Елімнің патриотымын

1039
Дереккөз

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев татулықты сақтауға барынша көңіл бөлді. Нәтижесінде бүгінгі таңда еліміз —  бірлік пен ынтымақтың, тыныштық пен тұрақтылықтың  айрықша үлгісі.  Халқымызда «Бірлік түбі – береке» деген ұлағатты ұғым бар.  Түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір бірнеше ұлт өкілдерін бір арнада тоғыстыра білген мемлекетіміз  бейбітшілікті нығайту жолында табысты еңбек етіп  келеді.

Суннатилла Камолиддинов, облыстық өзбек этно-мәдени орталығының мүшесі:  Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер мен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет. Мен нағашы апамның тәрбиесінде өстім. Қазақ тілін  сол кісіден үйрендім. Қазақша әңгімелер, ертегілер оқып,  әндер тыңдайтынмын.  Төлқұжатта «өзбек» деп жазылғаны болмаса,  күнделікті өмірімде қазақша сөйлеймін және қазақ тілін құрметтейтін патриоттардың бірімін. Менің ойымша, мемлекеттік тіл  тек қазақ халқының ғана  емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың  ұлтаралық ортақ тілі. Еліміздегі бірліктің сақталып тұруы Елбасы мен Мемлекет басшысының салиқалы саясатының нәтижесі. Сондай-ақ, бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының да атқарар еңбегі зор. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі халықтардың тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдықтың, өзара келеңсіз жағдайлардың  пайда болуына жол бермейтін, бір-біріне төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелеуді дәріптейтін әлемде баламасы жоқ теңдессіз институт.  Қазақстанның әрбір тұрғынына қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік деген баға жетпес құндылықтарды дәріптеп келеді.  Халық бірлігі мен қоғамдық келісім — Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей «Ынтымақтастық пен бірлік, ел тағдыры үшін жауапкершілік — бұл біздің қуатымыз бен ертеңгі күнге деген сеніміміздің қайнар көзі». Әлемде өз орнын ойып тұрып алған қазақ елінің басты құндылығы да, барлық жетістіктерінің кілті де ырысты ынтымақта жатыр деп білемін.

Тыныштық пен берекенің ұйытқысы болып отырған Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өзімнің тарапымнан азғантай болса да үлесімді қосуға мейлінше тырысамын. Қазақстан халқы Ассамблеясы және Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастыратын әрбір байқауға белсенді түрде қатысамын. Мені көрген өзге ұлт өкілдері  еркін түрде сөйлегенімді, ойымды анық жеткізе алатынымды көріп, қазақ тілін меңгеруге деген құлшыныстары артады. Ешкімді бөліп-жармай, жақынындай сыйлап жүрген қазақ халқына өзбек халқының атынан шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасын таба берсін.  Қашанда «тұғырымыз — тыныштық, тірлігіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болғай»!

Айта кетейік, Талдықорғанда 70-тен астам  ұлт өкілдері тұрады, 26 облыстық этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар бірлікті, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы  маңызды рөл атқарады. Ассамблеяның негізгі міндеті мен мақсаты – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту,  қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Ассамблея этно-мәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK