Талдықорғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған республикалық конференция өтті. Жиынға белгілі ғалымдар мен зерттеушілер,  жазушылар және Алаштанушылар қатысты. Шаһардағы Салтанат сарайында өткен тағылымды шараны Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, С.Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасы ұйымдастырған.

Басқосуда сөз алған фиолология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнестің айтуынша, 1925 жылы қазақ даласында кіші қазан төңкерісі жүрген. Ол қазақ халқының дінін, тілін жойып, шынайы егемендігінен айыруға бағытталды. Билікке келген  Голощекиннің жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындап, көзін жоюға ұласты. Ал, саяси қуғын-сүргін елімізде 1928 жылы басталып, алдымен Алаш арыстары тұтқындалды. Олардың барлығы ұлтшыл атанып, шеттерінен түрмеге жабылып, біразы жер аударылса, кейбіріне өлім жазасы беріліпті.

Нақты дерек көздеріне жүгінсек, 1927-1953 жылдары жалпы Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, 104 мыңға  жуық адам жер аударылып, 25 мыңдай адам ату жазасына үкім етілген. Осы тұста 953  жаза лагері болса, оның 20-дан астамы қазақ жерінде ірге тепкен. 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықтың кесірінен 2 жарым миллионға жуық қазақ қырылып, бір миллионнан астамы шет мемлекеттерге бас сауғалап кеткен. Осы жылдары еліміздегі шаруалардың мал-мүлкі тегіс тәркіленсе, соның ішінде еліміз бойынша 700,  жетісулық 96 ірі бай бар.

Сөз кезегінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлімкөз Сантаева ашаршылықтың алдында, яғни 1929 жылдары жалпы қазақ даласындағы төрт түлік мал 40 миллионнан асқанын алға тартты.

– Оның 20 миллионнан астамы қой, 10 миллонға жуығы жылқы,  7 миллиондай сиыр, тағы 3 миллионнан астамы түйе болған.  «Асыра  сілтеу болмасын,  аша тұяқ қалмасын» деген  жаппай тәркілеуден кейін небәрі бірнеше жылда елдегі мал басы 4,5 милллионға құлдыраған.  Ақыры  осы қитұрқылықтардан зардап шегіп, аш-жалаңаш  күйге  түскен жұрттың  өлгені өліп, тірі қалғандарына өз елі, өз жері пана болмай, әркім өз басын  аман сақтап  қалу үшін торғайдай тозып кеткен. Бұл бассыздықтарға төзбеген ұлт зиялылары оған қарсы тұрып, елдің тұтастығын қорғап, халқының басына төнген қауіп-қатерді сейілту үшін сұрапыл сындарға түсті»,– деді ол.

Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Жетісудан шыққан әйгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары да болған. Жалған жаламен қуғын-сүргінге ұшырап, қызыл империяның қаһарына ілініп, қас жауына айналғандарды ақтау ісі ел Тәуелсіздігінен кейін ғана қолға алына бастады. Соның өзінде тарих тасасында қалған көп шынықтардың ақиқаты әлі толық ашылған жоқ. 1997 жылы 31-мамыр ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп бекітілген.

Конференция барысында тарихи деректерді ашуға байланысты ұтымды ойлар ортаға салынып, тың ұсыныстар айтылды. «Биыл Алматы облысы әкімінің  қолдауымен «Жетісудің шерлі тарихы» атты 3 жылға арналған зерттеу жұмыстары қолға алынды. Зерттеушілер құрамында 16 ғалым бар. Міне, бұл өңірімізде өткен ұлт жанашырлары жайлы тағы да тың мағұлыматтарды анықтауға мол мүмкіндік береді»,– дейді қатысушылар.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK