Қазір он екі мүшесі сау бола тұра өмірден баз кешіп, күпірлікпен күн кешіп жүрген жандарды қоғамнан оңай кездестіруге болады. Әрі, Тәңірдің берген шексіз мүмкіндігін дұрыс пайдаланбай, алтын уақытын текке өткізіп жүргендері қаншама? Шыны керек, кейде соларға қарап іштей налисың. Біз осы орайда екі аяғы арбаға таңылып қалған Сағдат Мелісұлының өмірге деген құштарлығы һәм оның спорттағы жетістігі өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен қалам тербегенді жөн көрдік.

С.Дүйсембаев – Көксу ауданының тумасы. Садақ атудан (мүгедектер арасында) Қазақстанның екі дүркін чемпионы және спорт шебері деген білдей бір атағы бар. Енді ол мұндай жетістікке қалай жетті? Оның мүгедектер арбасында отыруына не себеп? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

Сағдат 2005 жылы Павлодар қаласындағы бір зауытта тасымалдаушы болып қызмет атқарған. Тағдырдың жазуы болар сол жақта жүргенде бойына ауыр бейнетті жабыстырыпты.

«Бірде демалыс уақытын пайдаланып, Ертіс өзеніне шомылуға барғанмын. Сонда суға сүңгімек болып, жерге мойныммен құладым. Омыртқама қатты зақым тиді», — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Сағдат ота жасатқан соң Павлодарда үш ай жатып, кейіннен Талдықорғанға оралған. Өмірі күрт өзгерген ол бастапқыда қатты қиналғанын жасырмады. Мына жарық әлем, қоршаған орта, барлығы оған қызықсыз болып қалғандай көрінді. Алайда, жақындарының демеуімен кейіпкеріміз еңсесін тіктеп, өмірге деген махаббатын қайта оята білді. Тіпті, денсаулығы дұрысталған бойда, «елден қалыспайыншы» деп жұмыс жасаған күндері де болған екен.

Яғни, ол алғашқыда көлікке отырып, қала ішінде біраз такси қызметін атқарып көріпті. Уақыт өте келе бұл денсаулыққа зиян екенін түсініп, райынан қайтуға тура келген. Дегенмен, бойында жігері тасып тұрған азаматқа үйде бос жата беру ауыр тиді. Бір нәрсемен айналысқысы, аяққа жабысқан кеселді ұмытқысы келеді-ақ. Енді, қайтпек керек?

Негізі, Сағдат бұрыннан спортқа әуес еді. Әсіресе, футбол десе бар ісін кейінге шегеруге әзіртұғын. Өкініштісі сол, енді оған бұл спорттың есігі жабық. Бірақ, батыл жігіт елдерден сұрастыра келе басқа спорттан өзінің орнын таба білді.

«Садақ ату – төзімділікті, дәлдікті, қырағылықты талап етеді. Сырт көзге оңай көрінетін шығар, бірақ бұл спорттың да машақаты көп. Мәселен, біз күніне 100-150 рет оқ атамыз. Садақты тартқан сайын қолға үлкен күш түседі. Көбісі бұған шыдамайды», — дейді спортшы.

Сағдат Мелісұлының бұл салада жүргеніне биыл 5-ші жыл. Алғашқыда мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебіне келгенде оның мүмкіншілігіне сай келетін арнайы садақ жоқ болыпты. Соның салдарынан біраз уақытын жоғалтып алған екен. Дегенмен, сәті түсіп, соңғы екі жылда садақ атумен білек түре айналысып келеді. 2019 жылы спорт шеберлігіне үміткер болса, биыл спорт шебері атағын иеленіп отыр. Соңғы жетістігіне келер болсақ, бір ай бұрын ғана Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде екі алтын, бір күміс медальді еншілеген. Ол жерде спортшы садақ атудың үш түрлі ережесі бойынша шеберлігін сынапты. Мұның алдында (2019 жылы) Талғар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында бір алтын, бір күміс медаль тағып қайтқаны бар.

Сағдат қазір Чехияда өтетін әлем біріншілігіне қызу дайындалуда. Ашық аспан астында жаттығу жасап, шеберлігін барынша шыңдап жүр. Арманы – сол жерден жолдама ұтып алып, Жапонияда болатын паралимпиадалық ойындарға қатысу. Осылайша, әлемдік аренада еліміздің көк байрағын биіктен желбіреткісі келеді.

Бізге оның бапкері Айбек Бейсембаевпен де әңгімелесудің сәті түсті. Қазір ол С.Дүйсембаевтан бөлек, Қайрат Сырқұлов, Александр Рябов, Алла Гризнова сынды мүмкіндігі шектеулі жандарға да білгенін үйретіп келеді.

«Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінде жұмыс жасағаныма биыл 10 жыл болды. Бүгінде 8 спортшымен жұмыс жасап жүрмін. Олардың жетістіктері де айтарлықтай. Мәселен, наурыз айында Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл додадан садақшыларымыз 9 алтын, 4 күміс, 3 қола медальді еншілеп қайтты. Енді шілде айында Чехияда паралимпиада ойындарына іріктеу сайысы өтпек. Қазір соған дайындалып жатырмыз», — дейді А.Бейсембаев.

Ол осы байрақты бәсекеге 4 спортшыны апармақ ниетте. Оның ішінде біздің кейіпкеріміз де бар. Бапкердің сөзіне сүйенсек, Сағдат қазір бабында тұрған садақшы. Бір сөзбен айтқанда болашағынан зор үміт күтуге болады. Сәттілік серігі болсын!

Үй кезегін күтіп жүр

Әңгіме барысында Сағдат баспана мәселесін де айтып қалды. Сөзіне сенсек, Талдықорғанда үй кезегінде тұрғанына 14 жылдан асқан. Бұрын мүгедектер тізімінде 10-шы болып тұрса, қазір бұл көрсеткіш 200-дің үстінде көрінеді. Яғни, кезегі алға емес, уақыт озған сайын керісінше артқа қарай сырғып барады екен.

«Спортшы болғандықтан көп уақытымды жаттығуға арнаймын, жарыстарға барамын. Үй кезегін қуалап, әкімдікті жағалап жүретін менде уақыт жоқ. Осының бір шешімі табылса екен. Қазір жаттығу жасау үшін Көксу ауданы, Балпық би ауылынан қалаға қатынап жүрмін», — дейді ол.

Мүгедектерге арналған спорт мектебі

Қазір мұнда 700-ден астам адам паралимпиадалық, паралимпиадалық емес және сурдлимпиалық бағыты бойынша жаттығу жасайды. Мекеме басшысы Ерлан Шәкіртұлының айтуынша, мектеп алғашында (2011 жылы) Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» ретінде ашылған. Ал, 2017 жылы «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі» КММ-сі болып қайта құрылыпты.

Қазір аталған мектепте мүмкіндігі шектеулі жандар 23 спорт түрімен шұғылдануда. Мұндағы паралимпиадалық спорт түріне – жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, оқпен ату, садақ ату, шаңғы жарысы, арбамен би, пауэрлифтинг (ауыр атлетика), армрестлинг (қол күрес), отырып ойнау волейболы, голбол, таэквондо, дзюдо кіреді. Сурдлимпиалық бағытқа – футбол, шағын-футбол, шахмат, жүзу, жеңіл атлетика, грек-рим күресі, еркін күрес, бадминтон, каратэ, армрестлинг жатады және паралимпиадалық еместе – тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы 64, дойбы 100 сынды спорт түрлері бар.

«Бұл жерде паралимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрімен тiрек-қимыл қозғалысы, көз мүшесі зақымдалған спортшылар жаттығады. Ал, сурдлимпиалық түрімен құлақ мүшесі зақымдалғандар айналысады. Біз спортпен шұғылданғысы келген мүгедектердің бетін ешқашан қаққан емеспіз. Керісінше, ниет білдіргендерді мектепке қабылдауға тырысамыз. Өзіміздің дәрігерлеріміз бар, солар арнайы бекітілген ережеге сай шешім шығарады. Енді кейбір азаматтардың денсаулығы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға келіңкіре бермейді. Егер біз барлығын жаппай қабылдай берсек, бұл спорт керісінше ол адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», — дейді мектеп директоры.

Сонымен қатар, Е.Бақтыбаев мекемеде жалпы саны 72 қызметкер жұмыс жасайтынын атап өтті. Оның ішінде 52 бапкер бар. Жалпы облыс бойынша, 4 елімізге Еңбек сіңірген жаттықтырушы, 13 жоғары санатты жаттықтырушы және жоғары дәрежедегі 1-ші, 2-ші дәрежелі жаттықтырушылар қызмет атқарады. Барлығы дене тәрбиесі мамандығын игерген, өз ісінің шеберлері. Бүгінде мектептің әкімшілік қызметкерлері арнайы ғимараттың болмауына байланысты «Жастар» спорт сарайының кеңселерінде жұмыс істеп отыр.

«Мектебімізде алдымен спортқа жаңадан келген мүгедектерге ерекше көңіл бөлінеді. Біз олардың қимыл қозғалысын бақылай отырып, шеберлігін шыңдауға, қабілетін арттыруға күш саламыз. Ал, тәжірибелі спортшылар өз бағыттарын біледі», — деген Ерлан Шәкіртұлы кәсіби саңлақтарға басшылық тарапынан тек қолдау қажет екенін атап өтті.

Қолдау демекші, Қазақстан чемпионатында немесе халықаралық жарыстарда жеңімпаз болған спортшылар бір жыл көлемінде ай сайын облыс әкімі тағайындаған стипендияны алады. Егер спортшы келесі жылы тағы да сол нәтижесін қайталаса, стипендиясы жалғаса бермек. Қазір Жетісу өңірінде 43 спортшы аталмыш сыйақыны алып отыр.

Айталық, бүгінде мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінде жүрген саңлақтардың жетістіктері көңіл қуантады. Мәселен, қазір мұнда 1 – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері, 34 – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 31 – Қазақстан Республикасының спорт шебері және 93 – спорт шеберлігіне үміткер бар. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық құрамасына Алматы облысынан 154 спортшы қабылданған. Қазір барлығы алда өтетін паралимпиадалық ойындарға дайындалып жүр. Жалпы статистикаға сүйенсек, жетісулық саңлақтар нәтиже көрсету жағынан республика бойынша үздіктер қатарында.

«Спортшылар еліміздің басқа өңіріне немесе халықаралық жарыстарға барғанда жол шығыны мемлекет тарапынан төленеді. Сондай-ақ, олардың оқу-жаттығулары бекітілген келісім шарт бойынша облысымыздағы спорттық-сауықтыру кешендерінде, спорт мектептері мен стадион секілді базаларда тегін өткізіледі. Барлық жерде қауіпсіздік шарасы сақталған. Мүгедектерді жаттықтыратын қажетті құрал-жабдықтар да жеткілікті», — дейді мектеп директоры.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK