bazilik» демеушілігінің нәтижесінде  алғашқы робототехника бойынша «RoboSumo» турнирін өткізу;

— Еуропаның «Meet and Code» жобасының жеңімпазы атану;

«Future-IT» II-ші робототехника кабинетін ашу.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK