«Мен өзім спичрайтермын, текстологпын. Осы тұрғыдан алғанда, Елбасының биылғы Жолдауы ең әлсіз жолдау болды деп айта аламын. Оның түрлі себептері бар». Талдықорғанда студент жастармен кездескен белгілі саясаттанушы Айдос Сарым биылғы жолдау туралы студент сауалына осылай деп жауап берді.

«Елбасы Жолдауы туралы сан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Сіздің пікіріңіз қандай?» деген сауалды І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Ақмарал Мəмет қойды.

«Әрине, түсінем жыл сайын таң қалдыратын Жолдау жасау қиын. Алдымен алғашқы Жолдауларда қойылған мақсаттарға жетіп алуымыз керек. Сонан кейін ғана келесі кезектегі міндеттерді орындауымыз шарт» дейді саясаттанушы. Айтуынша, мұндай маңызды құжаттар жылдың басында емес, соңында жасалғаны дұрыс. «Бұндай маңызды стратегияларды орындау үшін атқарушы билікке тиісті деңгейде дайындық керек. Яғни, жыл басына кемі 2-3 ай қалған уақытта Жолдау жасалса, келесі жылы соған сәйкес жоспар дайындалады. Сонда жұмыс нәтижелірек болады» деп атап өтті спикер.

Айта кетелік, кездесу «SMART ZHETYSU» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА Алматы облысының Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. «Рухани жаңғыру және қазақ қоғамы» тақырыбындағы шараға белгілі журналист, қоғам қайраткері Әміржан Қосанов та шақырылған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK