Алматы облысында жылу қазандықтары кезең-кезеңімен табиғи газға көшірілуде. Биыл Талдықорған қаласында тағы екі қазандық  көгілдір отынға қосылмақ. Осыған байланысты қала әкімі Ержан Жасыбаев құрылыс алаңын аралап, атқарылып жатқан  жұмыстарды тексеріп қайтты.

Талдықорған жылу сервис мекемесінің басшысы Манархан Ақымбековтің айтуынша, қазір шаһардағы жылу сервис бөліміне қарасты  жалпы қуаттылығы сағатына 436.38 Гкал болатын 10 қазандық бар. Оның ең негізгісі «Бас қуат». Ондағы 4 пештің екеуіне  қазір күрделі жөндеу  жүргізілуде. Сондай-ақ көгілдір отынға көшетін екі қазандықтың тағы бірі – «Шығыс» шағын ауданында орналасқан №5 қазандық. Аталған екі қазандықта да қазіргі кезде құрылыс қарқын алып,  құбыр ауыстыру ісі жалғасуда.

Осының барлығын басты назарда ұстаған Талдықорған қаласының әкімі Ержан Бәкірбайұлы шаһардың қысқа дайындық барысымен өзі барып танысып, жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қадап тапсырды.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Нұрым Әлиұлы:  — «Өткен жылы  1.5 млрд. теңге қаражат бөлініп, қаладағы екі қазандық табиғи газ пайдалануға ауыстырылған болатын. Биылғы жылы 2 млрд. 200 млн. теңге қаржы қарастырылып, №2, №5 жылыту  қазандықтарын көгілдір отынға көшіру ісі қолға алынды. Жоспарға сай бұл жұмыстар қазан айының ортасында толық аяқталып, 4 бірдей қазандық  көгілдір отын арқылы жылытуды қолға алмақ. Бұл, біріншіден, ауаны ластамайды, екіншіден, арзан, әрі қолайлы», –деді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK