Жаратылысында маңдайына өмірге ұрпақ әкелу жазылғанымен, ер азаматтармен бірдей еңбекке белсене араласып, біліктілігін, іскерлігін көрсетіп келе жатқан әйелдер аз емес. Ұлы Абай атамыз да «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп адамзатқа өрелі ой тастап, өсиет қалдырды емеспе? Осынау қағидатқа сай, қолға алған ісіне жанын сала еңбектеніп, көңіл тоятын нәтижеге қол жеткізген жандардың қатарында Еңбек күніне орай «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атанған,  ел дамуына үлесін қосып жүрген кәсіпкер, «Экономика саласының үздігі» орденінің иегері, білімі мен парасаты тең  Ғайша Рахимовамен жүздесіп, ой  бөлісудің сәті түскен еді.

Ғайша Қабешқызы, қай өңір-де дүниеге келдіңіз, өмір жо-лыңыз қалай басталды, алдымен осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.

— Мен, жалпы, Солтүстік Қазақстанда туып-өстім.1973 жылы ҚазМУ-дің инженер-математик  факультетін тәмамдап, жолдамамен Талдықорған қаласына келдім. Алғашында мектепте дәріс беріп, 1982-1983 жылдары  СПТУ-2-ге ауысып, онда жан-жақтан білім іздеп келген жастарға «Есептеу техникасы» дейтін пәннен дәріс бердім. Арасында ақылы курстарды жүргіздім. Жалғыз қаржы көзі сол болды десем артық айтпаспын.

Қаржы тауып, кәсіпті дөңгелетіп әкету кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені анық. Алған біліміңізді  ізденіспен ұштастыру оңай болды ма? Кәсіпкерлік — адам бойында қандай қасиеттерді қалыптастырады?

— 2001 жылы кәсіпкерлікке ден қоя бастадым. Бұл кәсіпкерліктің елімізде енді қолға алынған кезі еді. Өте қиын болды. Көптеген  аналар отбасын асырау қамымен сауда-саттықпен айналыса бастады. Қанша ойың ұшқыр болғанымен қалтаңда қаржың жоқ болса ешнәрседен нәтиже шығара алмасың анық. Сондықтан, мен де «ЦентрКредитбанкі» арқылы алғаш рет несие алып, кәсібімді «Фантазия» атты шағын ғана  шаштараз ашудан бастадым. Кейін тағы бір қаржыландыру орталығы арқылы 5 адам бірімізге-біріміз  кепіл болып 60 пайызбен несиеге қол жеткіздік. 100 доллар алып, оған 100 долларды қосып қайтарамыз.Оны да кәсіпкерлігімді өрістетуге жұмсадым. Қарап отырсақ, біздің өміріміз американдық бизнесмен, инвестор әрі жазушы Роберт Тору Кийосакидің жүріп өткен жолына ұқсас екен. Ол өз өмірі туралы «Жарлы Әке, кедей Әке» деп аталатын бестселлер кітабында жазған ғой. Оны Алматы қаласында тұратын келінім сыйға тартқан еді. Оқып отырсақ, шынымен де солай. Айтуға оңай болғанымен көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Жауапкершілік жүгін арқалап, оған төтеп беруге үйрендік. Еңбегіміз еш кетпеді. Бүгінде орта кәсіпті дөңгелетіп келе жатқан жайымыз бар. Көкшетауда құрылыс материалын шығаратын зауыт, Талдықорғанда шағын  несие-қаржыландыру орталығы ашылды. Қоғамдық тамақтандыру жүйесі қалып-тасты. «Ұлы тау» мейрамханасы халқымызға қызмет көрсетуде. Өз жұмыс-шыларымызға арнап, көпқабатты тұрғын үй тұрғызып, пәтер беру жағын да жүзеге асырып жатырмыз. Яғни, құрылыс саласын да әбден меңгердік. Түрлі ескі немесе қираған  ғимараттарды сатып алып, қайта қалпына келтіріп, кәсіпкерлік көзіне айналдырудамыз. Өмірдің кілті — еңбекте ғой. Осындай бизнесіміз Алматы қаласында да дамып келеді.(Күліп) Қазір қаладағы барлық банкте «VIP клиентпіз». Қандай банк зейнет жасынан асқан адамға несие береді? Ал, мен аламын. Өйткені, несиеге алған қаржыны уақытында, кейде, тездетіп қайтарамыз. Ең бастысы — сенімді ақтаймыз.

Мінсіз маман» деген бағалауды қалай түсінесіз?

— Жоғарыда атап кеткен шағын және орта бизнесте 300-дей адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Барлығы өз ісінің білгірі. Әбден ысылған азаматтар. Маман таңдауда біліміне, біліктілігіне баса мән береміз. Себебі, біз ең алдымен тұтынушының сенімін, сұранысын қалыптастыруымыз керек қой. Екіншіден, адамды биікке жетелейтін — мақсат. Жұмыс беруші секілді, жұмыс  іздеп келген адам да алдына мақсат қояды. Оның да артында отбасы немесе ата-анасы бар дегендей. Сондықтан да, жұмысшыларға барынша жағдай жасап, еңбек ақысын, әлеуметтік төлемдерін дер кезінде аударып отырамыз.Салыққа қарызымыз жоқ. Қаржылық операцияларды ашық жүргіземіз. Осылайша туып-өскен жерімізге, ел дамуына өзіндік үлесімізді қосып келе жатқанымызға қуаныштымыз.  «Балаларым да демалуға әлі ерте дейді, мен демалуға асықпаймын. Қолымнан келгенше еңбек етемін»,- деп ойын түйіндеді Ғайша апай.

Келбетінен ризашылықтың шуағы шашылып тұрған жанның біліктілігі  мен дарыны сай, көргенін көкірегіне тоқып өскен ұрпағы жетіліп келеді. Тұңғышы Марат пен ортаншысы Сәуле нотариаттық қызмет атқарса,  шаңырағының иесі, сүт кенжесі Болаты өзімен бірдей кәсіпкерлікке ден қойған азамат. Ақылшысы, сенімін  ақтар серігі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі.

Бүгініне тоқмейілсіп, қол жеткен жетістігіне ғана марқайып қалған Ғайша апай жоқ. Ұлы Болатпен бірігіп, өзі туып-өскен Арқадағы шағын ауылына жыл сайын 500  мың теңге көлемінде қайырымдылық көрсетсе, талдықорғандықтарға да үнемі қолдау танытып, қаржылай, заттай көмек беріп  келеді. Мұны азаматтық борышымыз деп түсінеді.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында  күнкөріс қамымен өздерін түрлі салада сынап көріп, кәсібін бүгінге дейін дөңгелетіп келе жатқан аналардың қатарында Ырысалды Китуова да бар. Ол «АКЛ» базарында ауылшаруашылығы техникаларына қажетті қосалқы бөлшектерді саудалайды. Жаһандық дәуірдің дүбірлі көшіне ілесу мақсатында  кәсіпкерлікті дамытуға байланысты өтетін түрлі шаралардан да қалмайды. Ырысалды Китуова және жас кәсіпкер  Динара Айнабаевамен «Бизнестегі  арулар» бағдарламасын насихаттауға арналған форумда  кездестік. Аталмыш бағдарлама  әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың жолдарын түсіндіру және бәсекеге қабілеттілігін арттыруда түрлі кеңестер береді.

Ырысалды КИТУОВА, кәсіпкер:

 — Кәсіпкерлікпен айналысқаныма 20 жылдай болды. Негізгі мамандығым есепші. Адам болған соң өмір сүрудің әртүрлі жолын қарастырасың ғой. Алғашында, ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін жолдасыма  көмектестім. Кейін, балалар ержеткен соң оларды аяғы-нан тұрғызуға барымызды салдық. Енді, немерелерімізге  пайдамызды тигізіп жатырмыз. Кәсібімізден нәсібімізді теріп жүрміз. Ауылшаруашлығына қажетті техникалардың қосалқы бөлшектерін сатып келеміз. Оны Ресей, Қытайдан тапсырыспен алғызамыз. Алматыдан әкелеміз. Кәсіпкер әйелдерге арналған осындай семинар, форумдардан қалмауға тырысамын. Жаңа бастамаларды жүзеге асыруға  ұмтылдырады. Оған қоса, адамның бойында өзіне деген сенім  нығаяды.

Динара АЙНАБАЕВА,жас кәсіпкер:

— Дүниеге кішкентай нәресте әкеліп, бала тәрбиесімен үйде отырып қалдым. Бірақ, отбасыма қосымша пайда әкелер бір кәсіппен айналысудың жолын іздедім. Осылайша, бір жарым жыл бұрын косметикалық компанияға жазылдым. Алдымен өнімдерін өзім тұтынып, ұнаттым. Ақырындап, компания қызметкерлері өткізетін түрлі тренинг-семинарларға қатыса бастадым. Пайда табудың жолдарын меңгердім. Бүгінде «Көшбасшы» атағына қол жеткіздім. Мұнымен де тоқтап қалмай, әлі де талай биіктерді бағындырсам деген талап бар. Ізденуден жалыққан емеспін, өзгелерге де тынбай еңбектенсең ғана табысқа қол жеткізуге болатынын айтқым келеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:

Нәзіктігіне қарамай нардың жүгін көтерген біздің үш кейіпкеріміз де отбасын асырау арқылы қоғамға, ол арқылы, ел қуатының артуына үлестерін қосып келеді. Олардың ортақ қағидасы –дұрыс әрі тынбай еңбек ете білу. Бейнетті еңбектің жемісі – зейнеттің дәмі қашанда тәтті!

Гүлжанат НҰРШАНОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK