Келер жылы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газетінің құрылғанына 100 жыл толады. Осыған орай қос басылым бүгінде бір ғасырлық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында дайындықтарын бастап кетті. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында аталмыш газеттің басшылары айтулы дата аясында өтетін дүбірлі шаралар жайында кеңінен әңгіме өрбітіп, жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

Жиында алғаш болып, «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Жанаділов сөз алды. Ол 1918 жылы 21 маусымда тұңғыш саны оқырманға жол тартқан ата басылымдардың данасы бүгінде 1 млрд.тан асып кеткендігін айтып өтті. Қос газеттің 100 жылдық мерейтойына орай бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылатынын тілге тиек етіп, бұл тұста облыс әкімдігінің тарапынан айтарлықтай қолдау болатындығын жеткізді. Яғни, жүз жылдыққа орай жүз шара өткізу жоспарланған. Оның ішіне түрлі спорттық жарыстар, арнайы жиындар, ақындар айтысы, фотокөрме сынды шаралар кіріп отыр. Жүз жыл ішінде атқарылған жұмыстарды топтастыру мақсатында «Ғасыр ғұмыр» атты жаңа кітаптың да тұсауы кесілмек. Сондай-ақ, Жастар спорт кешені мен баспа үйінің аралығына журналистерге арнап арнайы аллея ашылатындығы да сөз болды. Мерейтойға орай қос газеттің журналистерін баспанамен қамту мәселесі де қарастырылған.

Ал, өз кезегінде сөз алған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін аталмыш басылымның тарихынан сыр шертіп, жеткен жетістіктерін тізбектеп берді. Айтуынша, Қазан төңкерісінен кейін Верный қаласында құрылған әскери-революциялық комитет жұртшылық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жетісу ісші халық мұхбыры» газетінің алғашқы санын жарыққа шығарады. Газет алғашқыда қазақ, қырғыз және өзбек тілдерінде ақпарат таратып, халыққа қалыптасқан саяси жағдайды түсіндіріп отырған. «Қазақша тәржімалағанда «Жетісу жұмысшыларының хабаршысы» деп аталған басылым шын мәнінде халықтың құқығын қорғай білді»,— дейді Әміре Әрін. Кейіндері газет атауын «Көмек», «Ұшқын», «Бұқара», «Кедей еркі», «Тілші», «Сталин жолы» және «Коммунизм таңы» деп өзгертіп, ақпарат майданында өзіндік орнын қалыптастырады. Мәселен, газет «Тілші» атауына ие болған жылдары жаппай ұрандаудан арылып, Алаш арыстарының идеясына кеңінен орын береді.   1963 жылдың сәуірінен бастап, «Коммунизм таңы» атауы тарих қоржынына түсіп, газет «Жетісу» деген бүгінгі атына көшеді. Осы тұста басылымның айдарлары ажарланып, мақалаларының мазмұны бірден арта түседі. Газет кеңестік кезеңде жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, бүкілодақтық байқауларда әлденеше рет оза шапқан. Тәуелсіздік алған жылдары аталмыш басылымның екінші тынысы ашылып, редакцияға Баймолда Мұса, Жақыпжан Нұрғожаев, Нүсіпбай Әбдірахым басшылық еткен. Бүгінде Әміре Әрінұлы басқарып отырған ұжымда 47 қызметкер облыстың тыныс-тіршілігін насихаттап, табанды еңбек етуде.

Келесіде сөз тізгінін «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов алды. Ол орыс тілді басылымның 1918 жылдың 8 наурызынан бастап шыға бастағандығын айтып, өткен тарихқа көз жүгіртті. «Тәуелсіздік алған жылдары да газеттің дәурені жүріп тұрған. Яғни, өңірде болып жатқан түрлі оқиғалар ізін суытпай оқырмандарға жолданып отырды. Бүгінде газет жураналистері түйіткілді мәселелерді көтеріп қана қоймай оларды шешіп, халықтың ықыласына бөленуде», — дейді Атсалим Саламұлы. Айта кетейік, өз кезегінде «Огни Алатау» газеті де «Алтын жұлдыз», «Алтын самұрық» сынды үлкен марапаттарға ие болған.

Жиын соңында қос басылымның басшылары барлық жағынан қолдау білдірген облыс әкіміне ризашылықтарын айтып, артынша журналистердің қойған бірнеше сауалына жауап берді.

Данияр САҒЫНДЫҚ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK