31 мамыр саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Оқушылар сарайының «Актерлік шеберлік» үйірмесі жеткіншектерінің қатысуымен  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал.Қыз жылаған» поэтикалық қойылымы көрсетілді.

Үйірме жетекшілері ҚР халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы шыңдаған жас әртістер тарихи қойылымда көрермендерін  бейжай қалдырмады.Қарлагтағы   тұтқындардың  ауыр тағдырын көрсеткен  актерлер шынайы жүрекпен ойнап шықты. Өткен тарихамыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елжандылыққа баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу болатын дейді шара ұйымдастырушылары.

Көрермен ретінде қатысқан   Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы, ата-аналар үйірме жетекшілеріне  шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Тарихтан сыр шерткен әсерлі қойылымды көріп, көңіліміз толқыды. Еліміздің тарихын, өткенін көз алдымызға әкелді. Тарихты білмесек, жарқын болашақты  елестету өте қиын. Сондықтан да, киелі өнерді түсіне білуге  жетелеген ұстаздарына,  Оқушылар сарайы ұжымына,  қолдау білдіріп осы үйірмеге әкеліп жүрген ата-аналарға алғысымыз шексіз. Қазақ халқының дархандығы сахнадағы бір көріністен білінді.  Айдаудағы әйелдерге  қоршау сыртынан ауыл балалары  құртты лақтырады. Басында кесек лақтырып жатыр деп ойлағандар, оның құрт екендігін аңғарады. Оны кездесуге келген  балаларына беріп, аштықтан құтқарады.  Қиын да  азапты күндер көз алдымыздан өтті.

Бүгінгі  тәуелсіз елііміздің тұғыры биік болсын. Өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болсын»,-деді Әділет Рымтаев.

  Балаларды сахна өнеріне баулып жүрген өнер майталманы Кендебай Темірбайұлының айтуынша,  Оқушылар сарайындағы актерлік шеберлік үйірмесінің ашылғанына бес жыл толыпты. Осы уақыт аралығында  әртістік жағынан шыңдалған біраз оқушы Алматыдағы  Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына мемлекеттік грантпен оқуға түсіпті. Биыл да бір түлек  сол оқу орнын таңдаған. Мерекелік түрлі қойылымдар көрермен жүрегінен  орын алып келеді екен. Алда, Семей сынақ полигонының жабылғандығына орай жазылған Бауыржан Жақыптың шығармасы желісімен қойылым әзірлеу жоспарланып отыр.

Тарихи қойылымнан  соң сахна төріне көтерілген  халық әрітісі Алмахан Кенжебекова және басқа мәдениет саласының  мамандары  да өздерінің ізгі тілегін білдірді.

 Балалар арасында  осы тарихи күнге орай ұйымдастырылған  сурет байқауының қорытындысы да шығарылып, марапаттар табысталды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK