Бүгін Талдықорғанда ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткен тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, «Жетісу» университетінің ұжымы және жастар қатысты.

Айтулы шарада жиналған қауым ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, ақтық демі қалғанша қазақ еліне адал қызмет еткен Алаш қайраткерін және жазықсыз жапа шеккен басқа да қуғын сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айталық, өткен ғасырда сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Мұнан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазыла қойған жоқ және жазылмақ та емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ішінде Алаштың арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды бабаларымыз бар.

1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 — мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады. 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK