«ҚАЗАҚСТАН  ПЕДАГОГТЕРІНІҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды.  Осы байқауға қатысқан Талдықорған қаласындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог -куратор — ұйымдастырушысы  Фариза Тұрарова «Қазақстан педагогтерінің 100 жаңа есімі» төсбелгісімен, І дәрежелі дипломымен марапатталды.

«BILIM-ÓRKENIETI»  ұлттық-инновациялық  ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен  Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталықтың қолдауымен өткен байқауға  ел аймақтарынан  шебер ұстаздар  қатысқан еді. Байқау жеңімпаздары білім беру саласында нәтижелі еңбек етуші, біліктілігін растайтын сертификаттары мен эсселері, еңбек өтілі  мен атқарған қызметі жазылған өмірбаяны, әрі еңбек нәтижелері бойынша анықталды.

Жеңімпаздардың ұстаздық жолынан жазылған эсселері  жинаққа енгізілді.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог – куратор-ұйымдастырушысы Фариза Турарова бірнеше педагогикалық байқаулырының жеңімпазы, оның ішінде «Ұлы дала ұстазы» атты республикалық конкурсында «Үздік арнау өлеңі» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом иегері, «Үздік педагог — 2020» байқауында үздік танылып, І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Фариза шығарма жазып, өлең-жырларын да жарыққа шығаруда.«Әлем сүйген қазақтың ұлы Абайы» эссесі мен өлеңі «Ұлы дала ұстазы» халықаралық журналына басылып, жарияланды.

— Менің үлкен арманым шәкірттерді тәрбиелеп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, ел болашағын ойлар білімді азамат етіп қалыптастыру. Назарбаев Зияткерлік мектебі — жетістік пен білімімді шыңдаудың жалғасы деп білемін. Үздіктер үшін дайындалған сынақтан өтіп, дарындылар жиналған мектепте оқушыларға білім берудің өзі мен үшін жетістік, — дейді Фариза Тұрарова.

Зияткерлік мектепте педагог – куратор – ұйымдастырушысы Фариза Тұрарова Тілдік ортаға ену сыныбында өзге ұлт  балаларының қазақ тілін жетік білуге баулиды.

 Білімділікпен қатар  оқушылар бойына жақсы қасиеттерді, қазақ елінің салт-дәстүрі мен тағылымды тарихын түрлі жобалар арқылы   дарытуға, жұмыс атқарып келеді.

— Егер бүгінгі бүлдіршінді халқымыздың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін еселі еңбек ететін, адалдықтың ала жібін аттамайтын атпал азамат ретінде қалыптастырсақ, онда мақсатымыздың толық жүзеге асқаны, — дейді жас маман.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK