Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы өткен жылы мемлекеттік сатып алудың өңірдегі бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде 166,4 млрд.теңгеге 644 сатып алу рәсімін өткізген. Бұл туралы «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мекеме басшысының орынбасары Ілияс Темірланұлы мәлімдеді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қарқынды дамып келеді. Мұндағы мақсат – біріншіден, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде мемлекеттік қаражат шығыстарын оңтайландыру, екіншіден, осы сатып алуды өткізетін мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», — деді І.Шайнусипов.

Басқарма Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылдың 29 желтоқсандағы № 1127 «Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелерін айқындау туралы» бұйрығының, сондай-ақ Алматы облысы әкімінің 2019 жылғы 10 маусымдағы № 230 «Мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы туралы» қаулысының негізінде мемлекеттік сатып алуды облыстық бірыңғай ұйымдастырушы ретінде қызмет атқарады.

Мәселен, жергілікті мекеме 2019 жылы мемлекеттік сатып алудың облыстық бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде жалпы сомасы 65 млрд.теңгеге барлығы 257 сатып алу рәсімін өткізді, оның ішінде – 62,2 млрд. теңгеге 199 жұмыс, 1,6 млрд. теңгеге 7 тауар және 1,2 млрд. теңгеге 51 қызмет көрсетуді сатып алулар. Басқарма өткізген барлық конкурстардың қорытындысы бойынша үнемделген қаражат 5,4 млрд.теңгені құрады.

Ал, 2020 жылы басқарма 644 сатып алу рәсімін өткізіп, оның ішінде – 157,6 млрд. теңгеге 481 жұмыс, 5,2 млрд. теңгеге 28 тауар сатып алу және 3,5 млрд. теңгеге 135 қызмет көрсетуді мемлекеттік сатып алу. Қаражатты үнемдеу 10,1 млрд. теңгені құрады.

Сондай-ақ, басқарма өкілі ағымдағы жылдың І тоқсанында жалпы сомасы 109,1 млрд.теңгеге 228 мемлекеттік сатып алу бойынша қорытынды шығарылып, 37,8 млрд. теңгеге 103 мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп жатқанын атап өтті.

«Барлық сатып алу рәсімдері уақытылы және Мемлекеттік сатып алу саласындағы ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Рәсімдерді сапалы және тиімді өткізу үшін мемлекеттік сатып алуды өткізуге өз өтінімдерін жіберген облыстың тапсырыс берушілерімен де жұмыс жүргізіледі, атап айтқанда барлық қажетті құжаттама пысықталады, тиісті есептеулер жүргізіледі, конкурстық құжаттама тексеріледі», — деді ол.

Сонымен қатар, басқарма өңірдің барлық тапсырыс берушілері тарапынан ашық конкурс және біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен өткізілетін барлық сатып алуларына мониторингті, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті (қазақстандық) мазмұнға мониторингті жүзеге асырады. Мұндай мониторинг өңірдің облыстық, аудандық, қалалық мекемелерінен, ұйымдарынан ақпарат жинақтау жолымен де, мемлекеттік сатып алу Веб-порталынан ақпаратты талдау жолымен де жүргізіледі.

Бұдан басқа, басқарма мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі жұмыс комиссиясының отырыстарына, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалы тарапынан жергілікті қамту мәселелері бойынша өткізілетін кеңестерге қатысады.

Әрі, басқарма қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында басқармаға келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы қарауды жүргізеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK