Бүгін Талдықорғанда соғыс ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетілді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен шаһар басшысы Ержан Жасыбаев майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. Сондай-ақ, әскери оркестр ардагерлер тұратын үйдің ауласында әуен ойнап, қарияларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Облыс әкімі бастаған топ алдымен Фрунзе көшесіндегі (25 үй) Михаил Васильевичтің үйіне бас сұқты. Ардагерге сый-сияпаттарын ұсынып, ізгі тілектерін арнады.

«Сіздерге құрметіміз қашанда жоғары. Қиын-қыстау кезеңде қайсарлық танытып, асқан ерліктің үлгісін көрсете білдіңіздер. Бүгінгі жас ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Ауырмаңыз, құдай қуат берсін. 100 жасқа толған шағыңызда кездесейік», — деді А.Баталов.

Михаил Баранов – (1923 ж) Липецк облысының тумасы. 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Чувашияға жіберілген. Сол жерде алты айлық курстан өткеннен кейін 796-атқыштар полкіне аттанады. Соғыста жүріп қолынан жарақат алған. 1943 жылы Семейдің запастағы полкіне, содан кейін Чарджоу полкіне жіберілді. Михаил Васильевич Ташкентте маркшейдерлік білім алды. Осы мамандық бойынша 1946 жылға дейін Моңғолияда геодезиялық отрядта қызмет етті. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, әскери және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Келесі кезекте өңір басшысы Сәрсенбай Қаңтарбайұлын да мерекесімен құттықтады. Ардагермен бірге отырып, әскери оркестдің өнерін тамашалады.

«Бүгінде еліміз өркендеп келеді, осының бәрі сіздердің арқаларыңыз. Болашағымыздың жарқын болуы жолындағы ерліктеріңізге тағзым етеміз. Жеңіс туының желбіреуі келешегіміздің кемел болуына кепіл болды. Бұл үшін сіздерге қарыздармыз. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты атаулы күнді өз дәрежесінде дүбірлетіп өткізу мүмкін болмай тұр. Деседе, біз қарт майдангерлерді назардан тыс қалтырмаймыз», — деді облыс әкімі.

Өз кезегінде сөз алған ардагер арнайы уақыт бөліп келген әкімге зор алғысын айтып, жиналған қауымға ақ батасын берді.

Сәрсенбай Қаңтарбайұлы – 1924 жылы Көксу ауданы, Балпық би кентінде дүниеге келген. 18 жасында әскерге шақырылды. Аягөз қаласында кіші командирлер даярлайтын алты айлық курстан өтіп, сержант дәрежесін иеленді. Түркменстанның Мары қаласындағы пулеметшілер училищесін бітіріп, автоматшылар бөлімшесінің командирі ретінде Шығыс Пруссияның Шяуляй қаласын, Литас, Латвия, Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылы екі қолынан ауыр жарақат алған. Туған жерге екінші топтағы мүгедек болып оралды. Ардагер бірінші және екінші «Отан соғысы» орденімен, басқада медальдармен марапатталған.

Айта кетейік, Алматы облысында Жеңістің 76 жылдығына орай соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 1 млн. теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілетін болады. Бүгінде аймақта 41 майдангер бар. Бұдан басқа, соғыс кезінде тылда еңбек еткен 15 санаттағы тұлғаға бір реттік көмек көрсету жоспарланған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK