Әнші де стратег әрі аналитик болғаны абзал

1026
Дереккөз

Елбасы Н.Назарбаев «Тәуелсіздігімізді алдық, халықтың әл-ауқатын арттырдық, экономиканы, мәдениетін, денсаулығын көтердік, Астананы салдық. Бірақ, ішіндегі ең негізгі жетістік — сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық. Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны — Қазақстанның ең орасан жетістігі»-деген еді. Жастар — елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Бүгінгі жасты  «көрсең, көзің қуанады, сөзін тыңдасаң, жүрегің қуанады. Бәрінің дүниетанымы, көзқарастары бөлек». Кезінде Мағжан сенген жастар мәдениетіміз бен ғылымның дамуына, әдебиет әлеуетінің артуына үлес қосып,  түрлі салада тынбай еңбек етіп жүр. Олар өмір заңғарлары үнемі биікке шығарарын, оған жету үшін талмай іздену қажет екенін, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болу керектігін жете түсінеді. Кейіпкеріміз Жігер Арапов  адамзат әлемінің айнасына айналған мәдениет саласының өкілі.

Дереккөз

                                     

                                                       Тағдырдың тартуы    

-Алғаш мектепке барған кезімде ән-күй пәнінің мұғалімі дауысымды,  музыканы түйсікпен  ұғыну қабілетімді байқап, «дауысың жақсы», «шыңдалу керек» деп ән айтуды үйрете бастады. Жоғарғы сыныптарда бірқатар ән байқауларына қатыса бастадым. Осылайша 9-сыныпты тәмамдағаннан кейін Қ.Байсейітов атындағы саз колледжіне «Хорда дирижерлік ету» бөліміне оқуға түстім. Осында достарымызбен (Ерсұлтан Әбдірахманов, Бекзат Қажымұқанов) «Самғар» тобын құрдық. Сабағымызды оқып жүріп, тәжірибе де жинақтай түстік. Дәл осы кезең менің шығармашылығымның шыңдалуына, сахна мәдениетін үйреніп, белгілі бір белесті бағындыруыма өзіндік септігін тигізді деп айтсам қателеспеспін. Нағыз өнердің қайнаған қазанына түсіп, қызығы мен шыжығы жетерлік шоу-бизнес дейтін үлкен әлемге еніп, «әнші» статусын иемденген шақ болды.  Жеке авторлық әндер жазып, «Жетісу» телеарнасының қолдауымен бейнебаян түсірдік. Облыс аумағында шығармашылық кешімізді өткіздік. Республика сарайында өтетін концерттерге шақырту алып, өнер көрсеттік. 2011 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне «Эстрада-вокал» бөліміне ауысып, Сембек Жұмағалиевтен дәріс алдым. Осы сәтте әрқайсымыз жан-жақта болғандықтан, өкінішке орай топтың жұмысы тоқтады. Алайда, жігіттермен әлі күнге достық қарым-қатынасымыз үзілмеді, өмірде де, өнерде де бір-бірімізге қолдау білдіріп келеміз.

 

                                                 Кішігірім үзіліс болды…

Оқуды аяқтағаннан кейін өнерімде кішігірім үзіліс болды. Себебі, барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Десе де, түбегейлі өнерден алыстап кеттім дей алмаймын. 2019 жылы жеке шығармашылығыма кірісе бастадым. «Қылығыңнан айналдым» атты  әнді жарыққа шығарып, бейнебаян түсірдім. Тобымыз құрылған сәтте бағымызды жандырған  «Сүйем сені» әнін жаңа нұсқада қайта өңдеп, тыңдарманға ұсындым. Қазіргі таңда репертуарымда 10-ға жуық жеке авторлық әнім бар. Ағымдағы жылы шығармашылығымда жағымды жаңалықтар легі көп болады деп сенемін. Әрине, бұл ретте жұмыстар жасалуда. 2020 жылы қыркүйек айында ұлттық әнімізді, биіміз бен күйімізді дәріптеп жүрген «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамбліне жеке дауыстағы әнші қызметіне қабылдандым. Аталмыш өнер ұжымының мүшесі атанып, өнерімді жалғастырудамын.

                                             Музыка — математика

Қазір әнші көп. Қадыр Мырзалиевтің «Өнер адамы үшін шығармашылықта, тіршілікте, ең ақыры киім-кешекте болсын, ешкімге ұқсамау – басты міндет» дегені бар. Әр өнер адамы өзіндік «менін» қалыптастырып, көптің бірі болмай,  дараланып   тұруы қажет деп ойлаймын. Біздерді ұстаздарымыз «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт» деп үйреткен. Қазіргі таңда тыңдарманның талғамы өте жоғары. Қателікті бірден байқап, ұсынған туындыңның барлығын қабылдай бермейді. Сондықтан әнші  стратег әрі аналитик болғаны абзал.  Музыка – математика. Оның құрылысы, әнді жазу процесінен бастап, сахнаға шығу, қимыл-қозғалыс барлығын бағамдау  қажет. Заман ағымына қарай бейімделіп, халықтың қалауын сезіне білген жөн.

                                               …уақыттың еншісінде

Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келеді. Қай заманда да еліміз дәстүрін дәріптеп, рухын жоғары ұстаған.  «Өнер — ұлттың жаны». Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Ұлы даланың бір бөлшегі жер жаннаты Жетісу өлкесі  өнер қонып, бақ дарыған өңір. Шаhарымыз жыл сайын өндіріс пен бизнестің, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығына айналуда. Облыс орталығы атанған 20 жылдан бергі толағай табыстарымыз бен қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Шағын қалада жүріп-ақ шығармашылығыңды дамытуға негіз бар. Бастысы ниетің түзу болып,  үнемі ізденісте жүрсең, биік белестерді бағындыруға болады деп ойлаймын.  Өнердің ордасы атанған Алматы сынды алып шаhарға қоныс аудару немесе Талдықорғанда түбегейлі қалу сынды мәселелер  уақыттың еншісінде.

                                               Кейіпкер жайлы пікір

Бекзат Қажымұқанов: Алғаш көрген сәтте мінезі жұмсақ, достыққа адал екенін байқадым. Қолында барын аямайтын жомарттығы тағы бар.  Өзгелер «Шіркін-ай!» дейтін қасиеті жетерлік. Біздегі достық бүгінгі күні туыстық қарым-қатынас тәрізді.  Болмысы, дауысы  ерекше. Алдына қойған мақсатына жете білетін қайсар мінезі бар. Жігерді тек сахнадан көргіміз келеді. Басқа салада елестете алмаймыз. «Келісіп пішкен тон, келте болмас» демекші әнді таңдау, бейнебаян түсіру барысында үнемі ақылдасып, өзара пікір алмасамыз. Жан досымды мақтамаймын, онымен тек мақтанамын. Арман дейтін арғымақ сүріндірмей, өзі діттеген межеге жеткізсе екен деймін. «…Бір дос бар қораңнан мал шыққанша, бір дос бар кеудеңнен жан шыққанша». Біздегі осынау жұрт қызығып қарар достық  мәңгілік болады деп сенемін.

                                                  Қысқа-нұсқа                         

  • Бала Жігер кім болуды армандады?
  • Әнші.
  • Адамдардың бойынан қандай қасиетті бағалайсыз?
  • Шыншылдық, қарапайымдылық, адамгершілік.
  • Үлгі тұтар жан?
  • Әкем.
  • Әнші ең әуелі нені ескеруі қажет?
  • Әннің сөзіне көңіл бөлуі керек. Әннің ғұмырлы болуы тілекей сөзіне байланысты деп ойлаймын.
  • Жиі айтатын сөзіңіз?
  • Іске сәт! Жақсылық болсын!
  • Өмірлік ұстанымыңыз?
  • Біреудің ала жібін аттамау.
  • Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
  • Кешкілік мезгілде көлікпен қаланы аралап, тыныштықта ойланамын.
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK